Атырау, 7 қазан 07:17
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қоғамдық тыңдаудан кейін жылыойлық белсенділер бейбіт митингке шығатындарын айтты

1 990 просмотра

Құлсары қаласында ТШО-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ пен Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан ҚОНДЫБАЕВТЫҢ қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өтті. Онда экология және ТШО-ның әлеуметтік жобалары қозғалды. Жылыойлықтар біраз арыз-шағымын айтты.

- Жылыойға осыншама жыл ішінде Теңіз кенішіндегі мекемелердің еш зардабы тиген жоқ деп ойлайсыздар ма? ТШО бізге қыруар қаражат бөлуі керек. Құлсарының жағдайы сондай мүшкіл, қала деген аты ғана. Жолдардың түрі анау, көпқабатты үйлер шіріп жатыр, толған маса. ТШО басшысы Кевин ЛАЙОН бүгін өзі осы жерге келуі керек еді. Құлсарының көшесімен жаяу жүрсе, сонда ғана көрер еді тіреумен тұрған ескі үйлерді, қиқа-жиқа жолдарды, қараңғы көшелерді. ТШО-да қаржы бар, ол жан-жаққа бөлінбей, алдымен Жылыойға бөлінуі керек. ТШО қаланы көгалдандыруға ақша бөлді дейді, оны кім алды? Қала неге көркеймейді, неге жариялылық жоқ, - дейді Жылыой ауданының тұрғыны Тұрар ШАПҚАРА.

- Осы қоғамдық тыңдауда мыналарды көргіміз келіп еді – Теңіз кеніші игеріле бастағаннан атмосфералық қысым, жерасты суларының  деңгейі, топырақ құрамы қалай өзгерді? Неліктен жерімізді құм басып, жауын-шашын мөлшері азайып жатқанын білгіміз келеді, - дейді жергілікті белсенді Жанаргүл ШАРҒАБАЕВА.

- Мүгедек балалар үшін замануи үлгідегі емдеу-сауықтыру орталығы керек. Бүгінде ауданда 445-ке жуық мүгедек бала бар, - дейді Жылыой аудандық мәслихаттың депутаты Сәуле МАМБЕТОВА.  

Залдан шағымдар айтылды:

- Құлсарыда үлкен балабақша ТШО-ның қаржысына салынды. Бірақ сордың үстіне салынғандықтан қайтадан жөндеуге тұрды. Сондықтан қаржы бөліп қана қоймай, оның пайдаланылуын бақылау керек.

- Құрсай өзегін абаттандыру тоқтап қалды. Ал Қамыскөлдің жағдайы қиын, сол жалғыз көлімізді сақтап қалып, көркейту неге қолға алынбайды?

«Байтақ Болашақ» РҚБ төрағасының орынбасары Виктор СЕЙПУЛЬНИК

– Осынау алып әлемдік кен орнының байлығынан негізгі пайда көретіндер – ТШО акционерлері, сондықтан сол акционерлердің өкілдеріне бұл талаптарды қоюдың мәні жоқ. 

Екіншісі – бұл бюджет, мемлекет. Бірақ мемлекет бұл ақшаны өз қалауынша жұмсап отыр. Біз Құлсары қаласының жағдайын көріп отырмыз. Демек, ТШО табысының бір бөлігін тікелей осында бөлуі керек. Адамдар ешкімнен сұрамай-ақ, өздеріне қажетінше жұмсауды бірлесіп үйренеді. 

…Бұл өте маңызды тыңдау. Қанеки, Құлсары қаласын суперзаманауи қалаға айналдырайық. Бұл қолымыздан келеді. Біріксек, алынбайтын қамал жоқ! 

Тұрғын Раиса ТІЛЕУБАЕВА да наразылығын жеткізді: 

–ТШО-ның басшысы бізге келсін, халықпен сөйлессін, сонда мұнда не болып жатқанын түсінеді. Қазір ең бастысы – халықтың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы. Мен бірнеше жергілікті мүгедекпен сөйлестім, олардың қарапайым ұялы телефоны да жоқ, жейтін тамағы жоқ, үй жалдап жүр. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар. Бұл небәрі екі сағаттың ішінде жиналған халық. Біз 16 сәуірде бейбіт митинг өткізуге өтініш бердік. Егер ТШО мен халық бір мәмілеге келмесе, 30 мың болсын, 40 мың болсын, қол жинаймыз, қағаз түрінде де, онлайн түрінде болсын, қанша қажет болса, сонша қол жинауға дайынбыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Бейнежазбаны түсірген автор

4 сәуір 2022, 15:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.