Атырау, 24 қараша 20:28
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Украинадағы соғыс: 44-күн

1 695 просмотра

Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

17:24

Украина билігі: Краматорск вокзалындағы шабуылда қаза тапқандар саны 39 адамға жетті

Краматорскідегі темір жол вокзалында құтқарушылар зымыран шабуылынан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр. Донецк облысы, Украина, 8 сәуір 2022 жыл.
Краматорскідегі темір жол вокзалында құтқарушылар зымыран шабуылынан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр. Донецк облысы, Украина, 8 сәуір 2022 жыл.


Жұма, 8 сәуір күні Украинаның Донецк облысы Краматорск қаласының вокзалына екі зымыран түсіп, кемі 39 адам қаза тапты, 87 адам жарақат алды. Бұл туралы Украина билігі мәлімдеді. Киев шабуылды Ресей күштері жасады дейді, Кремль оны жоққа шығарып отыр.

Донецк облысының губернаторы Павел Кириленконың айтуынша, шабуыл кезінде вокзалда мыңдаған бейбіт азамат болған. Жарақат алғандардың халі нашар деді ол.

"Олар үрей тудырып, қорқыныш ұялатқысы келді. Олар мейлінше көп бейбіт азаматты қамтығысы келді" деді Кириленко.

РИА ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ресей қорғаныс министрлігі вокзалға түскен зымыранды тек Украина күштері пайдаланады, Ресей Краматорскіге шабуыл жасаған жоқ деп айтқан.

Украина президенті Владимир Зеленский вокзалға түскен зымыранның "Точка-У" екенін айтқан. Мұндай зымыран Украина күштерінде де бар. Бірақ 6 наурыз күні Conflic Intelligence Team зерттеу тобы "Точка У" зымырандарын қолдануға көшкенін жазған.

17:01

Қаржы агенттігі: Қазақстан банктерінен Ресей мен Беларусьтің 12 мың азаматы есепшот ашты

Банк бөлімшесі. Көрнекі сурет.
Банк бөлімшесі. Көрнекі сурет.

2022 жылдың 24 ақпанынан бері Ресей мен Беларусьтің 12 мыңға жуық азаматы қазақстандық банктерден есепшот ашқан. Бұл жөнінде 8 сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

"2022 жылғы 24 ақпаннан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 есепшот ашылған. Оның ішінде 10 725 есепшотты ашу кезінде өтініш берушінің өзі немесе сенім білдірген өкілі болған. 1215 есепшот қашықтан рәсімделген. Нәтижесінде аталған мемлекеттердің Қазақстан банктерінде есепшоты бар азаматтар 162 мыңға жетті" деп жазылған агенттік хабарламасында.

Ведомство ақпанның соңынан бері жеті ресейлік компанияға есепшот ашылғанын, қазақстандық банктерде барлығы 805 ресейлік ұйымның есепшоты барын алға тартады.

Агенттіктің мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде шетел азаматтары мен компанияларына банк есепшотын ашу мен жүргізу тәртібі "қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң нормалары, сонымен бірге Ұлттық банк пен Агенттіктің реттеу талаптарымен реттелген". Оған сәйкес есепшот ашуға өтінішті офлайн режимінде, онлайн да беруге болады.

Ресей басқыншылығына байланысты Мәскеуге салынған санкцияның салдарынан Visa, MasterCard және өзге де халықаралық төлем жүйелерін қолдану мүмкіндігінен айырылған Ресей азаматтарының көрші елдерден, оның ішінде Қазақстан банктерінен жаппай есепшот аша бастағаны жөнінде ақпарат тараған.

Сәуір айының басында Forbes.kz сайты Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктерге халықаралық санкцияға ілінген азаматтарға төлем карталарын рәсімдеудің қаупі жөнінде ескерткенін жазған. Ақпаратқа қарағанда, Ұлттық банк Қазақстан азаматы емес адамдарға карта рәсімдемес бұрын мәселені халықаралық төлем жүйелерінің өкілдерімен талқылап алу қажеттігін алға тартқан. Кейін Ұлттық банк ескерткенін растап, алайда ешқандай шектеу қоймағанын айтқан.


14:41

Еуроодақ Ресей көмірінен бас тарту жөнінде келісімге келді

Бейсенбі, 7 сәуір күні Еуроодақ елдері Ресейге қарсы санкцияларының бесінше топтамасын мақұлдады. Оның ішінде Ресей көмірінен бас тарту жөнінде келісім де бар.

Бұл шешім Ресей әскері Киев түбіндегі қалаларда бейбіт азаматтарды жаппай өлтірді деген айып тағылған тұста қабылданып отыр.

Санкциялар топтамасын Еуроодаққа мүше елдердің тұрақты өкілдері комитеті мақұлдады. Бұл туралы қазір басшылығында Франция тұрған Еуроодақ кеңесі хабарлады.

"Бұл едәуір топтама Ресейге қарсы санкцияларды жаңа салаларды қамтитындай деңгейге жеткізді. Атап айтқанда, санкциялар олигархтарды, Ресей пропагандасының өкілдерін, қауіпсіздік және қорғаныс мекемелерінің, сондай-ақ Ресейдің Украинадағы агрессиясына қатысы бар деген өнеркәсіп және технология секторы қызметкерлерін нысанаға алады" деді Еуроодақ кеңесі.

Жаңа санкциялар топтамасы аясында Ресейдегі бірқатар банктің активтері бұғатталады және Ресейге жоғары технология тауарларын экспорттауға тыйым салынады және Ресей кемелері Еуроодақ порттарына тоқтай алмайтындай етеді.

Санкциялар топтамасына Ресей көміріне салынған эмбарго да кіреді. Ресей осыған дейін жыл сайын 4 миллиард доллардың көмірін Еуроодаққа экспорттап келген.

Еуроодақ ішіндегі көптеген ел Ресей энергетика көздеріне аса тәуелді. Сол себепті одақ осыған дейін Ресей энергетикасына санкция салу мәселесінде келісімге келе алмаған.

Reuters агенттігінің жазуынша, бастапқыда Еуроодақ комиссиясы Ресей көмірінен 90 күн ішінде бас тартуды ұсынған, бірақ қазіргі келісім бойынша бұл мерзім тағы 30 күнге ұзарған. Яғни Еуроодақ Ресей көмірінен тамыздың ортасында толық бас тартады. Оған дейін энергетика мәселесінде Мәскеуге тәуелді елдер балама жолдарды табуы қажет.

Жаңа санкциялар Еуроодақтың ресми журналында жарияланғаннан кейін күшіне енеді. Санкциялар журналды жұма, 8 сәуір күні жарияланады деп күтіліп отыр.

14:09

ДДСҰ Украинада денсаулық сақтау объектілеріне жасалған 103 шабуылды тіркеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресей Украинаға басып кіргелі денсаулық сақтау объектілеріне жасалған 103 шабуылды тіркеді. Оның 89-ы ауруханаларға тиген, 13-і шабуыл жедел жәрдем көліктеріне тиген.

"Денсаулық сақтау объектілеріне шабуылдың жалғасып отырғанына ашулымыз. Денсаулық сақтау объектілеріне шабуылдау – халықаралық гуманитарлық заңды бұзу" деді ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.

ДДСҰ-ның Украинадағы өкілі Ярно Хабихт қақтығыс аймақтарында 1000 денсаулық сақтау мекемесі барын айтты.

"Денсаулық сақтау саласының бүкіл елдегі қызметкерлері өмірін қатерге тігіп медициналық қызметке мұқтаж адамдарға қызмет етіп жатыр, сол үшін олар және олардың науқастары ешқашан нысанаға алынбауы тиіс" деді Хабихт.

13:30

Еуроодақ басшылары Киевке жол тартты

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропарламент төрағасы Жозеп Боррель Киевке бара жатры. Бұл туралы екеуі де Twitter желісінде хабарлады.

Looking forward to Kyiv.@JosepBorrellF @eduardheger pic.twitter.com/YFAgGr5Tlc
— Ursula von der Leyen (@vonderleyen) April 8, 2022
На шляху до Києва! Going to Kyiv. #StandWithUkraine @vonderleyen @eduardheger pic.twitter.com/Lw8UaQUZgB
— Josep Borrell Fontelles (@JosepBorrellF) April 8, 2022

13:04

Жапония да Ресей дипломаттарының бір бөлігін қайтармақ

Бұл туралы үкімет жоспарымен таныс дереккөзіне сілтей отырып жапон басылымы Kyodo News хабарлады.

АҚШ пен Еуропаның бірқатар елі тыңшылық жасаған болуы мүмкін деп Ресей дипломаттарының біршама бөлігін еліне қайтарды.

Жапонияның бұл қадамы Мәскеу тарапынан қарымта шешімнің қабылдануына әкелуі мүмкін, сол себепті үкімет кімді қайтаратынын мұқият зерделеп отыр дейді басылым дереккөзіне сілтеп.

Ресейге қарсы санкцияларда үнсіз қалуға тырысып бағатын Жапония Ресей Украинаға басып кіргелі Мәскеуге қарсы шараларды қолдап келеді.


01:04

Нобель сыйлығының иегері Дмитрий Муратовқа шабуыл жасалды

Шабуылға ұшыраған Дмитрий Муратов.
Шабуылға ұшыраған Дмитрий Муратов.

Мәскеу-Самара пойызында Нобель сыйлығының иегері, "Новая газета" басылымының бас редакторы Дмитрий Муратовқа ацетон араласқан майлы бояу шашып кетті. Бұл туралы ол "Новая газета.Еуропа" басылымына айтты.

Оқиғаның қай жерде болғаны нақтыланбады. Кешкі 08:10 уақытында Қазандағы вокзалдан "Жигули" пойызы жүрген. Шамасы ол сол пойызда болған. "Новая газета.Еуропа" басылымында пойыздың тоқтатылғаны айтылады. Муратовтың сөзінше, шабуылдаған адам "Муратов, мә саған біздің жігіттер үшін" деп айтқан.

Муратов 2021 жылғы қазанда филиппин журналисі Мария Рессамен бірге Нобель бейбітшілік сыйлығын алған. Журналистерге бұл сыйлық "демократия мен бейбітшіліктің шарты саналатын пікір еркіндігін қорғауға деген талпынысы" үшін берілді. Наурыздың соңында Муратов өзіне берілген Нобель медалін аукционға қойып, түскен ақшаны украин босқындарына аударатынын айтқан. Ол тараптарды атысты тоқтатып, тұтқын алмасып, қаза тапқандардың мәйітін қайтаруға, гуманитарлық дәліз ашуға шақырған.

Осының алдында "Новая газета" басылымы жұмысын "Украина аумағындағы арнайы операция тоқтағанша" тоқтата тұратынын мәлімдеген. Оған дейін басылым Роскомнадзордан екінші рет ескерту алған. Содан кейін билік газеттің лицензиясын тартып алуы мүмкін еді.

Ақпан соңында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін "Новая газета" Кремльге бағынышты емес бұқаралық ақпарат құралдары ішінде Ресейде қалып, бұғаттаудан аман қалып келген санаулы басылымның бірі еді. Басылым билік талабына көніп, "соғыс" сөзінің орнына "арнайы операция" сөзін қолданып келді. Бірақ газет Украинадағы жағдай туралы жазбады.


23:237.4.2022

БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейді Адам құқығы жөніндегі кеңестен шығарды

БҰҰ Бас ассамблеясы. Экранда Ресейді Адам құқығы кеңесінен шығару қарары бойынша дауыс берген елдердің тізімі. 7 сәуір 2022 жыл.
БҰҰ Бас ассамблеясы. Экранда Ресейді Адам құқығы кеңесінен шығару қарары бойынша дауыс берген елдердің тізімі. 7 сәуір 2022 жыл.

БҰҰ Бас ассамблеясы Украинадағы соғысы үшін Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығарып тастады.

Дауысқа шығарылған қарарда Ресей әскерінің Украина аумағында адам құқығын өрескел бұзғаны айтылады.

Ресейді кеңестен алып тастауды 93 ел қолдаған, 24 ел қарсы шыққан. Қарсы дауыс бергендер ішінде Қытай мен Қазақстан бар. Үндістан бастаған 58 ел қалыс қалған. Қарарды қабылдау үшін 193 елдің қалыс қалғандарынан бөлек үштен екісі қолдап дауыс беруі керек еді. Reuters агенттігінің жазуынша, Ресей қарарды қолдап дауыс беруді достыққа жат қадам деп қарайтынын мәлімдеген.

Мәскеу Украинадағы бейбіт азаматтарға қарсы агрессиясын мойындамай келеді.

Мемлекетті Адам құқығы кеңесінен шығарып тастау сирек кездеседі. Соңы рет мұндай жағдай 2011 жылы болған. Ол кезде кеңестен Ливияны шығарған. Ол елдің басшысы Муаммар Каддафи үкіметке қарсы митинг қатысушыларына зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған.

Енді Ресей кеңес отырыстарында сөз сөйлеп, дауыс бере алмайды, бірақ оның дипломаттары кеңестегі дебаттарға қатыса алады. Reuters дереккөздерінің айтуынша, Ресей бұдан былай БҰҰ кеңесіне сенімді тұлғалары арқылы ықпал етуге көшеді.

БҰҰ Адам құқығы кеңесінің мүшелері үш жылға сайланады. Ресей мен Украина Шығыс Еуропа елдері арасынан 2021-2023 жылдар аралығына сайланған.

Киев түбіндегі Буча қаласы сәуірдің басында Ресей әскерінен азат болып, қалада ондаған бейбіт азаматтың өлтірілгені мәлім болды. Мәйіттер арасында қолы артқа қайырыла байланғандар да болды. Қалада бауырластар зираты да пайда болған. Украина билігі 300-ден астам бейбіт тұрғынның опат болғанын айтады. Әлемдік қауымдастық бұл қылмысты жасаған Ресей әскері деп отыр.

Ресей Бучадағы бейбіт азаматтарды өлтірді деген айыпты жоққа шығарып, мұны "Украинаның арандатуы" деп атады.


20:53      7.4.2022

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба НАТО-дағы мәлімдемесінде "Донбасс үшін соғыс Екінші дүниежүзілік соғысты еске салатын болады" деді.

Ол "Донбасс үшін қақтығысқа мыңдаған танкі, ұшақ, бронетехника қатысады" деп топшылайды.

"Санаулы күннің ішінде бізге көмектеспесеңіздер, көмектеріңіз кешіксе, көп адам өледі" деді Кулеба НАТО мүшелеріне қайырылып.


20:10     7.4.2022

Сәуірдің басында Ресей әскері Киев түбіндегі 15 елдімекенді тастап кетті. Бірақ азат болған ауылдарда қираған үй мен қараусыз қалған мәйіт көп. Сол ауылдардың бірі – Новая Басань. Азаттық радиосы Украин қызметінің фотографы орыс қаласының қолында болған осы ауылды суретке түсірді. 

8 сәуір 2022, 09:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.