Солдан оңға қарай: облыс әкімінің орынбасары С.Нақпаев және ТМРА төрағасының орынбасары А.Алпысбаев.ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Аманжол АЛПЫСБАЕВТЫҢ (суретте) Атырауға жасаған сапары «Суды үнемдейтін уақыт келді» деген айдармен өтті. Ол Қазақстанда бір теміржол цистернасындағы судың 2 мың теңге тұратынын ақылға сыймайтын нәрсе деп атады.
ЕМЕУРІНДІ ТҮСІНДІК
Төрағаның орынбасары алдымен батыс облыстарының монополияға қарсы департаменттері және ТКШ өкілдерімен бірге жиналыс өткізді. Ал 23-нде «Атырау Су арнасы», «АЖЭО» және «АТС» КМК-лері нысандарында болды.
Су тарифін көтеру туралы тікелей айтылмаса да, төраға орынбасары суды үнемдеу керектігі жөнінде түсіндіру үшін келгенін бірнеше рет баса айтты. Алайда, мұндай қайталаулардың неге әкеліп соқтыратынын бәрі түсінді.
Естеріңізге сала кетсек, қазір Атырауда бір адамға айына 3 текше метр су тұтыну нормасын сақтағандарға айрықша тариф 25 теңгені құраса, нормадан асыра тұтынғандарға 29 теңге белгіленген.
Жиналыста Алпысбаев халықты суды үнемдеуге мәжбүрлейтін жалғыз ғана тәсіл – тарифтерді көбейту екендігін қайта-қайта айтып, дәлелдеумен болды. Оның айтуынша, халыққа арналған тарифтерді көбейту есебінен қайтарылатын «Ақ Бұлақ» және «Жол картасы - 2009-2010 ж.ж.» бағдарламаларының жиынтық шығынын есепке алсақ, бір текше метр судың құны 3000 теңге болуы керек!
Сонымен қатар, Алпысбаев жоғары жақтағылар халықтың мұндай шығындарды көтере алмайтынын ескеріп, әзірге үнемдеу туралы ойлануға мәжбүрлейтін су құнын енгізу керек деп шешкенін де айта кетті.
Ұзақ уақыт есептегеннен кейін бұл - әзірге «ойша» - бір текше метрге 150 теңге болатыны анықталды.
- Біздің есептеуімізше, бұл жағдайда халықтың 30-40%-ы суды үнемдеу туралы ойланатын болады.
Осы жерде ойыма жоғарыда аталған «ауыз су» бағдарламаларына бөлінген миллиардтаған қаражаттардың қолды болуына байланысты жемқорлық жанжалдар оралды. Қарап отырсақ, бізді қалтамыздан үш рет қағады екен: біріншіден, мемлекеттік бағдарламалар салық төлеушілер есебінен жүзеге асады, екіншіден, бұл бюджеттік ақшаларды шенеуніктер ұрлайды, үшіншіден, су бағасын күрделі экономикалық талдау негізінде емес, халықты тәрбиелеу мақсатында белгілеп, бізді үнемділікке үйреткісі келеді; сондай-ақ «тәрбиешілердің» еңбегін де тағы біз төлеуіміз керек.
«КӨРІПКЕЛ ЕМЕССІЗДЕР ҒОЙ»
Алпысбаев үнемдеу туралы тағы әңгіме қозғай отырып, облыс бойынша су есептеу аспаптарын қондыру статистикасын слайдтар арқылы көрсетті. Ол нормативтен жоғары шығындарды бір метр тұрбаны ауыстырмастан жоюға болады деді. Оның айтуынша, шығындардың негізгі көлемі есепке алынбаған су тұтынушыларынан болады, өйткені деректер қорына тіркелген абоненттер саны өте аз.
«Қарағанды Су» қызметкерлері жүргізген рейдтен мысалдар келтірілді, оның барысында ресми түрде 1 адам тіркелген пәтерде есептеу аспабы жоқ және 10 студенттің тұрғаны анықталған.
- Міне, нормативтен жоғары шығындар қайда жатыр,- деп сөзін дәлелдеді Алпысбаев.
Айтпақшы, ол келесі күні болған «Атырау Су Арнасының» абоненттік бөліміндегі есептеу әдісі оған мүлдем ұнамады. Әр пәтерде тұратын тұрғындардың саны туралы бөлек бап бойынша есепке алудың орнына «АСА»-ның деректер қорында абоненттер көше бойынша жалпы тізімге тіркелген. Бұл кәсіпорынның экономикалық талдау жасау жұмыстарының деңгейін көрсететіні анық.
- Егер сіздер әр үй сайын есеп жүргізбесеңіздер, тіркелмеген тұтынушыларды анықтау бойынша жұмыстарды қалай жүргізесіздер? Көріпкел емессіздер ғой, - деп ренжіді қонағымыз.
БАНКТЕРДЕН НЕГЕ ҚАШҚАҚТАЙСЫЗДАР?
Коммуналдық қызметкерлерді шығындарын санауға үндей отырып, төраға орынбасары «АСА»-ны банктік несиелер есебінен жедел жетілдіруді бастауды ұсынды.
- Халықтың төлемдерінен келіп түскен қаражаттардан «табыс» және «амортизация» баптары құрылады. Міне, осы қаражатты несиелерді төлеуге жұмсаңыздар, ал несиелер есебінен сіздер, мысалы, 100 сорғыны бірден жөндей аласыздар. Бұл судың өзіндік құнының 50%-ын жұтатын қуат қолдану көрсеткіштеріңізді көп азайтады.
Атырау ЖЭОАлпысбаевтың айтуынша, соңғы жылдардағы отандық су арналарының негізгі капиталдарына салынған инвестицияның құрылымы мынадай: су арналарына 89% немесе 572 млрд. теңгені мемлекет инвестицияласа, 4,5%-ын кәсіпорынның өзі қаржыландырған.
Төраға орынбасары еліміздегі су арналары мекемелерінің банктер қызметіне жүгінуге асықпайтындықтарының себебі туралы өзінің болжамын айтты.
- Бұл жерде халық өз қорытындыларын шығаруына болады. Баршаңызға белгілі, банктердің несие бөлімдері клиенттің төлеу қабілеттілігін анықтау үшін қаржылық аудит жүргізеді және оның барысында түрлі махинациялар жарыққа шығып қалуы мүмкін. Егер су арнасы банкке баруға асықпаса, оның бір шикілігі бар деген сөз.
Айта кетсек, сапар барысында атыраулық монополистер өз шаруашылықтарын жетілдіруге қарыз ақша алмайтындары анықталды. Ал олардың өкілдерінің бірі «нысандарыңыздың бірінде жылу есептегіштері орнатылған ба?» деген сұраққа «Ақша беріңдер, қондырамыз!» деп тікелей жауап қайтарды.
Иә, бізден алып береді ғой.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор