«Синопек Қазақстан Халықарлық Мұнай Сервис компаниясы» ЖШС және «Синопек Қазақстан» ЖШС-нен прокурорлық тексеру кезінде ҚХР азаматтарының 10 жалған дипломдарды қолдану фактісі анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратураның басқарма бастығы Қайрат ӨТЕУЛИЕВ облыстық прокуратураның заңсыз көш-қон мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінде хабарлады.
- Тек көзбен шолып өткенде-ақ дипломдар күдік тудырды, өйткені фотосы төлқұжаттағы фотомен бірдей, алайда екеуінің алу мерзімдері арасында үлкен алшақтық бар. Мысалы, инженер Ши Цзюньминнің дипломы 1997 жылы берілген, ал паспорт 2008 жылы алынған, ал суреттері бірдей.
2012 жылы көш-қон заңнамасы саласында 25 тексеру жүргізіліп, 583 құқық бұзушылық анықталған. 566 шетелдік жұмыс күшін тарту рұқсаты кері алынды.
Өткен жылы біздің облысымызда жалпы 57937 шетелдік тіркелсе, олардың 9467-сі алыс шетелдерден, 48470-і ТМД елдерінен келгендер. Олардың Қазақстанда болуының заңдылығын тексеру барысында 169 адам елден шығарылды.
- Жауапкершілікке тек заңсыз еңбек мигранттарын ғана тарта бергеннен, осының заңсыз екенін біле тұра, оларды жұмысқа қабылдағандарды да жауапқа тартса, әділ болар еді. Алайда мұны орындау қиын болып тұр. Негізінен таяу шетелдік мигранттарды жеке тұрғын үй құрылысына жалдайды. Рейдтер кезінде үй иелері құрылыс басында болмайды және оны іздестіру шараларынан еш нәрсе шықпайды, - дейді Қайрат Өтеулиев.
Шетелдіктер жасаған қылмыстардың да саны өсіп отыр. Егер 2011 жылы 70 қылмыс тіркелсе, 2012 жылы 82-сі анықталған, бұлар көбіне – тонау мен бұзақылықтар (бұл тек ТМД елдерінің азаматтарына қатысты болып отыр). 39 шетелдік, керісінше, өздері қылмыс құрбандары болған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА