ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің мәліметінше, соңғы бір жылдың ішінде ірі қара малдың басы 1 млн-ға кеміп кеткен. Мұндай жағдай Атырау облысының аудандарында да байқалады. Алайда, цифрлық көрсеткіштерден күмән бар. Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТЫҢ пікірінше, мал басы өсімінің кеміп кетуі есептің дұрыс жүргізілмеуінен.
Бұған дейін мал басының есебін шаруа округ әкімдеріне өзі жариялайтын. Және өлген мал есепке алынбайтын. Себебін анықтау да жүрген жоқ.
Бүгінде малдың есебі сырғалау әдісі бойынша жүргізіліп, оның нәтижесі шаруалардың аузынан жазып алғаннан гөрі әлдеқайда нақты шығады.
- Аудан бойынша 2012 жылдың 1 қаңтарында ірі қара 19 063 болған еді, ал 2013 жылы сырғалау кезінде 13 875 бас болды. Бір жылдың өзінде ірі қара 5 188 басқа кеміген, - дейді Махамбет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Қайреден НАУБАЕВ.
Бүгінде республика бойынша ірі қараны сырғалау аяқталды, жыл аяғына дейін қой, ешкіні сырғалау бітпекші. Содан кейін түйе, жылқы малын сырғалау жалғасады.
ТІРІ МЕ ДЕП ЕШКІМ СҰРАМАЙДЫ
Статистиктер мал басының кемуін округ әкімдерінен, ал әкімдер шаруадан іздеуден аса алмады. Ал өткен жылғы қыстың облыстағы малшылар үшін өте қиын тиіп, малдың жаппай өлу фактілері кездескенін ешкім ашып айтпайды. Өлген малдың нақты саны да жоқ, себебі, шаруаларға тиесілі малға үкімет жауап бермейді. Сондықтан да, бәріне шөпті молынан жинап алмай, жұтты қолдан жасаған шаруалар кінәлі болып қала береді.
- Өткен жылғы қыс өте суық болды, қар қалың түсіп, жолды жауып тастады. Малшылардың өлі, тірісін, тамағы мен керек-жарағы бар-жоғын білуге ешкім қызығушылық танытқан жоқ. Сонда ауыл шаруашылығы бөлімі немен айналысып отыр? Олардың жұмысы зығырданыңды қайнатады, - дейді Индер ауданындағы «Жанбай» ШҚ басшысы Ғалымжан НҰҒЫМАНОВ.
ПУНКТТЕ ДЕ ТІРШІЛІК ЖОҚ
Тағы бір өзекті проблема – Индер, Исатай және Махамбет аудандарындағы қолдан ұрықтандыру пункттерінің жабылып қалуы. Осыдан алты жыл бұрын салынған пункттер округ әкімдігіндегілерге сенімгерлік басқаруға берілгенімен, онда қазір қымбат тұратын жабдықты күзетіп тұрған қарауылдардан басқа ешкім жоқ.
Мал басының кемуіне мал азығының қымбатшылығы да себеп болуда. Индер, Исатай, Махамбет аудандарында шабындық жер тапшы. Махамбеттік шаруалар мал жайылымының тарылып бара жатқанына алаңдаулы. Себебі, ресми тіркелген 571 шаруа қожалығының 282-і ғана жұмыс істейді. Қалғандары ешқандай шаруамен айналыспаса да, жер иелері болып қала беруде.
- Біз бос жерлерді қайтарып, жұмыс жасамайтын ШҚ таратуға жұмыстанып жатырмыз. Жағдай сәуірдің аяғына дейін нақтыланатын болады,- дейді Махамбет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА