Атырау, 6 қазан 12:38
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Тергеудің аяқталуын күтуге тура келеді»

2 268 просмотра

Вице-премьер Бақытжан САҒЫНТАЕВ бастаған, Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, оның орынбасарлары (олардың ішінде Сәлімжан Нақпаев та бар) мен басқа да жергілікті шенеуніктер қостаған делегация жұмыс сапары барысында облыстағы бірқатар нысандарға ат басын тіреді.

Олардың ішінде қаланың сол жақ жағалау бөлігіне арналған кәріздік-тазарту ғимараты кешенінің құрылысы (8,6 млрд теңге) да бар. Бұл қағаз жүзінде ғана толықтай салынып, тапсырылған проблемалы нысандардың бірі.  

– Бүгінде барлығының ақысы төленді, орындалған жұмыс актісіне қол қойылып, жұмыстар қабылданып алынғандай болды. Бізде барлығы 34 проблемалы нысан бар, оның 15-іне артық қаржы төленген: 5 нысанға республикалық бюджеттен және 10-ына – жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. 34 нысанның 22-сін «СнабОйлСтрой» салды. 5 нысан бойынша 8 млрд және жергілікті бюджеттен төленетін нысандар бойынша тағы 2 млрд теңгеден астам қаржы артық төленді. Қазір құрылыстардың барлығы иесіз қалған. Компаниялар күзетіп отыр, бірақ бәрі талапайға түскен. Жақында ғана қиыршық тас үйіліп жатқан еді, қазір ғайып болған, - дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Тимуржан ШАКИМОВ.

Вице-премьер «Амангелді» балық шаруашылығы кооперативінде, АМӨЗ-де, Дамбының оңтүстігіне қарай орналасқан Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасында болды. База өткен жылдың 28 желтоқсанында тапсырылған еді.

– 2011 жылдың 15 шілдесінде ештеңе болған жоқ. Біз базаны өте қысқа мерзімде салдық. Жоба бойынша базада 12 кеме қарастырылған, соның ішінде 1 қолдау баржасы, 2 шағын буксирлік кеме, 4 жүрдек катерлер және т.б. қарастырылған. NCPOC компаниясы көктемде бүкіл жабдықтарды апарып, нысанды пайдалануды бастамақ, -  деп баяндады «Теңіз Сервис» компаниясының директоры Ғазиз ҚҰСАЙЫН.

Туберкулезге қарсы күрес ауруханасының маңындағы көппәтерлі тұрғын үйге барған вице-премьер ағымдағы жылдан бастап игерілмей қалған, соның ішінде тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында игерілмеген қаржылардың алып тасталып, басқа облыстарға берілетінін мәлімдеді.

Үй тұрғындарының бірі Мұрат ҚҰМАРОВ (суретте) кейбір тұрғындардың қағаз жүзінде жаңғыртуға қомақты ақшалар бөлініп, ал іс жүзінде компаниялар үйді жөндеуге анағұрлым аз ақша жұмсайды деген пікірін жеткізді.

57,5 млн теңгеге жаңа үй салуға болады. Біз бұл жерде қандай жөндеу жүргізілгенін көрдік, оған берілген кепілдік бар болғаны 2 жыл. Ал одан кейін не болатыны әлі белгісіз, - деді ол.

Баспананың шаршы метрі қанша болатынын білесің бе? Ол не дегенің? – деп оны жөнге салмақ болды облыс әкімі.

Бұл жөндеу жұмыстары мұндай ақша тұрмайды, - деп айтқанынан қайтпады Мұрат Құмаров.

Ол құрылысшы да, смета жасаушы да емес, оның ешқандай есептері жоқ. Жөндеуге дейін  үй сусыз, кәрізсіз және жылусыз қорап секілді еді. Жөндеу жұмыстары 40 млн теңгеге шықты, 2 қазаннан тұратын автономды қазандық 17 млн теңге тұрады, - деді үйді күрделі жөндеумен айналысқан «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директоры Әлем УАЛИЕВ тұрғынның ескертпесіне түсінік беріп.

Тұрғындарға жөндеу жұмыстары ұнады ма, жоқ па, бірақ оларға сол үшін 10 жыл бойына төлеуге тура келеді. Алаңы 58,1 шаршы метр болатын 3 бөлмелі пәтер тұрғындары үшін ай сайынғы төлем 5 514 теңгені құрайды.

Вице-премьер Бақытжан Сағынтаев облыстық әкімдіктегі кеңесте жұмыс сапарын қорытындылады. Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар компаниялар салып жатқан нысандардың әрі қарайғы тағдыры белгісіз қалып отыр.

Ақырғы шешімге келу үшін тергеу амалдарының аяқталуын күту қажет. Бұл шамамен мамыр-маусым айлары болмақ. Әрине, оларды осындай күйде қалдыруға болмайды, - деп келісті Сағынтаев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

22 ақпан 2013, 17:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.