Атырау, 7 қазан 13:18
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қалым әженің жүзінші көктемі

Сурет
1 732 просмотра

Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында қазыналы қарт әже Қалым САҚЫП 100-ші көктемін қарсы алды. Қаумалаған ұрпақтарының ортасында ғұмыр кешкен әжей бүгінде ең бақытты жан.

Екі, үш жылдан бері көзінің көріңкіреуі нашарлағаны болмаса әжей әлі тың, тамаққа тәбеті жақсы.  Әңгімесінен жаңылмай, өткенін ұмытпай, есте сақтау қабілеті мықты. Жан-жақта жүрген балалары, немере, жиендерін «түгендеп», амандығын біліп отыру күнделікті дағдыға айналған. Осыны білетін балалары жиі бас қосады.

- Сәл хабарласпай қалсақ алаңдап бітеді, қайда жүр екен, ауырып қалмады ма екен деп. Өз балалары зейнет жасында болуына қарамастан анаға бәрі бала ғой. Әжем жүз жасқа толды, екі ғасырды көріп отыр. Наурызда осы мерей тойын атап өткіміз келіп дайындалып жатырмыз. Сізді де шақырамын. Ал қыз-келіншектер мерекесіне орай құттықтаулар көбейді. Бәрі хабарласып жатыр, ұрпағымен қоса аудандық әкімдіктен де арнайы келіп құттықтап кетті. Әжемнің есте сақтау қабілеті күшті, өзі туралы әңгімесін өз аузынан айтып береді, - дейді немересі Болатбек ІҢІРБАЙ.

Қалым әжей осы жасында небір қиындықты да, қуанышты күндерді басынан өткізді. Ол 1922 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Көлтабан ауылдық кеңесінде дүниеге келген болатын. 1940 жылы Жданов атындағы ұжымшарда жұмысшы болып еңбек жолын бастаған ол Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін Ноғайты теміржолында жұмыс жасады.

- 1943 жылдың құркүйек айында «Астрахан-Атырау» теміржол құрылысына жіберді. Жүздеген қыз-келіншек қара жұмысты ерлерше атқардық. Баспана да болмады, жертөле қазып сонда тұрдық. Тамақ жарытусыз. Әсіресе қыста қиын болды. Бірақ біз бәріне шыдадық. Жеңіске жетуге осылайша үлесімізді қосқанбыз, - дейді Қалым әжей.  

Әжім торлаған жүзі күреңіткен Қалым әжей кейбір «шолақ бастықтардың» болғанын әңгімеледі. Шаш ал десе, бас алатындардың кесірінен отбасы басшыдан айырылды. Әкесі соғыс кезінде колхоздың жылқысын бақты, шаруасын адал атқарды. Бір құлынды қасқыр жеп кетіп, онысын дәледегісі келсе де сауаты жоқтар тыңдамай, "ұрлық" жасадың деп мойнына іліп тастап, лагерге айдап жіберді. Әкесі сол сотталғаннан мүлдем хабарсыз кетеді.

- Шиеттей бес баламен аңырап қалған анамыз соларды жетілдіру үшін бар ауырпалықты бастан кешті. Бірақ басымызға түскенді көрдік.  

Бойжеткен Қалым 1946 жылы соғыстан келген Сағыз ауылының жігіті Іңірбай САҚЫПОВПЕН сөзі жарасып, тұрмыс құрады. Бас қосқан екі жас В. И. Ленин атындағы кеңшарда зейнетке шыққанша мал бақты. Абыройсыз болған жоқ, еңбектері еленіп, зор құрметке бөленді. Қалым әжей бірнеше рет аудандық Советтің депутаты болды. Іңірбай да еңбегінің арқасында бірнеше рет марапаттарға ие болып, орден-медальдар тақты.

- Өмірлік қосағым Іңірбай 84 жас жасап, өмірден озды. Екі ұл, екі қызымнан өрбіген ұрпақтарым алыс, жақында жүрсе де үнемі қал-жағдайымды біліп тұрады. Мен үлкен ұлым Қаримолланың қолындамын, кішісі Елеусін отбасымен Құлсары қаласында тұрады. Ұлдарым зейнеткер. Қыздарым да тұрмыс құрып, үлкен шаңырақтың отанасы болып отыр. Үлкен келінім Қарымсақ пен немере келінім Толқын екеуі бабымды тауып отыр. Немере, жиен, шөберелер бар, бәрі-бәрі көңілімді табуға тырысады. Енді ғасыр жасыңды ұлығылап үлкен той етіп өткіземіз деп жатыр. Бұдан артық ата-анаға не марапат керек.

Әңгіме аяғында Қалым әжей батасын берді: «Біздің көрген қиыншылығымызды кейінгі ұрпақ көрмесін. Аллам тек ел тыныш, ұрпағымыз саналы болсын деп тілеймін» деді. Біз де әжейге бейнетсіз ұзақ ғұмыр тіледік.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор           

8 наурыз 2022, 17:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.