Атырау, 7 қазан 13:25
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жолсерік Айнұр Құсайынова: "Жұмысым өзіме ұнайды"

Сурет
2 186 просмотра

Отыз жылға жуық «Атырау-Алматы» пойызында жолсерік болып жұмыс істеп жүрген атыраулық  Айнұр ҚҰСАЙЫНОВА қызмет барысында бірнеше оқиғалармен жолығып, тіпті жас ананы босандырып алған. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында онымен жұмысы мен өмірі туралы әңгімелесудің сәті түскен еді.  

Айнұр Құсайынова Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында өмірге келіп, сол ауылда өскен. 29 жасында жолсерік болып жұмысқа тұрған, содан әлі сол қызметті атқарады. 

- Неге сіз осы мамандықты таңдадыңыз?

- Миялыдан мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласының техникумында сауда қызметі (товаровед) мамандығында оқыдым. Бірген соң Миялыда мамандығыммен дүкенші болып қызмет еттім. 90-жылдары Атырауға келіп, теміржолға жолсерік болып орналастым. Оның да өз қызықтары бар, Үнемі жолда жүресің... Жұмысым өзіме ұнайды.

- Жолсерік болу үшін қандай қасиет керек? Міндетіңізге не кіреді?

- Біздің жұмыс жартылай әскери болып саналғандықтан, кез келген уақытта жол жүруге дайын болуымыз қажет. Кейде жолаушылар ағынының көбеюіне байланысты қосымша вагондар қосылып, аяқастынан шақырып қалатын жағдайлар болады. Осындай жедел жағдайға дайын болуымыз шарт. Жолсерік болу ұқыптылықты және өз ісіңе адалдықты талап етеді. Жолаушыларға жылы шырай танытып, әрқашан вагонымыз таза, іші жылы, шәйіміз қайнаулы болу керек. Вагон жылыту үшін от жағу да біздің жұмысымыз. Қазір жаңа вагондарда 50 пайызға дейінгі жылу төменгі қуатты электр энергиясымен беріледі. Одан әрі жылуды көмір жағумен жылытамыз.

- Айына неше күн пойызда жүресіз, қанша күн демаласыз?

- Алматыға айына 2-3 рет барып келеміз. Мысалы менің кезекті жол жүруім 9 наурызға келіп тұр. Атырау вокзалынан 22:50 де жол жүрсек, (53 сағат 45 минут жол жүреді) Алматы-2 вокзалына 12 наурыз күні таңғы 5 жарымда жетеміз.

Сол күні 13:30 қайтадан екінші Алматыдан жолаушылармен кері бағытқа шығып, Атырауға 14 наурызда келеміз. Бір күн демалып келесі күні қайтадан Алматыға шығамыз. Дәл осылай 2 рет кейде 3 рет қатар саяхат (поездка) жасағаннан кейін 5 күн демаламыз.

- Жолсапарда жүргенде қандай оқиғалар болды?

- Бұрындары 20-30 минут аялдайтын станцияларда жолаушылар пойызға үлгере алмай қалатын жағдайлар болды. Одан кейін қауіпсіздік үшін қазір пойыз жүруіне 5 минут қалғанда жолаушыларға ескертіп, есікті жауып аламыз. Кешігіп қалған жолаушылар таксимен қуып жетіп алады.

Өз басым жол үстінде толғақ қысқан аналарға бірнеше рет көмектестім. Соның біреуін тікелей өзім босандырып алғаным есімнен кетпейді. Ол 7 жылдан бері құрсақ көтере алмай жүрген атыраулық жас ана болды. Тұңғыш баласын өмірге әкелуге Астанаға квотамен босануға бара жатыр екен. Станцияға жақындағанда толғағы басталып жатқанын айтты. Содан жүгіріп, бүкіл вагонды аралап жолаушылардың ішінен медбике тауып әкеліп, купедегі жолаушыларды дәлізге шығарып босандыруға кірістік. Шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. Босанғаннан кейін бірер сағаттан соң пойыз станцияға тоқтап, сол жерден күйеуі үшеуін "жедел жәрдемге" отырғызып жібердік.

Жолаушыға көмек көрсету өзіміздің міндетіміз болғаннан кейін ол туралы ешқайда айтпадым. Бір аптадан кейін басшымыз шақырып алып, ҚТЖ ның марапатын берді. Менің еңбегім туралы ұлды болған келіншектің күйеуі айтып, басшымызға алғысын білдіріп кеткен екен.

- 90-жылдармен салыстырғанда қазіргі жолсеріктің жұмысы қалай өзгерді?

- Ол вагондармен қазіргіні салыстыруға келмейді. Қазір бәрінде салқындатқыш, қысқа толқынды пеш, пультпен басқарылатын жылу, 19 литр суына дейін бар. Бәрі батырмамен жұмыс істейді. Бұрындары ұйықтамастан бірнеше сағат от жағып, жолаушылар отырмастан бұрын вагондарды жылытып қоятынбыз.  

- Барған жерде қонақ үй беріле ме?

 041/42 пойызында қазір қонбай кері шығамыз. Бұған дейін таңертең барып, келесі күні түстен кейін шығатын кесте болған кезде өзіміздің вагонде қонамыз. Пойыздың дөңгелегі айналмаған кезде бізге ақша төленбейді. Тамағымызды да өзіміз аламыз.  

- Жолсеріктерге қандай жеңілдік қарастырылған?

- Үш жылда бір рет шипажайға жолдама беріледі. Одан бөлек Қазақстан ішінде кез-келген қалаға өзіміз тегін сапар шеге аламыз. Яғни кез келген пойызға мінген билетімізді есепшіге тапсырсақ 100 пайыз ақшасын қайтарып береді. Медициналық сақтандыру бойынша тегін емделе аламыз. 

- Тұрақты вагоныңыз бола ма? 

- Мен 11 вагонда тұрақты жүремін. Алыс жол болғаннан кейін екі жолсерік боламыз. Ол көмекші емес, екеуміздің міндетіміз бірдей. Мысалы мен таңертең 8 ден кешкі 11 ге дейін жұмыс істесем, кешкі 11 ден таңертеңге дейін серіктесім атқарады.

- Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

- Отбасымда егіз ұл-қызым, жолдасым бар. Жолдасым да теміржолшы болып істегін алматылық жігіт. Жұмыс бабымен іс-сапарда жүргенде танысқанбыз. Кейін жолдасым жұмыс істеп жүрген кезінде құлап, мүгедек болып қалды. Қызымыз тұрмыста, ұлымыз ата-анасының жолымен теміржолшы мамандығын таңдап 3 жылдай еңбек етті. Кейін жеке кәсіпке ауысып кетті.

Әрине отбасылы әйел адамға алыс жолда жүру оңай емес. Әсіресе егіз балаларым өсіп жетіліп кеткенше қиындық тудырды. Ол кезде балаларымды қарауға анам көмектесті.

- Алыс жолға жүргенде жолаушылар жолсеріктен шашка, шахмат сұрай ала ма? Соңғы кезде жолсеріктер жоқ деп жауап береді.

- Иә, қазір жолсеріктерге шахмат берілмейді. Жолаушылар жолсеріктен алғашқы көмекке қажетті дәрі дәрмектерді сұрай алады. Мысалы тамақтан уланса т.б. дәрі-дірмектерді жолсеріктен сұрай алады. Сондай-ақ, әр вагонда шәй ішуге арналған кесе, қасық, құман, тарелке қарастырылған.

Жолсерік болам деушілерге қандай кеңес бересіз?

Жолсерік болу үшін жасыңыз 18 ден асқан болу керек. Теміржол мамандығын бітіріп, теміржол қызметінен хабардар және білімді адам болғаны жақсы. Одан кейін техникалық қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі секілді әр түрлі сынақтардан өтеді. Жұмысты ұнатып, халықпен тығыз жұмыс істей білу керек. Одан кейін, әрине, мамандығын жақсы көру керек.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет А.Құсайынованың архивінен алынды

8 наурыз 2022, 18:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.