15 наурыздан бастап Маңғыстау және Атырау облыстарының Дурнев және Ремонтные шалыги (Ақтоты) аралдарында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізугі үшін Каспий итбалықтарын аулау басталады. Жұмыс 15 мамырға дейін жалғасады. Екінші кезең – 15 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында. Барлығы 156 Каспий итбалығын зерттеу жоспарлануда.
Каспий итбалықтарын алып қою туралы қаулылар мен басқа да нормативтік құжаттар «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылау үшін жарияланды. Жоба «Регрессия кезеңінде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі Каспий итбалығы популяциясының құрылымы, таралуы, саны және түрдің тіршілік ету ортасын сақтау жөнінде ұсыным әзірлеу» деп аталады. Тапсырыс беруші – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, атқарушы – «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Гидробиология және экология институты.
Жобаның ғылыми негіздемесінде айтылғандай, итбалықтар ауланып, таңбаланып, қажетті параметрлерді алғаннан кейін аулау жерінде теңізге жіберіледі. «Зерттеу міндеттеріне итбалық шоғырының қалыптасу жағдайларын, олардың жастық және жыныстық құрамын зерттеу, итбалықтардың таралуын талдау, антропогендік факторлардың әсерін бағалау және динамикалық режимдегі мекендеу ортасын сақтау мүмкіндігін бағалау кіреді. Спутниктік зондтау, дрондар арқылы шоғырлар санын есептеу және өлшем құрылымын анықтау, фото-бейне құжаттама негізінде әрекетін зерттеу, спутниктік белгілермен таңбалау және итбалықтарды чиптеу, биохимиялық және вирусологиялық талдау үшін ультрадыбыстық тексеру және қан сынамаларын алу, нәжісті талдау арқылы итбалықтардың қоректенуін зерттеу. Нәтижесінде Каспий итбалығын сақтаудың ұзақ мерзімді стратегиясы негізделеді.
...Итбалықтар тура жағадан торлы дорбамен ұсталады. Бұл ретте зерттеушілердің екі тобы қатар жұмыс жасаған кезде жағалауда 4-5 итбалық ұсталады. Жануардың орналасқан жерін хабарлаудан басқа, спутниктік белгі датчиктерден сүңгу ұзақтығы мен тереңдігі, су температурасы және т.б. туралы ақпаратты жібере алады. Мұндай ақпарат ғалымдарға жануарлардың қозғалысын ғана емес, олардың су астындағы мінез-құлқының үш өлшемді модельдерін жасауға, қоректену ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Итбалықтарды өлшейді, суретке түсіреді, дене ұзындығын - мұрыннан құйрық ұшына дейін және кеуде шеңберін өлшейді. Бір итбалықты таңбалауға және ультрадыбыстық зерттеуге орта есеппен 20 минуттай уақыт кетеді, содан кейін итбалық қайтадан торға салынып, суға табиғи ортасына жіберіледі. Осылайша, зерттеу әдістері жануарлардың қырылуын жоққа шығарады».
Сондай-ақ ғылыми құжатта Қазақстанда өлім-жітім жоғары болғандықтан итбалықтар 20-30 жылға дейін өмір сүрмейтіні атап өтілген.
«2017-2019 жылдары Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің жағалауында табылған итбалық өлекселерінің жасын зерттеу итбалықтардың жас құрамы соңғы 50 жыл шамасында айтарлықтай өзгергенін көрсетеді.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдарымен салыстырғанда жас шектеуі екі есеге қысқарды. Қазіргі уақытта жасы 20-дан асқан бір өлексе ғана табылды, оның жасы 26-да. Бұл итбалықтардың өзінің шекті жасына жеткенше өмір сүрмейтінін білдіреді. Популяцияда 30 жастан асқан жануарлар жоқ немесе олардың саны өте аз. Мұндай демографиялық құлдыраудың ықтимал себебі - ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы итбалықтардың жаппай қырылуы. Ол 2 жасқа дейінгі күшіктерге де, 20-30 жастағы популяцияның белсенді бөлігіне де әсер етті», - деп жазды Гидробиология және экология институтының ғалымдары өз есептерінде.
Сондай-ақ, олардың деректері бойынша, 2021 жылдың көктемінде табылған өлекселерді тексеру кезінде итбалықтарда ауға түсіп қалған іздер байқалмаған. Ғалымдардың пікірінше, өлім табиғи себептерге байланысты болуы мүмкін. Өлім-жітім көрсеткіштерін талдау нәтижесі оның көп бөлігі күшік екенін көрсетті. Бұл Каспий итбалығы популяциясының көбеюіне кері әсерін тигізеді. Олар жыныстық жетілуге - 8 жасқа жетпейді, ал популяцияда репродуктивті жастағылар - 20-30 жастан асқандар өте аз.
Өткен жылғы зерттеу нәтижесі бойынша: 2021 жылдың көктемінде теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде үш ауданда - Новые Дурнева, Прорва және Ремонтные Шалыгы аралдарында шоғырланған 19 жатақ табылды. Ғалымдардың айтуынша, әлеуетті жатағы бар басқа жағдайлары ұқсас учаскелерге экстраполяция әдісімен шығарылған итбалықтардың жалпы саны 59 195 итбалықты құрайды.
Еске салсақ, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 9 қарашадағы №746 қаулысымен Каспий итбалығы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне енгізілген.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА