Атырау, 7 қазан 07:16
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

​Қоқиқаз, бұйра бірқазан және басқа да ерекше құстар​

Сурет
3 819 просмотра

Жыл сайын 1 сәуірде ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен халықаралық құстар күні атап өтіледі. Атырау облысының табиғатында мекендейтін құстардың түрі жөнінде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының ғылыми қызметкері, орнитолог Илья БОФОНОВПЕН сөйлескен едік.

Резерваттың аумағында жыл құстарының Сібір-Шығыс Африка көші-қон маршрутының аялдамасы саналатын Шалыга аралы орналасқан. Әлемде сирек кездесетін құстардың «перзентханасы», «балабақшасы» саналатын бұл жерде 292 құс түрі мекен етеді. Олардың 110 түрі  Каспийдің Солтүстік Шығыс жағалауындағы аумақта ұя салады, 76 түрі осында қыстайды, 106 түрі көктем-күзгі ұшу кезінде кездеседі, қалғандары - жыл құстары болып саналады, - дейді И.Бофонов.


- Мониторингтік мәліметтер бойынша, Каспийдің солтүстік-шығыс жағалаулары арқылы 5 миллионға дейін үйрек, 500 мыңға дейін қаз, 100 мыңға дейін аққу, 35 мыңға дейін қоқиқаз және 2 миллионға дейін қасқалдақ ұшып өтеді екен. Резерватта жыл сайын құстардың өсімі байқала ма? Оларға санақты қалай жүргізесіздер?

- Арнайы қорғалатын аумақта құстардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Ерекше қорғалған аймақтан көкқұтан, сыбырлақ аққу, суқұзғын, көл шағаласын көп кездестіруге болады. Біз оларды арнайы методика бойынша құстардың ұшып келу кезеңінде құс жолынан тосып алу арқылы таңертеңгі және кешкі ұшып өту санын жобалап санаймыз. Біздің аймаққа құстардың келуі сәуір айында басталып мамырға дейін жалғасады. Олардың арасында өте сирек кездесетін  «Қызыл кітапқа» енгізілген құстардың 36 түрі бар.

Жыл сайын саны азайып бара жатқан құстар бар ма?

- Біздің аумақта стрепет өте сирек кездеседі. Оның саны жиырмадан аспайды. Ал қарабас шағала, бұйра пеликан, кішкентай аққұтан, аққұйрықты қыран құстары «Қызыл кітапқа» енгенмен біздің өңірімізде көп кездеседі.

Мысалы қылаң қарабас шағала жөнінде айтар болсақ, көл шағаласына қарағанда басы көмірдей қара және салмағы 2 келі, қанатының құлашы 1 метрге дейін жетеді. Олар топ болып ұяларын бір біріне жақын салады. Жұмыртқасын аналығы мен аталығы кезектесіп басып шығарады, ұясын ешқашан қараусыз қалдырмайды. Суда өлі балықпен, кеміргіштермен және суда жүзетін құстардың балапанымен тамақтанса, балапандарын құсықтарымен қоректендіреді. Бұлар Шалыга аралында кездеседі. 2020 жылы 594 бас тіркелген.  

Бұйра бірқазандар - төбе шашы бұйра болып келгендіктен осылай атайды. Ол ірі құстар санатына жатады. Қанатының ұзындығы 3 метрге дейін, салмағы 15 келіге дейін жетеді. Олардың тұмсығы өте ұзын келеді. Осы ұзын тұмсығын су астына тығып, табан, майшабақ, қаракөз секілді балықтармен қоректенеді. Тәбеттері жақсы болғанымен, тамақсыз 3-4 күн жүре алады. Жаз айларында 5-20 дан топтасып жүреді. «Ақжайық» резерваты аумағында 1089 бас мекендейді.

Балымгүл ИЗМУХАНОВА, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы:

- Бұл аймақты көргісі келетін туристер жылдан жылға артып келеді. Көбіне олар құстардың күздегі жылы жаққа ұшу сәтін тамашалағанды ұнатады. 

Құстардың бірнеше түрінің ұя салатын жалғыз жері - Шалыга аралына бұрын шетелдіктер көп келеді. Соңғы кездері қала тұрғындары қызығушылық танытып жүр. Аралға туристік сапар жаз айында басталады. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында резерват аумағында 2 экологиялық маршрут жасақталып, паспорттары бекітілді. «Табиғат әлемі» деп аталатын құрлық маршруты  мектеп оқушылары мен студенттерге ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған. Бұл маршрут арқылы оқушылар сол жердегі құстармен, өсімдіктермен танысады.  Ал, «Құстар жұмағы» маршруты - бұл ересек адамдарға, қала қонақтарына арналған су үстінде орналасқан маршрут.  

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер «Ақжайық» резерватының архивінен алынды

1 сәуір 2022, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.