Атырау, 7 қазан 09:19
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Көпшілігі аңшылар қоғамына қару иелену үшін мүше болады»

Толықтырылды Сурет
2 078 просмотра

Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамында өңіріміздегі аңшылықты ұйымдастыру мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Белгілі болғандай, 18 наурызда көктемгі аң аулау – аталық үйрек аулау маусымы басталды. Ол 1 сәуірге дейін Исатай, Құрманғазы және Жылыой аудандарының аңшылық алқаптарында жалғасады.

Бұдан бұрын «Охотники.kz» қауымдастығы облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамына хабарласып, кейбір мәселелерді анықтау үшін уәкілетті органдармен кездесу ұйымдастыруды сұраған болатын.

Қозғалған тақырыптардың бірі - браконьерлікпен күрес болды. Дәлірек айтқанда, оның болмауы. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының материалдық-техникалық жабдықталуы нашар, адам жоқ.

– Бізде бүкіл облыс бойынша бір ғана аңшылық инспектор бар – бұл қисынсыз. Ал инспекторсыз қоғамдық аңшы қаруды тәркілеу туралы хаттама толтырып, кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарта алмайды, – дейді қоғамның басқарма төрағасы Вячеслав ЖҰМҰРОВ. Ал аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы Нұрлан ИМАНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, бұл мәселені экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің деңгейінде көтеру керек.

Вячеслав Жұмұров

Жақында облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының құрамына Мақат ауданынан басқа барлық ауданда жалпы ауданы 1 миллион 647 мың 231 гектар алты аңшылық шаруашылығы енді.

– Биыл ақпан айында Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарындағы аңшылық алқаптардан бас тартуға мәжбүр болдық. Қызылқоғада – су қоймалары тайызданғандықтан, Индерде – бүкіл Бағырлай өзенінің бойындағы жер телімдерін малшылар қоршап алғандықтан, Махамбетте – аңшылық шаруашылығының топырақ жамылғысының эрозияға ұшырауынан. Аңшылар құрамы, жабайы жануарлардың жоспарлы есебін және биотехникалық шараларды жүргізу бұл жерлерде шығынды болды, – дейді В.Жұмұров.

Осылайша, бүгінде аңшылар мен балықшылар қоғамына үш аңшылық шаруашылығы бекітілген: Құрманғазы (188 606 га), Исатай (69 460 га) және Жылыой (998 700 га). Бүгінде оларды небәрі 9 қорықшы күзетеді. Аңшылар бұл аумақтарда аң аулауға рұқсат алу үшін қоғамдастықтан жолдама сатып алады, бұл жолдама 7500 теңге тұрады. Айтпақшы, оларды бұл көрсеткіштің жыл сайын неге өсіп жатқаны қатты қызықтырады. Бұған жауап ретінде аңшылар мен балықшылар қоғамының бас аңшысы Александр ИВАСЕНКО мысал үшін күз бен көктем мезгілі арасындағы кезеңді алып, аңшылық жолдаманың өзіндік құнының есебін ұсынды. 9 қорықшының жалақысы айына 60 мың теңге. Аңшылық алқаптарды қорғауға жанар-жағармай шығынын есептегенде 1 млн 166 мың 400 теңге жұмсалды. Биоресурстар үшін төлем – 300 мың теңге, оған қоса квоталар алу үшін есеп жүргізу шығындары, жолдама бланкілерін дайындауға және басқаларына – барлығы 6 миллион 621 мың 640 теңге шығын құрады. Ал аңшылық қоғамының жолдама сатудан түскен табысы 6 миллион 615 мың теңгені құрады, яғни, әңгіме минус 6640 теңге туралы болып отыр.

Бүгінде қоғамда 6400 адам бар, В.Жұмұровтың айтуынша, 2300 адам жолдама сатып алады, 1300-ге жуық адам аңшылық маусымына белсене қатысады.

Бұдан басқа, соңғы екі жылда мүшелік жарна төлемегендер – 1600-ге жуық адам қоғамнан шығарылды.

- Бұл жерде қоғамның 6400 мүшесінің көпшілігі аңшы куәлігін қару иемдену үшін ғана алатынын, ал іс жүзінде аңшылықпен айналыспайтынын түсіну керек, - деді В.Жұмыров. Сондай-ақ, ол 2016-2019 жылдардағы аңшылық қоғамының (осы лауазымда өзінен бұрын жұмыс істеген адамдар тұсында) қызметіне жүргізілген аудиттік тексеру кезінде 56 миллион теңгенің ұрланғанын еске салды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

 

«ҚОЯН ЖЕТКІЛІКТІ»

Сол жақтан үшінші Қайнар Сайфенов

Тағы да сауалдар мен жауаптар.

- Қараңғыда қасқыр мен қорқауды аулауға бола ма және тепловизорларды қолдануға бола ма?

- Жоқ, бұған тыйым салынған.

– Аңшылық қаруды елді мекендерден қандай қашықтықта адамдар үшін қауіпсіз қолдануға болады?

– Атырау облысында тегіс ұңғылы қару үшін бұл кемінде 1 шақырым, иір ойықты қару үшін кемінде 3 шақырым қашықтық.

- Атырау облысында қоян аулауға кем дегенде бір жылға мораторий жариялауды сұраймыз, өйткені соңғы жылдары оның саны күрт азайып кетті, - деді «Охотники.kz» аңшылар мен балықшылар қоғамдастығының әкімшісі Қайнар САЙФЕНОВ. Ол қояндардың популяциясы қалыпта, мораторийдің қажеті жоқ деген жауап алды.

– ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабына сәйкес, елді мекендерде және ол үшін белгіленбеген жерлерде атыс қаруынан оқ атқаны үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу жазасы қарастырылады. Ал жаңа бастаған аңшылар аңшылық маусымынан тыс қай жерде жаттығып, оқ ата алады?

Полиция өкілі осы қажеттіліктер үшін қала әкімдігіне жер ұсыну туралы сұраным жіберу қажет деп жауап берді.

– Көптеген қасқыр мен қарсақ аулаушылар саны реттелетін жануарлар түрлерін аулауға рұқсат алды. Мынаны түсіндіріңізші – рұқсат қағазда Аңшылар және балықшылар қоғамының мөрі болу қажет пе? Сол мөр үшін көп аңшылардың қалаға келуіне қолайлы уақыт бола бермейді.

- Рұқсатнамада аңшылар қоғамының мөрі талап етілмейді. Саны реттеуге жататын жануарлардың түрлерін жоюға рұқсаты бар аңшылар тек аңшылық шаруашылықтарының аумағында аңды аулауы тиіс.

– Шаруа қожалықтарының аумағында аң аулауға рұқсат етілген бе?

- ҚР Жер кодексінің 68-бабына сәйкес, егер біреудің жеке меншігіндегі немесе пайдалануындағы жер учаскесі қоршалмаған болса, меншік иесі учаскеге оның рұқсатынсыз кіруге тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері болмаса, онда меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға зиян келтірмей сол жерлер арқылы кез келген адам өте алады.

- Жайық, Сағыз, Жем, Бағырлай өзендерінің сағаларын өздеріне бекітілген аңшылық шаруашылықтарының аумағына қосуды ұсынамыз.

- Қазіргі уақытта бұл аймақтарда аң аулауға тыйым салынған.

- Аңшылық қару үшін оны тез шығарып алатын қолдан жасалған қаптарды қолдануға бола ма?

 Полиция департаментінің өкілі бұған тыйым салынбағанын айтты. Сонымен қатар, оның айтуынша, үйде қару-жарақ пен патрондар салынған сейфте осы қаруды сақтауға және алып жүруге рұқсат куәлігі мен қару иесінің аңшылық куәлігін де сақтаған жөн. 

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

23 наурыз 2022, 13:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.