Атырау, 7 қазан 05:19
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Балықшылар мен балық өсірушілер не дейді

Сурет
3 397 просмотра

Атырауда «Бекіре» балық қорғау акциясы қарсаңында ҚР Балық шаруашылығы комитеті баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистер Дамба ауылына жақын жердегі балық қорғау бекеттері орналасқан Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр жерінде болды. Сондай-ақ, өңірдегі ірі балық аулау және балық өсіру кәсіпорындарының қызметімен танысты.

Айта кету керек, облыста балық аулау және өңдеумен айналысатын 19 балық шаруашылығы субъектісі (ЖШС және жеке кәсіпкерлер) бар. Сондай-ақ үш өндірістік бекіре балығын өсіру зауыты: екі мемлекеттік - Атырау бекіре балық өсіру зауыты және Жайық-Каспий бекіре балық өсіру зауыты - және бір жекеменшік: «Caspian Royal Fish» ЖШС бекіре фермасы бар.

Балық Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларында, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалау аймағында ауланып жатыр. Биыл Жайық-Каспий бассейні бойынша балық аулау лимиті барлығы 29 мың тонна болады. Теңіздің жағалау бөлігінде (Атырау және Маңғыстау облыстарында) – 20,8 мың тоннадан астам, Жайық өзені бойында – 5,3 мың тонна, Қиғаш өзені бойында – 3,9 мың тонна.

Баспасөз туры барысында ең алдымен «Амангелді» өндірістік кооперативінің балық аулау учаскелерінің біріне бірнеше моторлы қайықпен бір топ журналисті әкелді. Ол жерде балықшылар Атырау бекіре зауыты үшін өзара жасалған келісімшартқа сәйкес бекіре тұқымдас балықтардың аналығын аулайды.

Келесі күні қара балықты кәсіпшілікпен аулау басталады. Бірақ күнде емес: бес күн жұмыс, үш күн үзіліспен.

Өзендегі балықтың жағдайын «Амангелді» ӨК қызметкері, 20 жылдық тәжірибесі бар балықшы Жақсылық ӨТЕПОВ айтып берді. Оның айтуынша, соңғы жылдары Жайықтың тайыздануына байланысты балық аулау көлемі айтарлықтай азайған.

– Өзендегі су деңгейі төмендеді, сәйкесінше балық көлемі де азайды. Су да аз, балық та аз. Бұрын бір мезетте 500 келіге дейін аулай алатын болсақ, қазір 10 есе аз – шамамен 20-50 келі, – дейді Өтепов. Айтпақшы, оның жалақысы айына 60 мың. Балық аулау маусымы үш айға созылады, қалған уақытта оның тұрақты жұмысы жоқ.

Келесі барған жеріміз – «Төменгі Пешной». Онда Жайық-Каспий бекіре балық өсіру зауытының балықшылары шабақ алу үшін бекіре тұқымдас балықтардың аналығын аулайды. Зауыт директоры Ғилман СӘРСЕМӘЛИЕВТІҢ айтуынша, олар күніне 3-4 бекіре балығын аулайды.

Ғилман СӘРСЕМӘЛИЕВ

– Биыл мұз ерте еріп, ақпан аяғында жұмысқа кірістік. Су температурасы әлі төмен және өзендегі су аз болғандықтан балық та аз. Ал су жылығаннан кейін ол инстинкті түрде өзенге кіруі керек. Егер су келсе, балық та келуі мүмкін. Соңғы үш жылда балық көлемі азайғанымен, жоспарды орындап жатырмыз, қазір зауытта 75 адам еңбек етіп жатыр. Тағы 20 адам жұмысқа алынуы керек, - дейді Сәрсемалиев.

 

«НАРЫҚТАҒЫ БАҒАНЫ БАҚЫЛАЙМЫЗ»

Содан кейін біз «Тілекші» ЖШС-нің балық өңдеу цехтарында болдық. Кәсіпорын басшысы Орынғали АХМЕТОВ Құрманғазы ауданындағы Котяевка елді мекенінде тағы бір цех бар екенін айтты. Екі цехта 200-ге жуық адам жұмыс істейді. ЖШС балық өнімдерінің бір бөлігін негізінен Ресей, Грузия және Әзірбайжанға экспорттайды. Жақында олар Қытайға шығуды жоспарлап отыр. Тоңазытқыш қоймаларда 20 тоннаға дейін балық жиналса, олар сатуға шығарады.

Орынғали АХМЕТОВ

- Жылына 2 мың тонна балық аулаймыз. Біз оны өңдеп, сатамыз. 1000 тоннасы экспортқа шығарылады, сондай көлемде ішкі нарыққа шығарылады. Өзенде су азайғандықтан балық аз, сондықтан өніміміздің құны қымбаттады. Не істейміз, бағаны нарық реттейді. Бүкіл салықты төлейміз, жоспарды орындаймыз, – дейді Ахметов.

Келесі аялдама «Амангелді» ӨК өндірістік цехында болды. ӨК те балық аулаумен, балық өнімдерін өңдеумен және сатумен айналысады. Бізге балықты бастапқы өңдеу және терең өңдеу жүргізілетін цехтарды, сондай-ақ дайын өнімдерді көрсетті. Мәселен, шортанның 1 келі уылдырығы 18 мың теңге тұрады.

Алғашқы өңдеу цехы Атыраудағы 28 сауда нүктесінен түскен өтінімдерге байланысты тәулігіне 1,5-2 тонна жартылай фабрикат шығарады. Бұл цехта 20 адам жұмыс істейді.

ӨК өз өнімдерін еліміздің басқа облыстарына да сатады, соңғы кезге дейін ол экспортқа – мысалы, қақталған балықты Ресей мен Украинаға, балық етін – Францияға, Германияға және Латвияға сатып келді. Бірақ соңғы екі жылда өзенде балық аз болғандықтан экспортталмады.

ӨК директоры Айгүл ӘМІРҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, олар нарық жағдайы мүмкіндік бергенше өз өнімдерінің бағасын ұстап тұруға тырысады.

– Біз күн сайын Атырауда балық өнімдерінің бағасына мониторинг жүргіземіз. Егер базарда сазан 1200 теңге болса, біздің сауда нүктелерінде 1000 теңге тұрады, – дейді Әмірғалиева.

 

2018 ЖЫЛҒЫ ЖЕЛТОҚСАННЫҢ САЛДАРЫ

Осыдан кейін «Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау филиалының балық өсіру шаруашылығына келдік. ЖШС директоры Әсемгүл АҚСАМБИЕВАНЫҢ айтуынша, шаруашылықта 14 тонна бекіре (орыс бекіресі, сүйрік, қортпа) балығы бар. Биыл олар 300 келі уылдырық алуды жоспарлап отыр.

Әсемгүл АҚСАМБИЕВА

– Бұдан басқа, Жамбыл облысында тұйық су құрылғыларында 4200 шабақ бар. Биыл өндіріс қуатын арттыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Жамбыл облысында бұл құрылғыларға 38 тоннаға дейін бекіре балығын өндіре аламыз. Осында, Атыраудағы балық өсіру шаруашылығында 100 тоннаға дейін ұстай аламыз. Сосын жылына 3 тонна уылдырық шығаруға қол жеткізгіміз келеді. Осында, Атырауда бекіре тұқымдас балықтарды өзіміз өсірдік, кейбірін Оралдан сатып алуға тура келді. Өйткені, естеріңізде болса, 2018 жылдың желтоқсан айында балығымыз түгел қырылды, бұл 101 тонна.

– Ал материалдық шығынды өндіруге қатысты облыс әкімдігімен болған сот ісі қалай аяқталды?

– Біз 1,5 миллиард теңге көлеміндегі шығынды өндіріп алдық. Биыл наурыз айында бұл соманы бізге облыстық энергетика және ТКШ басқармасы төледі, - деп жауап берді Ақсамбиева. – Бүгінгі мәселеге қайта оралсақ, Қазақстанда 3 тонна уылдырықты сата аламыз деп ойлаймын, бірақ халықаралық нарыққа да шығуға тырысамыз. Егер бүгінде 2018 жылы жоғалтқан 101 тонна балығымыз болса, біз уылдырықты ірі жеткізушілердің бірі болар едік.

Балық өсіру шаруашылығының жанында үлкен жүзбелі зауыт тұр. Онда уылдырық өндіретін цех жұмыс істейді. ЖШС екі жылдай құрылғыда қызыл балық өсіреді, оны Атырауға әкеліп, осы жерде цехта «сауады». Ең ересек аналық шамамен 6 жаста.

 

БАЛЫҚ ӨСІРУ ЗАУЫТТАРЫ БІРІГЕ МЕ?

Содан кейін «Caspian Royal Fish» ЖШС мен «Сагиева» ШҚ-ның бекіре өсіру фермасында болдық. Бас балық өсіруші Ахат НИМАТОВ оларда ең ауыр балықтың салмағы 7 келі екенін айтады. Олар бекіре балықтарын жылына 7-8 рет сауып, жылына 1000 кг уылдырық алады. Шаруа қожалығында болған күні таңертең ертемен 200 балықтан 50 келідей уылдырық алды. Айтпақшы, ЖШС-де бекіре уылдырығының бағасы 17 000 теңгеден (50 грамм) 86 000 теңгеге (250 грамм) дейінгі аралықта басталады.

Ахат НИМАТОВ

«Сагиева» ЖК өткен жылдың аяғында бекіре тұқымдас балықтарды өсіруді бастады. Осы мақсатта бекіре тұқымдас балық өсіретін екі зауыттан 5 мың шабақ сатып алған. Олар балық азығын өздері өсіреді, сонымен қатар субсидияның 30%-ына жемнің бір бөлігін Ресейден сатып алуды жоспарлап отыр.

Баспасөз турының соңында ҚР Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян БАХИЯНОВ балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, 2030 жылға қарай өсірілетін балық көлемін жылына 270 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда жемшөп құнының 30 пайызы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Бұдан басқа, шабақ өсіру үшін уылдырық сатып алуға және балыққа дәрі-дәрмек алуға 50% субсидия беріледі.

Сондай-ақ А.Бахиянов қазір Атырау бекіре зауыты мен Жайық-Каспий бекіре балығын өсіру зауытын біріктіру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

4 сәуір 2022, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.