Атырау, 7 қазан 11:25
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Дәріханалар шайқасы

Сурет Бейнежазба
2 153 просмотра
Әсел Әдиева (сол жақта)

Атыраудағы шағын дәріханаларға банкротқа ұшырау қаупі төніп тұр. Бөлшек сауда желілері бар ірі фармацевтикалық компаниялар демпинг арқылы шағын және орта бизнесті нарықтан ығыстырып шығаруда.

Бұл туралы шағын дәріхана иелері ұйымдастырған «дөңгелек үстел» жұмысы барысында айтылды. Олар облыс әкімдігіне, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне, табиғи монополияларды реттеу комитетіне, Денсаулық сақтау министрлігіне, Бас прокуратураға, тіпті мемлекет басшысына да петиция жолдаған. Жиынға қатысу үшін Атырауға арнайы келген Қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі Талғат ОМАРОВ кездесуді жүргізіп отырды. Оның айтуынша, «СК Фармация» АҚ елді дәрі-дәрмекпен небәрі 30%-ға, ал бөлшек сауда желісі дәріханалары 70%-ға қамтамасыз етеді және бұл фактіні ескермеуге болмайды.

Талғат Омаров

Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің мәліметінше, бүгінде өңірде 349 дәріханасы бар 224 фармацевтикалық бизнес субъектілері жұмыс істейді. Айтпақшы, бұл шараға дәрі-дәрмектің көтерме саудасымен айналысатын дәріханалар желісінің бірде-бір өкілі қатысқан жоқ.

– Көтерме компаниялар өздерінің монополиялық жағдайын және орасан зор материалдық ресурстарын пайдалана отырып, қала мен ауылдарда жаппай дәріханалардың бөлшек желісін ашады. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес үстеме баға 35 пайыздан аспауы керек дегенмен, олар бізге өз қоймаларынан дәрі-дәрмектің бағасын 50-ден 100 пайызға дейін көтеріп сатып жатыр, дейді дәріхана иелері. Осыған байланысты олар құзырлы органдардан бағаны реттеуге көмектесуін немесе көтерме компанияларға бөлшек сауда желісін ашуға тыйым салуды сұрап отыр.

Атыраудағы жеке көтерме қоймалары бар және көтерме саудамен айналысатын дәріхана желілерінің тізімі:

«Зерде» ЖШС – «Зерде» дәріханалар желісі;

«Ақ-ниет» ЖШС – «Еврофарма» дәріханалар желісі;

«Аманат» ЖШС – «Биосфера» дәріханалар желісі;

«Медсервис» ЖШС – «Фармаком» дәріханалар желісі;

«Рауза» ЖШС – «Рауза» дәріханалар желісі;

«Атамирас» ЖШС – «Алмасат» дәріхана желісі;

«Мұрат-фарма» ЖШС - «Мұрат-фарма» дәріханасы;

«Іңкәр» ЖШС – «Аптеки со склада» дәріханалар желісі.

Үмітхан МҰСАБАЕВА (сол жақта)

ТҮБІРТЕКТЕН КӨРІНІП ТҰР

Шағын және орта дәріхана иелері жеке көтерме қоймалары бар кейбір дәріхана желісінен сатып алған дәрі-дәрмектің түбіртегін көрсетті. Көтерме саудагерлер сататын дәрі-дәрмек бағаларын да жариялады. Бұл бағалар әртүрлі және шағын ЖК пайдасына емес. Мысалы, «Зерде» өз дәріханаларында сыртқы қолдануға арналған «Бепантен» жақпа майын (30 г) 1680 теңгеден сатып жатыр. Ал басқа дәріханаларға (бәсекелестер деп алайық) өз қоймаларынан бұл тауарды 1710 және 1851 теңге бағамен сатып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 29 желтоқсандағы «Дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағаларын, бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаны бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, «Бепантен» өндірушілерінің бағасы 1296 теңге. Ал дәріхана қожайындары оны 2000 теңгеден сатуға мәжбүр.

– Біз үшін бұл кәсіп табыс пен күнкөрістің бірден-бір көзі. Біз осы қалада тұрамыз, балаларды тәрбиелеп, Қазақстанның дамуына және өз қажеттілігімізге ақша жұмсаймыз. Қазір фармацевтикалық қызмет нарығын монополиялау бар, бұлай жалғаса берсе, бұл ақша 5-10 адамды ғана байытады. Бізде Атырауда «Зерде» және «Еврофарм» желілері бар. Бөлшек сауда айналымынан босаған ақшаны фармацевтикалық өндіріске, зауыттар мен фабрикаларға салсын. Пандемия кезінде олар қомақты қаржы тапты, «Қазақстан халқына» қорын қаржыландырсын, -   дейді Атыраудағы фармацевтикалық нарық субъектілері. 

Айта кетейік, ақпан айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономика саласындағы белгілі бір шеңбердегі адамдардың, яғни Қазақстандағы олигополияның үстемдігі туралы мәселені көтерген болатын.

– Бұл нағыз бәсекелестікке, кеңірек айтсақ, әділдікке кедергі келтіреді. Бұл мәселені шешпесек, экономикамыз дамымайды, ал ішкі саяси жағдай одан сайын қиындай түседі. Сондықтан менің басты мақсатым – экономикада болсын, саясатта болсын, барынша монополиядан арылу, – деді президент.

Ал, дәріхана иелерінің пікірінше, бұл компаниялардың тарапынан демпингтер болашақта нарықтың монополиялануына әкеледі.

– Өйткені біз бәсекеге төтеп бере алмай, амалсыздан дәріханаларымызды жабуға мәжбүр боламыз. Сол кезде бұл монополистер билік пен фармацевтикалық өндірушілерге өз шарттарын қойып, дәрі-дәрмек бағасын өз қалаулары бойынша көтеретін болады. Көтерме компаниялар бүкіл ел бойынша дәрі-дәрмекті сатқанда, бүкіл айналымнан көп ақша алады - 50-ден 100% -ға дейінгі үстеме бағалар оларға қомақты материалдық ресурстар әкеледі, - дейді дәріханашылар.

Сондықтан олар көтерме дистрибьюторлар үшін өндірушінің бағасынан шекті үстемені 20% деңгейінде бекіту туралы шешім қабылдауды ұсынады. Олардың пікірінше, бұл шешім импортталатын дәрі-дәрмектің құнын айтарлықтай арзандатады.


ТЕКСЕРУГЕ МОРАТОРИЙ КЕДЕРГІ

– Көтерме саудагерлерінің өз дәріханаларына төмен бағада беретініне көзқарасыңыз қандай? Осымен айналысатын комиссия құруға дайынсыздар ба? – деп сұрады Талғат Омаров кездесуге қатысқан мемлекеттік орган өкілдерінен.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әсел ӘДИЕВАНЫҢ айтуынша, олар дәрі-дәрмектің көтерме бағасына талдау жасайды.

- Егер бәсекелестікті қорғау саласындағы заң талабын бұзу фактілері анықталса, атап айтқанда, картельдік келісім белгілері (бәсекелестер арасындағы баға туралы өзара келісім, яғни сөз байласу) анықталса, тиісті шаралар алынады. Біз кәсіпорындарға хабардар етіп, қажет болған жағдайда тексеру белгілейміз. Ал оның қорытындысы бойынша ҚР ӘҚБтК-іне сәйкес айыппұл саламыз. Бірақ бағаға талдау жүргізіп, сұраныс жасап, содан кейін жұмыс нәтижесі бойынша сіздерге жауап беруіміз керек болғандықтан, қазір ештеңе айта алмаймын, - деді Ә.Әдиева.

– Демпинг жоқ деп айта аласыз ба? — деп сұрады Омаров.

- Әзірге демпинг бар деп айта алмаймын. Мұны баға талдауы көрсетеді. Өйткені, мысалы, «Зерде» жергілікті дәріханаларға көтерме бағамен дәрі-дәрмек сатпайтынын айтты. Ал сіз олардан көтерме бағамен аламыз және бұл бағалар оларда жоғары дейсіз. Бұл жағдайда маған осы факт бойынша ақпарат қажет.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Үмітхан МҰСАБАЕВА оларға күн сайын дерлік дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарының шекті бағасының асып кетуіне қатысты шағымдар түсетінін айтты.

– Бізде шекті бағалар бекітілгенімен, біздің субъектілер талаптарды бұзып жатыр. Олармен dari.kz мобильді қосымшасы арқылы танысуға болады, – деді Ү.Мұсабаева.

Сондай-ақ, ол 2023 жылға дейін шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланғандықтан, монополияға қарсы комитет те, олардың департаменті де, Денсаулық сақтау министрлігі де әзірге бәсекелестік ортаға араласа алмайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, Фармацевтикалық бақылау департаменті қадағалау және бақылау функцияларымен қатар, фармацевтикалық қызметке лицензия беру, атап айтқанда, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру және көтерме және бөлшек саудада өткізу бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетеді.

– Біздің заңнамада дәріхана нысандарын ашуға және жабуға тыйым салынбаған. Жақында көпшілігі жаңа нысандар ашты, ал сіз бәріңіз бәсекелес ортасыз. Монополияға қарсы қызмет баға мәселесін реттеп, оларды сараптағаннан кейін қорытынды жасауға болады. Біздің департамент бұл мәселені заңнама аясында шешетін болады, – дейді Ү.Мұсабаева.

Талғат Омаров тек бұйрықты орындаумен шектеліп қалмай, мәселені Денсаулық сақтау министрлігіне жеткізуді сұрады.

 

ДҰРЫС ЖҰМЫС ЖАСАЙЫҚ, ӘЙТПЕСЕ КОНТРАБАНДА ТОЛАДЫ 

Осы жерде оны «Гиппократ» дәріханалар желісінің иесі Гүлшара ЕСҚАЛИЕВА қолдады, оның сөзі өте эмоционалды болды:

– Сіз тексеру жұмыстары бізде бәрі жақсы екенін көрсетті деп, хатымызға жауап беріп, ал нәтижесінде алты айдан кейін жабылып қалмайық. Бұлай болмауы керек! Мұны түбегейлі реттеуіңізді өтінеміз. Егер баға демпингі болса, кінәлілер жазаланғанын қалаймыз. Егер заң көтерме қоймасы бар дәріханалар желісін жабуға мүмкіндік бермесе, жаңа заң шығару керек. Олар біздің мүддемізді қорғауы керек. Қазір нақты жағдай өте нашар. Алдымыз наурыз айы, салық төлеуіміз керек. Ал егер бүкіл дәрі-дәрмек сатылымы тек «Зерде» арқылы өтетін болса, қай ақшадан салық төлейміз? Бізді естісеңіздер, жоғары жаққа жеткізсеңіздер екен! Егер жеткізбесеңіздер, біз пикет ұйымдастырып, Ақ үйге барамыз! Өз басым барамын! Жалпы, бұл мәселені 2019 жылдан бері айтып келемін, бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Бұлай жасауға болмайды, өйткені еуропалық фармацевтикалық өндірушілер кетеді деп жаздым, олар біздің нарықтан кетті. Контрабанда болатынын айттым. Ал қазір қаладағы қаншама дәріхана контрабандамен отыр – толып жатыр! Өйткені дәрі-дәрмек жоқ, адамдарға емделетін нәрсе керек. Мен оларды кінәламаймын. Мемлекет бізді осыған итермелеп отыр. Егер контрабанда енсе, жалған өнімдер болады. Ешкімнің өлмейтініне, уланбайтынына кім кепіл? Мұндай кепілдік жоқ!

Дұрыс жұмыс істейтін уақыт келді! Дұрыс ел қалыптастырайық деді ғой, қанеки, осындай ел болайық! Осындай заңдарды шығарайық! Біздің аузымызды жабудың қажеті жоқ, қатты өтініп сұраймын! Бізді қорқытып, бір-бірлеп шақыртудың қажеті жоқ. Адамдарға осындай көзқараспен біз ешқашан гүлденген Қазақстан бола алмаймыз! Менің үстеме бағам 50% болса, фармацевтеріме 300-400 мың теңге жалақы төлеуге келісемін. Егер маған демпинг жасаса, қыспаққа алса, 15% үстемемен 300 мың теңге жалақыны қалай төлеймін? Бізде бәрі жақсы деп айтпаңыз! Бізде бәрі нашар. Нашарлығы соншалық, заңды түрде шара қолдану керек! Келісесіздер ме, кәсіпкерлер? – деді ол әріптестеріне бұрылып. Олар белсенді түрде қолдады.

Дәріханашылар шекті бағадағы алшақтық өндірушілер арасында да байқалатынын атап өтеді. Олар бұл жерде біреудің мүддесі және көтерме саудагерлер мен өндірушілер арасында сөз байласу бар деп есептейді. Мысалы, камфора майы кейбір өндірушілерде 200 теңге болса, енді біреуінде 500 теңге тұрады, дейді фармацевтердің бірі. Оның пікірінше, мұның бәрін көтерме саудагерлер бағаны көтеріп, тауар айналымынан көп пайда табу үшін жасалып отыр.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

17 наурыз 2022, 10:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.