Атырау, 7 қазан 07:25
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

"Атырау облысында азық-түлік қоры жеткілікті, баға тұрақты"

1 568 просмотра

Осы әңгіме төңірегінде 1 сәуірде өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат РҮСТЕМОВТЫҢ айтуынша, азық-түлік тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін деп алаңдауға негіз жоқ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарықтағыдан арзан бағаға сатылып жатыр.  

Рүстемовтың айтуынша, қазір облыста 6000 тонна азық-түлік қоры бар және бұл жеткілікті:  

- Облыста ұн бағасы да, нан бағасы да тұрақты. Тұрақтандыру қорында 500 тонна бірінші сұрыпты ұн бар. Сонымен қатар, биылғы жылға облыстың қажеттілігіне сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігіне 12 мың тонна бидайға сұраныс беріліп, меморандумға қол қойылды. Бүгінде 2 650 тонна бидай жеткізілді. Тағы осы айда 1650 тоннасы әкелінеді деп жоспарланып отыр. Осылайша әр айда белгілі бір көлемде жеткізіліп отырады. Меморандум негізінде әлеуметтік нан бағасы 90 теңгеден, ал бірінші сұрыпты ұн 145 теңгеден халыққа ұсынылып, нан бағасы тұрақты қалпында, - дейді Рүстемов.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының департамент директоры Дмитрий ДЮДІҢ айтуынша, «Лидер» және «Идеал» супермаркеттерінде нан бағасы 80-82 теңгеден сатылып жатыр. Бүгінде наубайханаларға әлеуметтік нан пісіру үшін 2900 тонна ұн сатылған.

Жалпы, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 млрд 551 млн теңге бөлінген. Соның 1 млрд 35 млн теңгесі 2020-2022 жылдарға арналған бағаны тұрақтандыру бағдарламасын іске асыру мақсатында «Атырау» ӘКК» АҚ арқылы кәсіпкерлерге айналым схемасы бойынша қайтарымды қарыз ретінде берілді. Атап айтсақ, бұл жергілікті сауда желілері және көкөніс өнімдерін өндіруші.

Қарыз ала отырып, кәсіпкерлер екі жылдың ішінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтермей ұстап тұруға міндеттелді.

Рүстемовтың айтуынша, «Идеал Маркет» ЖШС-на 555 млн теңге қарыз берілген. Бұл сомаға 15 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар сатып алынып, олар 40 сауда-саттық нуктесінде сатылып жатыр. Ал, «Агрофеликс» шаруа қожалығына өңірді картоп және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 200 млн теңге берілген. Қожалық өнімдерін қаланың төрт базарында сатып жатыр. «АгроҚазына» ЖШС-не картоп және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге 80 млн теңге берілді. «JCS-corparaition» ЖШС-на сиыр және құс етінің бағасын тұрақтандыру үшін 200 млн теңге берілді. Сиыр және құс еті өңірдегі он сауда нүктесінде арзан бағада сатылып жатыр. 

- Қазір айналым схемасы бойынша тұрақтандыру қорында 441,9 тонна картоп, 293 тонна сәбіз, 354,9 тонна пияз, 194 тонна қырыққабат өнімдері бар. Барлығы 1 283,8 тонна. Ал, қантқа келсек, облысқа 204 тонна қант жеткізілді. Одан бөлек, тағы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы 204 тонна қантты жеткізу туралы келісім-шарт жасалды. Жақын күндері сол көлемде қант облысқа жеткізіледі. Бұл қант бағасын тұрақтандыруға негіз болады, - деді Рүстемов.

Одан бөлек, ол ҚР Сауда және интеграция министрлігіне Өзбекстан Республикасынан көкөніс және ерте пісетін дәнді дақылдарды сатып алуға сұраныс берілгенін айтты. Атап айтқанда, 1000 тонна картоп, 150 тонна сәбіз және 200 тонна қырыққабат.

Сонымен қатар, қосымша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Ресей, Әзербайжан, Иран және Өзбекстаннан маусымаралық көкөністерді (қырыққабат, картоп, сәбіз, пияз) сатып алу жоспарланып отыр.

Дмитрий Дю жергілікті шаруа қожалықтарымен шілдеде ерте пісетін картоп және қырыққабат жеткізуге келісімшарт жасалғанын жеткізді.

Оған қоса, Түркістан, Жамбыл облыстарына және Шымкент қаласына облыс әкімінің орынбасары бастаған топ іссапарға барып, бірқатар азық-түлік өнімдерін сол облыстардан сатып алуға келісім жасалған.

Дюдің айтуынша, бүгінде өңірдің тұрақтандыру қоры арқылы 18 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан орташа алғанда 25 пайызға төмен бағамен сатылып жатыр.

- Тұрақтандыру қорында барлығы 476 тонна азық-түлік тауарлары, оның ішінде, 227 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары бар. Бұл облысты биыл мамырға дейін қамтамасыз етуге жетеді. Олар қаладағы төрт базарда орташа нарықтық бағадан 21 пайызға төмен бағамен сатылады.

Қалған 249 тонна азық-түлік тауарлары облыс бойынша «Лидер» мен «Идеалдың» 40 супермаркетінде, оның ішінде Индерде, Жылыойда, қаладағы «Мясной гастроном №1» және «Ярмарка» супермаркетінде сатылады, - дейді Дю.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан ДАУЛЕТОВТЫҢ айтуынша, қазір қала бойынша күнделікті қандай қор бар екені туралы ақпарат жинақталып жатыр. 

- 19 түрлі тағам өнімдерінің ішінде сақтау мерзімі ұзақ түрлері орташа есеппен бір айдан екі айға дейін жететін қор бар. Тез бұзылатын тағамдар күнделікті тасымалданады. Олар барлық ірі сауда желілерінде 10-15 күн көлемінде болады. Ал, қант қазір жеткілікті көлемде тасымалданып жатыр. Қарбалас болмауы үшін аталған сауда орындары бір қолға шектеу қойып сатып отыр. Жалпы, қор жеткілікті, баға тұрақты. Кесте бойынша жеткізіледі, - деді Даулетов.

Айнұр САПАРОВА

4 сәуір 2022, 12:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.