Атырау облыстық соты медиация арқылы дау-дамайларды шешу ісінде ең белсенді мекемелердің біріне айналды. Бітістіру заңының осыдан бар болғаны бір жарым жыл бұрын күшіне енгендігі белгілі. Бірақ осы уақыт ішінде дауларды сотқа дейін шешу үйреншікті жағдайға айналды. Өз тәжірибесіндегі ең есте қалар хикая туралы кәсіби медиатор Марина МҰХТАРОВА әңгімелеп берді.
«АДАМША ӨТІНУ КЕРЕК»
Қазір көптеген істер, соның ішінде қылмыстық істерді (егер жеңіл және орташа ауырлық дәрежедегі қылмыс болса) медиаторлармен шешуді ұсынады. Қылмыскер мен оның құрбаны, кредитор мен борышкер, ажырасқан ерлі-зайыптылар, алақол сатушы мен алданған сатып алушы немесе бет шайысып қалған бастығы мен оның қарамағындағы жұмысшысы келіссөз үстеліне отырады.
– Желтоқсанда Алматы түбінде болған трагедия Атырауға да салқынын тигізді, - дейді медиатор. – Желтоқсанның аяғы - кафелер мен мейрамханалар корпоративтік кештер үшін алдын ала брондалып, ақшалары төленіп, көйлектер сатып алынған уақыт қой... Сол кезде елде әуе апатында қаза болғандарды ұлттық аза тұту күні жарияланды.
Кейбіреулер бұл жаңалыққа мән берді, біреулері басқаша қабылдады. Сол күні мейрамханада ЖШС-лердің бірінің жаңажылдық кеші өтуі тиіс еді. Бірақ Аза тұту күні туралы естігеннен кейін фирма қожайыны бас тартуды ұйғарып, ақшасын кері сұраған. Мейрамхана қожайыны азық-түліктер сатып алынды, тамақ дайындалып қойды деп, тұрақсыздық айыбы ретінде төленген соманың бір бөлігін ғана беремін деп қарсы болған. Әңгіме ірі жанжалға ұласып, бір-біріне тіл тигізіп, тараптар өштесіп, бұл мәселеге сотта нүкте қоюды ұйғарып, тарасады.
Бұл жерде әңгіме ақшада болмай шықты. ЖШС қожайыны қаза болғандардың рухына немқұрайлылықпен қарады деп қорланыпты. Ал бизнесменнің дөрекі мінезі ресторатордың намысына тиген. Сөйтіп ол осы ақшаны төлесе, жазасыз намысқа тиісуге болады деп қабылдар деп есептеген. Екеуін де түсінуге болады. Бақтарына қарай, біз бейбіт келісімге келдік: ресторатор соманы бірден бермеуге, бөліп-бөліп төлеуге келісті. Алайда оның толығымен беруге шамасы жетер еді. Ол үшін осылай ету маңызды болды. Бизнесмен қарсы болмады. Ымыраласқаннан кейін бұл проблема толықтай шешілді.
ӘЙЕЛДІ ҮНСІЗ ТЫҢДАЙ БІЛ!
Ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылардың мүліктерді бөлісуі көп дауласатын мәселелердің бірі боп табылады. Бұрынғы ерлі-зайыптылардың қасық пен шанышқыға дейін бөлісе бастайтын кездері болады. М. Мұхтарова әңгімелеген мына бір хикаяда ажырасушылар машинаны бөліске салыпты. Заң бойынша бұл мүлік неке кезінде сатып алынғандықтан, тең бөлінуі тиіс. Әйелі машинаны өзіне қалдырғысы келген күйеуінің ұсынған сомасымен келіспеді. Медиация сеансында ерлі-зайыптылар машина туралы ұмытып, бір шаңырақ астында өмір сүрген кезде бастарынан өткен ірілі-ұсақты ұрыс-керістерді естеріне түсіріп, бір-бірін жазғыруға көшкен.
– Іс тұйыққа тірелген еді, – деп еске алады заңгер. – Олар бір-бірінің сөзін бөліп, өздерінен басқа ешкімді тыңдағылары келмеді. Ер адаммен жеке сөйлесуге тура келді. «Сіз оның сөзін бөлмеңіз, оның не айтатынын жай ғана тыңдаңыз, оған қарсы мықты дәйегіңіз болса да, жақ ашпаңыз», - дедім мен оған. Әйел ұзақ сөйледі, бір сағаттан артық сөйлеген сияқты. Осы жылдар бойына ішіне жиналып қалған нәрсенің бәрін шығарып айтты. Ал содан соң жеңілденгендей күрсініп алып, бітімгерлікке қол қойды.
АТА-ӘЖЕСІН АЯУ КЕРЕК
Ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылардың бірінің сәбиіне келетін және қарым-қатынас жасайтын уақытына келісуі – бөлек мәселе.
– Мен мұндайға араласқым келмейді, - деп мойындайды медиатор. - Балаларға қатысты нәрсенің бәрі өте қиын. Бұл жерде дұрысы да, кінәлісі де жоқ. Адамдар үйленіп, сәби дүниеге келеді, бірақ бірге тұра алмайтын жағдайға жетеді. Мұндай өмірде болады ғой. Өз күйеулеріне ызаланған әйелдер баласымен көрісуге тыйым салады. Бұдан байқағаным: бұдан тек әкесі ғана емес, олардың әке-шешелері, сәбидің ата-әжелері зардап шегеді. Мұндай дауды, әдетте, реттеу өте қиын. Бейбіт келісімге қол қойылуы мүмкін, бірақ шамамен бес жылдан кейін бұрынғы ерлі-зайыптылардың қайтадан бет жыртысып, баланы араға салмасына ешкім кепілдік бере алмайды».
АНАСЫ ӨСИЕТ ЕТКЕНДЕЙ…
– Қазіргі уақытта ағайынды үш жігітке қалған мұра туралы іспен айналысудамын, - деп жалғастырады Мұхтарова. Олардың бірінен анасы өлім халінде жатқанда әкелері салған қара шаңырақты сатпауды өтінген.
– Құлап қалғанша тұра берсін, ұлым. Мен осы жерде бақытты ғұмыр кешкен едім. Бұл менің соңғы тілегім, – деген анасы о дүниеге аттанып кете барыпты. Үш жігіттің де өз баспаналары бар, бірақ қаңырап қалған қара шаңырақтан әжептәуір ақша табуға болады дегендей...
Бұл хикаяның немен аяқталатынын мен әзірге білмеймін. Бірақ бейбіт жолмен шешемін деп ойлаймын, әйтпесе не үшін медиатор болып жүрмін...
Анастасия ПАСТУХОВА