Атырау, 7 қазан 11:31
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Құлсарыдағы лицейдің жағдайы мәз емес

Сурет Бейнежазба
2 601 просмотра

Жылой ауданында Құлсарының сыртында 12 жыл бұрын мектеп салынды. Оны бес жылдан кейін дарынды балаларға арналған лицейге өзгертті. Мұнда қазір 230 бала білім алса, 32 мұғалім еңбек етеді. Ал ғимараттың қазіргі күйі мәз емес.  

-Тілшісіз бе? Келгеніңіз қандай жақсы болды! Мұңымызды кімге айтатынымызды білмей жүр едік. Бұдан әрі шыдау мүмкін емес, - деп қарсы алды мені қызметкерлердің бірі.

Бірінші қабаттағы асхананың кейбір бөлмесінің қабырғаларында бұдан 2-3 жыл бұрын жарықтар пайда бола бастаған. Онысы кейін тіпті ұлғайып, ұзыннан түскен үлкен тесіктерге айналған. Кейбір бөлмелерді жауып тастауға тура келген. Бірінші қабаттан басталған қабырғалар мен төбедегі жарықтар үшінші қабатқа дейін жеткен. Мұндағылардың айтуынша, айналаға су жиналып ылғалда тұрғандықтан ғимараттың бір бөлегі төмен түсіп, жерге кіріп барады екен.

- Асханадан 200-ге жуық бала тамақтанады. Ештеңе жетіспейді, не электр пеші, болмаса ыдыс-аяқтар тапшы. Күні бүгінде торт пен қаймақтан немесе басқа да тағамдардан қалған мына пластик, пластамасса ыдыстарды пайдаланып келеміз, - дейді бас аспаз Бақтыгүл МУСИРБАЕВА. - Өткен жылдың желтоқсанында облыстық білім басқармасына барып, осындай жетіспеушілікті, ыдыстарды жаңарту керек екенін айттым. СЭС қызметкерлері келіп көріп, директормен тілдесе алмай кетті, ал шаруашылық ісі қызметкеріне айыппұл салды. Сонда оның жазығы не? Ыдыстардың жетіспейтінін екі жыл бойы айтып келемін. Пештер дұрыс жұмыс жасамайды, жамап-жасқап пайдаланып келеміз. Асхана жұмысшыларының формасы жоқ, берілмейді. Осыларды айтсам, менен жаман кісі жоқ.

Аспаздың айтуынша, төрт тоңазытқыш істен шыққан, ал бір пеш екі жылдан бері жұмыс жасамайды. Нан сақтайтын бөлме апатты күйде болғасын есігін жауып тастауға тура келген. 

- Ғимараттың үшінші қабатындағы  дәліздің, душ, қол жуатын бөлмелердегі қабырға, төбе сылақтары түсіп жатыр. Терезе шақ келмейді, өздігінен шытынап, жарылып жатыр. Ауыстыра-ауыстыра шаршадық. Бұл ғимарат отырғандықтан болар. Қыста салқын. Лицейге қатынау да қиын, такси келмейді, себебі бұрылыс жолымыз жаман, - дейді қызметкерлер.  

Лицей директоры Улугбек ДЖУНУСХОДЖАЕВТЫҢ кабинетіне бас сұқтық.

- Сізді кім жіберді? Не себептен келдіңіз? - деп тергеп алды. Жөн сұрасқаннан кейін жағдайды баяндады:

- Жалпы лицейдің қазіргі жағдайы стандартқа сай емес. Бұл ғимаратта жатақхана жоқ, үшінші қабатты балалар мен кейбір мұғалімдерге жатақхана ретінде беріп отырмыз. Стандартқа сәйкес, бұл жерде 100-ақ бала оқуы керек, ал бізде - 230 бала бар. Оқу процесіне үлгеру үшін бәрі осы ғимаратта жатады. Тек сенбі, жексенбіде ата-анасы үйге сұрап алып кетуі мүмкін.

- Осы жылдар ішінде күрделі жөндеу болды ма? 

- Осыған дейін екі рет кішігірім жай жөндеу болған. Шатырдан бастап істен шыққан канализацияға дейін толған проблема. Құбырлар ескірді, септик тез толып қалады, екі күннен кейін ассенизатор келмесе, онда әжетхана, жуынатын бөлмеде проблемалар туындайды. Шатырдың кейбір бөліктері ұшып кеткен, оны өзіміз жөндеп алып жатырмыз. Жалпы ғимараттың «Б» корпусы өте қиын жағдайда тұр. Кезінде ғимараттың астына су кетіп, бір бөлігінде жарықтар пайда болды.  Жалпы дарынды оқушыларға арналған лицей болғанымен, ғимараттың сыртында балалар демалысы үшін ешқандай жағдай жасалмаған.

- Онша маңызды болмаса да, асханада ыдыс жетіспейді деп еді.

- Ыдыс проблема емес, ол біртіндеп шешіліп келеді.

- Күрделі жөндеу жоспарда бар ма? 

- Жалпы лицейдің 2020 жылы жөндеу ісіне сметалық жоба жасалған. Толық жөндеп қалыпқа келтіруге 1,6 млрд теңге қажет. Қаражаттың бөлінгенін күтіп отырмыз...        


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

11 наурыз 2022, 20:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.