Атырау, 7 қазан 09:19
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

38 миллионды су шайып кетті

Сурет Бейнежазба
2 601 просмотра

Индер ауданы Кетебай елді мекеніндегі ауыз су қондырғысының халық игілігіне жарамай тұрғанына табандаған екі жыл болды. Қыруар қаржыға салынған қондырғы айналғанда су астында қалып отыр.

2018 жылы елді мекендегі 11 үйді ауыз сумен қамту үшін бюджеттен 38 млн 864 мың теңге бөлініп, «СтройПроект-2017» ЖШС-і құрылысын жүргізген болатын. ЖШС жобада көрсетілгендей бұл қаржыға 0,6 км су желісі, жерасты су сору және айдау қондырғы стансасы, сыйымдылығы 25 текше метр болатын су көтеру мұнарасы, 25 кВт трансформатор және электр желісі, т. б. жұмыстарын бір жыл ішінде атқарып, 2019 пайдалануға берді. Алайда жергілікті тұғындар ауыз су қызығын көріп жарымады.

- Қазір су ашып кетті, оны ішуге болмайды. Ол жөнінде аудан басшылары біледі, жерасты суы тартылып, табиғаттан деп шықты. Ішетін суымызды аудан орталығынан тасып отырмыз. Сонда бұл стансаны не үшін салды? - дейді Кетебай ауылының тұрғыны Қарлығаш ҚАПАРОВА.

Бүгінде қыруар қаржыға салынған су қондырғысы кілкіген суда тұр. Былтыр да осындай жағдай болған. Ауыз су қондырғысы сайда орналасқандықтан қардың суы еріп нысанның ішіне құйылған.

- Атыраудың гидрогеология саласы мамандарының айтуынша, соңғы жылдардағы құрғақшылыққа, қардың, жауын-шашын мөлшерінің аз болуы жерасты суларының тұздылануына әсер етуде. Жалпы аудан аумағында тұщы су көзі аз екені, тек Бұхар және Кетебай ауылы жанында 7-8 метр тереңдіктегі тұщы су қоры белгіленін айтты. Басқалай 300 метр тереңдікке дейін тұщы су қоры жоқ екенін білдік. Ал Кетебайдағы су қондырғысы Жарсуат округі аппаратының теңгерімінде тұр. Жасыратыны жоқ ол нысан жерасты суы ащы болып кетуіне байланысты халықтың игілігіне пайдаға аспай тұр, - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ.

- Енді қазынаның қыруар қаржысы шыққан су қондырғысы пайдасыз қала ма?

- Судың құрамын анықтау үшін лабораториялық зертхана қондырғысын күтеміз. Жерасты суын тұщытатын қондырғы Қазақстанда, яғни Орал қаласында жасала бастады. Сол қондырғыны алу ойымызда бар, бірақ ол қанша қаржыға шығады, оған қажетті қаржы бөліне ме, белгісіз.

- Егер суды тұщытатын қондырғы көп қаржыға шықса, алынбауы да мүмкін дейсіз ғой. Сонда 38 млн теңге желге ұшып кеткен бола ма?

- Ол да мүмкін. Тап қазір ештеңе айта алмаймын.

P.S. 2018 жылғы бағамен есептегенде Индербор кентіндегі көпқабатты үйлерден 10-шақты пәтер сатып алу мүмкіндігі болған еді... 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор          

22 наурыз 2022, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.