Атырау, 7 қазан 09:29
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атырау мұнайсервис саласы: «Тендер жүйесін түбегейлі өзгерту керек»

1 581 просмотра

«Самұрық-Қазына» жүйесі белгілі бір қызмет көрсетушілерге тендерлік талап белгілейді, дейді сеніммен Атырау облысындағы мұнай-сервистік компаниялардың өкілдері. Осындай шағыммен «Жасұлан және Компания» ЖШС Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығына жүгінген.

- Біз, 20 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңына және жер қойнауын пайдалану саласында тендердің өткізілуін реттейтін «Самұрық-Қазына» АҚ Ережесіне сәйкес, барлық қажетті біліктілік іріктеуінен өткен Атырау облысының мұнайсервистік компаниялары сіздерге біздің компаниялар ұзақ уақыт бойы қатыса алмай жүрген, тіпті қатысқан жағдайда да «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұңғымаларды күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстары бойынша өткізген тендерлерінің жеңімпазы бола алмай жүрген жағдайларды қарастыру туралы өтінішпен жүгініп отырмыз, - делінген хатта.

«Жасұлан и Компания» ЖШС директоры Тілепберген ҰЛЫҚПАНОВТЫҢ айтуынша, 2021 жылға дейін «Ембімұнайгаз» АҚ-да ұңғымаларды күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарының барлық көлемі орындалуы және нәтижелерді ұсыну орны бойынша, яғни Атырау облысының 4 ауданында - «Ембімұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары (МГӨБ) орналасқан Қызылқоға, Мақат, Жылыой және Исатай аудандарында төрт лот бойынша жүргізілді.

Біртекті жұмыстарды лоттар бойынша осылай бөлу ҚР және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес келді. Ең бастысы - шағын және орта бизнес өкілдеріне осы жұмыстар бойынша конкурсқа қатысуға мүмкіндік берді.

Бұдан бұрын «АЖ» мұнай-сервистік компанияларының «Самұрық-Қазына» АҚ жүйесіндегі тендерді өткізу шарттарына көңілі толмайтынын жазған болатын.

ТӨРТ ЛОТТЫ БІР ЛОТҚА БІРІКТІРДІ

– Әділ бәсекелік күресті қаламай, өз шарттарын қоюды әдетке айналдырған кейбір компаниялар, біздің болжамымыз бойынша, «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына ықпал ету арқылы, АҚ-ның бүкіл 4 лотты бір ірі лотқа біріктіріп, бірнеше жыл бойы қалыптасқан конкурс шарттарын өзгертуіне қол жеткізді, - дейді Т.Ұлықпанов.

Нәтижесінде шағын және орта бизнес бір уақытта бүкіл 4 МГӨБ-на «шамамыз жетпейді» деп конкурсқа қатысудан шет қалды. «Ембімұнайгаз» АҚ қаржы құралдарын үнемдей алмады. Бұған 01.04.2021 жылғы №564951 ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарын сатып алу бойынша қаржы нәтижесі дәлел. Конкурс сомасы - 4 млрд 144 млн 708 мың 134 теңге. Жеңімпаз - «ҚазТехМұнайСервис» ЖШС (ҚТМС), оның бағасы 4 144 508 000 теңге. Конкурс сомасының төмендеуі небәрі 0,004%-ды құрады. Бірақ пандемия кезінде көп компаниялар күнкөріс үшін минималды немесе тіпті нөлдік кіріспен жұмыс істеуге дайын болды. Үнемделген қаражатты дивиденд түрінде ел бюджетіне бағыттауға болар еді.

Мұнайсервис қызметкерлерінің пікірінше, бағаны осылай азғана төмендету конкурста өзінің жеңетініне алдын ала сенімді болған белгілі бір қатысушы үшін өткізілгенін көрсетеді.

«Шын мәнінде, бұл жүйе экономикадағы олигополияны одан әрі күшейтеді. Ірі кәсіпорындар бәсекелестікті тұншықтырып, реформа жасауға кедергі келтіріп, өз артықшылығын пайдаланады... Жоғары жақпен байланысын пайдалана отырып, олар өз жобаларын жүзеге асыру үшін айрықша құқыққа ие болады, - делінген хатта.

АҚЫЛҒА СЫЙЫМСЫЗ ТАЛАПТАР

– «Самұрық-Қазына» АҚ қорының өз заңдары және осы заңдарға өзіндік түсініктемелері бар. Сотта «Самұрық-Қазына» мен Холдинг мүшелерін жеңу мүмкін емес. «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау облысындағы ұңғымаларды күрделі жөндеуге (ҰКЖ) жалғыз тапсырыс беруші болып табылады, үстем жағдайға ие және олардың тендерлік шарттарына «ҚТМСК» ЖШС мен «Қазмұнайгаз-Бұрғылау СБК» ғана сәйкес келеді, бұл басқа компаниялардың бәсекеге қабілетті дамуына мүмкіндік бермейді.

Жыл сайын біз біліктілікті алдын ала іріктеуден (БАІ) өтуіміз керек, оның шарттары біз лицензия алған шарттарды қайталайды. Мәселен, қазір бұрғылау қондырғыларына жаңа техникалық төлқұжат беріледі, онда жабдықтың маркасы ғана көрсетіледі, бірақ бұл бұрғылау станогы деп жазылмайды.

Ал бізден ол жазылған болсын, зауыттан сертификат алыңдар, яғни, оның бұрғылау қондырғысы екенін дәлелдеңдер деп талап етеді. Мұндай талап қай жерде айтылғанын көрсетіңдер дейміз. Олар бұл ішкі ережеміз деп жауап береді. БАІ үшін жыл сайын 5 миллион теңгеге жуық ақша төлеу керек, деп шағымданады мұнайсервис қызметкерлері.

Атап айтқанда, тендерлік құжаттамаға қоса жалғанған тапсырыс берушінің техникалық шарттары жыл сайын күрделене түсуде. Оларға физикалық тұрғыдан орындалуы мүмкін емес талаптар кіреді. Өйткені тендер алдын ала талқылаусыз жарияланған сәттен бастап өтінім берілгенге дейін бар болғаны он-он бес күн беріледі. Осы уақыт ішінде қажетті сертификаттарды алу мүмкін емес. Сондай-ақ мамандардың бар екенін және олардың біліктілігін растауды талап етеді. Бұдан басқа, бұл мамандар кәсіпорында кемінде үш жыл жұмыс істеген болуы керек. Алайда еңбек заңнамасы бір жылға дейінгі мерзімге еңбек шартын жасауға тыйым салмайды. Иә, қажетті мамандарды кез келген уақытта белгілі бір жұмыс түріне тартуға болады.

Атырау облысының әр жерінде орналасқан барлық төрт МГӨБ бойынша бүкіл жұмыс көлемі екінші жыл қатарынан бір лот бойынша және тығыз күнтізбелік кесте бойынша тендерге шығарылады. Тендер желтоқсанның соңғы күндерінде жарияланады, ал күнтізбелік кестеге сәйкес, жұмыстар келесі жылдың қаңтарында көрсетіледі. Тапсырыс берушінің келісімшарттарында бүкіл келісімшарт сомасының пайызбен есептелетін едәуір мөлшердегі айыппұл санкциялары қарастырылған, бұл да мердігерлердің тендерге қатысуына кедергі келтіреді.

– Яғни техникалық шарттардың нақты бір мердігерге дайындалғаны анық. Ол - 15 жылға жуық уақыттан бері «Қазмұнайгаз-Бұрғылау СБК», ал соңғы алты жыл бойы оның еншілес кәсіпорны – «ҚТМС» ЖШС, – дейді сеніммен Т.Ұлықпанов.

Үлкен көлемде жұмыс алған «ҚТМС» ЖШС-нің де күнтізбелік кесте бойынша жұмысты орындауға мүмкіндігі жоқ. Өйткені жұмыс бір мезгілде барлық төрт мұнай-газ өндіру басқармасында қарастырылған. Ол бас мердігер ретінде оларды басқа компанияларға қосалқы мердігерлік ретінде ұсынады.

– Біз «ҚТМС» ЖШС-мен олардың қосалқы мердігерлік шарттары бойынша жұмыс істеуге тырыстық. Алайда олар ұсынған мардымсыз төлемді де дер кезінде ала алмадық. Нәтижесінде мердігерлерімізбен, жұмысшыларымызбен соттасып қалдық, – дейді «Жасұлан и Компания» ЖШС директоры.

Оның айтуынша, бүгінде оның компанияларында 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар мұнайсервис саласында 15-30 жыл тәжірибесі бар білікті мамандар, қазір жұмыссыз қалып отыр. Тиісінше, олардың отбасы мүшелері табыссыз қалды, бұл әлеуметтік наразылыққа әкеп соғады. Кәсіпорындар несиеге сатып алған жабдықтар мен қондырғылар жұмыссыз тоқтап тұр. Банктер оларды мәжбүрлеп сатуға және қарыздарының өтеуіне алуы әбден мүмкін.

ТЕНДЕРЛЕРДІ ТЕКСЕРУ, ҚАРЖЫЛЫҚ КЕПІЛДІКТІ ӨЗГЕРТУ

Компания өз хатында мұнайсервис фирмалары атынан «ҚТМС» ЖШС және «Қазмұнайгаз-Бұрғылау СБК» жеңіп алған «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұңғымаларды күрделі жөндеу және бұрғылау жұмыстарын сатып алу бойынша бұрын өткізілген барлық тендерді қайта тексеруді сұрайды. Мұнайсервис компанияларының талаптарының қатарында «Ембімұнайгаз» АҚ-ын сатып алуды бұрынғы әдіспен – ұңғымаларды күрделі жөндеу бойынша төрт лотты бөлек өткізуге міндеттеу де бар. Мұндай сатып алу ұйымы 2021 жылға дейін жұмыс істеп, шағын және орта бизнес субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігі мен сатып алуларға қатысуын қамтамасыз етті.

Тапсырыс беруші мердігердің біліктілік құрамы үшін сертификат мен куәлік ұсыну қажеттілігін қоса алғанда, тендердің техникалық шарттарын қиындата алмайтындай шектеу енгізу керек. Өйткені бұл сертификаттардың болуы жұмыстың сапасы мен уақтылы орындалуына кепілдік бермейді. Мұның бәрі мердігердің жабдықталуы мен тәжірибесіне тікелей байланысты болады.

Тапсырыс берушіні тендер өтінімдері қабылданардан 10 күн бұрын емес, бүкіл жылдық жұмыс көлеміне негізгі техникалық талапты бекітуді міндеттеу керек, өйткені мердігерлер қысқа мерзімде қажетті рұқсаттарды немесе сертификаттарды ала алмайды.

«Самұрық-Қазына» жүйесінде тендерге қатысушылар үшін банктік кепілдік туралы ережені өзгерту керек. Өйткені бұл жағдайда кепілге келісімшарт сомасының 1-ден 20%-ға дейінгі бөлігін банкке салуға тура келеді де, ақша тапсырыс берушіге де, мердігерге де пайда әкелмей, қозғалыссыз қалады. Мердігердің жауапкершілігін айыппұл санкцияларын қолдану арқылы күшейтуге болады.

«ЕМБІМҰНАЙГАЗ» АҚ: БӘРІНЕ ПАНДЕМИЯ КІНӘЛІ

«Самұрық-Қазына» АҚ «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұңғымаларды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша сатып алуларына қатысты «Жасұлан и Компания» ЖШС-нің хатын қарап шықты. Қордың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу қағидаларына келісімшартты орындау бойынша банктік кепілдік бөлігіне өзгерістер енгізу мәселесі бойынша қазіргі уақытта қордың сатып алу жүйесін реформалау, соның ішінде сатып алудың жаңа тәртібін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, мұнда бұл жайттар ескерілетін болады, деп жауап берді.

Бұл тендерлерге «Ембімұнайгаз» АҚ-ын жоспарлы тексеру аясында бақылау жүргізіледі.

Қалған талаптарға «ЕМГ» АҚ жауап берді:

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ сатып алу қызметін басқару стандартының нормалары облыстың әкімшілік аумақтық аудандары бойынша жұмыс көлемін бөлуді міндеттемейді.

4 МГӨБ-ның жұмыс көлемі ең алдымен, 2020 жылы Covid-19 пандемиясына байланысты қабылданған шектеу және карантин шараларына байланысты бір лотқа біріктірілді. Мердігер мекемелерден ауру жұқтырған қызметкер анықталған кезде, олар жұмысты тоқтатып, барлық бригаданы кен орнынан шығаруға мәжбүр болды. Бұл жекелеген кен орындары мен мұнай-газ өндіру басқармалары бойынша мұнай өндіру жоспарына кері әсерін тигізді, сонымен қатар ұжымдағы әлеуметтік шиеленістің күшеюіне түрткі болды.

Бастапқыда әлеуетті жеткізушілерден екеуден аз өтінім қабылдануына байланысты тендер өтпеді деп танылды. «Атыраугидрогеология» ЖШС, «ҮшқоңырБұрғылау Сервистик Компаниясы» ЖШС және «НИЛ» ЖШС, «KEЗБИ» ЖШС-мен бірлескен «Nissanzhol» ЖШС құрамындағы консорциум өтінімдерінің тендерлік құжаттама талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталып, «ҚазТехмұнайсервис» ЖШС-нің өтінімі қабылданбады. Екінші рет тендерге тағы 4 қатысушы шықты. Екі компанияның өтінімдері қабылданбай, 4 144 508 000 теңге баға ұсынысымен «ҚТМС» ЖШС жеңімпаз деп танылды.

Сертификаттарды беруге қатысты техникалық тапсырмалардың жыл сайын күрделенуіне қатысты - бұл сатып алуда қандай да бір сертификаттарды, шетелдік үлгідегі куәліктерді ұсыну талаптары жоқ екенін түсіндіреміз. Ал «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қызметін басқару стандартының 5-қосымшасының 28-тармағына сәйкес, банктік кепілдікті енгізу міндетті болып табылады.

«Жасұлан и Компания» ЖШС бұл жауапқа қанағаттанбады және түсінікті ереже бойынша бәсекелік күрес құқығын одан әрі қорғауға ниетті.

PETROCOUNCIL - ТЕНДЕРЛІК РӘСІМДЕР АШЫҚТЫҒЫН ҚОЛДАЙДЫ

– Жаңа ахуал емес. Кей жағдайда жер қойнауын пайдаланушылардың конкурстық тапсырмаларды белгілі бір әлеуетті мердігерлер үшін әзірлейтіні туралы сигналдар бар. Мұнайсервис компаниялары дұрыс мәселе көтеріп отыр. Кепілдік ретінде тендер сомасының 20 пайызына дейін болуы керек деген «Самұрық-Қазынаның» талабына келер болсақ, біз де бұл ережелерді нарықтың қазіргі болмысын ескере отырып, өзгерту қажет деп есептейміз. «Қазмұнайгаздың» еншілес кәсіпорындарында да, сол «ЕМГ»-да тендерлік рәсімдер ашық болуы керек, мұндай жайттардың алдын алатын қатаң қоғамдық бақылау болған жөн. Қазір «дербес құқылы» компаниялар жоқ. Біреулердің қамқорлығында болған ірі компаниялар да тендерге жалпы негізде қатысады. Әрине, жер қойнауын пайдаланушыларға бір лотпен сатып алу ыңғайлы, бірақ шағын және орта бизнестің мүддесі ескерілу керек. Оның үстіне, қазір ахуал күрделене түсті, тапсырыстар азайды, әрбір жоба маңызды, - дейді «Атамекен» ҰКП және Kazenergy қауымдастығының жанынан құрылған Petrocouncil мұнайгаз саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту кеңесінің төрағасы Асылбек ЖӘКИЕВ.

- ЕМГ-ге жағдайға түсіністікпен қарап, лоттарды бөлуге болар еді. Оның үстіне, соманы небәрі 0,004%-ға азайту белгілі бір ойларға жетелейді. Егер мұнайсервис қызметкерлерінің күдігі расталса, мұндай фактімен қатаң күресіп, «Қазмұнайгаз» басшылығының назарына жеткізілуі тиіс. Шарттар барлығына бірдей болу керек, осы және басқа да мәселелерде біз мұнайсервис нарығын қолдауға дайынбыз.

Мұнайсервис өкілдері «Жасұлан и Компания» ЖШС-нің көтерген проблемаларын түрлі жиналыс сыртында айтып, жеке әңгіме барысында өзара талқылайды. Оларды жалпы талқылауға батылы бармайды, өйткені бұл жағдайда олар мүлдем жұмыс көлемінсіз қаламыз деп қорқады. Дегенмен, проблеманы мойындау оны шешудің алғашқы қадамы екенін түсіну керек. Оның үстіне қазір біздің мұнайсервис қызсеткерлеріне жақсы мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ холдингі қайта құрылуда, соның ішінде сатып алу жүйесін реформалау жүріп жатыр. Қазір болмағанда, енді қашан?

Зульфия ИСКАЛИЕВА

28 наурыз 2022, 20:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.