24 ақпанда таңертең Ресей Украинаға басып кірді. Екі ел арасындағы шиеленістің алғышарттары сонау КСРО ыдырағаннан кейін қалыптаса бастады. Бар мәселе Ресейдің Украинаны өз алақанынан шығарғысы келмейтіндігмен байланысты болды. Газдың бағасы мен шекара мәселелері, одан бөлек Украинаның саяси аренадағы одақтасын таңдауы – мемлекеттердің арақатынасын шиеленістіре түсті. Сонымен, бауырлас елдердің арасында соғысқа не түрткі болы? Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеп хабарлайды.
1991 жыл. КСРО-ның құлауы
1991 жылы тамызда Мәскеудегі саяси төңкерістен кейін Украина өзін КСРО-дан тәуелсіз әрі дербес мемлекет деп жариялады. Осы жылдың желтоқсан айында мемлекет тұрғындары референдум өткізіп, оған қатысқандардың 90%-ы Украина тәуелсіздігін жариялау туралы бастаманы құптайды. Бұл уақытта Кеңес одағының ыдырауын Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасының басшысы Борис Ельцин де қолдайды. Ол КСРО-ның орнына астанасы Минск болатын егенменді елдердің одағын құрғысы келетінін мәлімдейді. Алайда Украина өз тәуелсіздігін жариялағанан кейін бұл ұсынысынан бас тартады.
“1 желтоқсанда Украина халқы референдумда егеменді ел болғылары келетінін ашып айтты. Украина келісімге қол қоюдан бас тартты. Ал мұның арты әлемнің геополитикалық тепе-теңдіктің бұзылуына, бұрынғы КСРО-ның ішіндегі шиеленіске әкеп соғады. Бұл мемлекеттік шекаралар, төл валюта, мемлекеттік әскери күштер мен басқа да мәселелердің туындауына ықпал етеді”, – деді РКФСР президенті Борис Ельцин.
1991 жылдың 8 желтоқсанында Ресей, Украина және Беларусь президенттері Кеңес одағын құлатуға бағытталған Беловеж келісіміне қол қояды. Ал КСРО басшысы Михаил Горбачев бұған қарсы болмайды.
“Украина ешқашан оңашалануға асыққан жлқ. Біз тек мемлекет функциясын атқаратын жүйенің ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында болуға қарсылық таныттық. Украина ынтымақтастықтан ешқашан бас тартпады”, – деді Украина президенті (1991-1994 жылдар аралығы) Леонид Кравчук.
1992 жыл. Жаңашылдық кезеңі
Жаңа статусқа ие болған Ресей мен Украина бірқатар мәселелерге тап болды. Оның біріншісі – екі елдегі ауыр экономикалық дағдарыс. Бұған себеп – КСРО-дағы өнеркәсіп жүйесі тікелей зауыттар мен өндіріс орындарының өзара байланысына тәуелділігі. Ал мемлекеттер арасында шекара пайда болған соң бұл жүйеге нұқсан келді.
Екінші мәселе – Қара теңіздегі әскери флоттың статусы. Киев пен Мәскеу бірнеше жыл бойы КСРО-дан қалған әскери құрылымды бөлісе алмай келді. Бұл уақытта кейбір әскери кемелер Украинаның туын көтеріп, Одессаға кетіп қалды. Ал кейбіреулері Украинаның шешіміне бағынбай, Ресейге қызмет ете бастады. Даудың соңы қарулы қақтығысқа ұласа жаздады.
1994 жыл. Ядролық қару
КСРО құлағаннан кейін оның ядролық арсеналының үлкен бөлігі Украина аумағында қалып қойды. 1994 жылғы келіссөздерден кейін Киев ядролық қарудан бас тартып, зымырандарды Мәскеуге табыстады. Ал бұған жауап ретінде Ресей, АҚШ және Ұлыбритания Украинаның мемлекеттік тұтастығына, шекарасына және егемендігіне қарсы күш қолданбау міндеттемелерін өз мойындарына алды.
1997 жылы Украина мен Ресей Қара теңіздегі әскери флотты бөлісу туралы келісімге келді. Киев кемелердің 18%-ын иеленді, олардың көбі ескі әрі жарамсыз болуға шақ тұрғандар еді. Аталмыш келісімге сәйкес, Ресейге тиесілі әскери флоттың Қырымда 2017 жылға дейін тұруына рұқсат етілген болатын.
2003 жыл. Шекарадағы шиеленіс
2003 жылы Ресей мен Украина мемлекеттер арасындағы шекара туралы келісімшартқа қол қойды. Алайда аудандарға шекара белгілері сол күйі орнатылмады. Аталмыш келісімшартқа сәйкес Қырым жері Украинаға тиесілі деп анық көрсетілді. Бірақ бірнеше ай өткен соң Қырым аумағындағы Керчь бұғазына байланысты жанжал туды. Ресей өз аумағынан Украинаның Тузла аралына дейін бөгет сала бастайды. Елдер арасында тағы да соғыс отының тұтануына шақ қалды.
2004 жыл. Украинадағы қызғылт революция
2004 жылы Украинада президент сайлауы болған еді. Сайлау аясында жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес халық Батыс елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуды жақтаған Виктор Ющенконың жеңіске жететініне сенімді болған еді. Дей тұрғанымен сайлау комиссиясы Донбасс тумасы, Ресеймен серіктес болуды ұсынған Виктор Януковичтің қарсыласынан зғанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде сайлау нәтижелерінің бұрмаланғанына наразы мыңдаған украиналықтар жаппай митингке шыға бастады. Тұрғындар қызғылт түсті (Ющенконың сайлау алды кампаниясының түсі) киім киіп, қолдарына жалау ұстап, орталық алаңдарға ығысты. Бірнеше айға созылған наразылық акцияларынан соң президенттік сайлаудың үшінші кезеңі ұйымдастырылып, Ющенко президент атанды. Украина мен Ресейдің арақатынасына сыза түсті.
Кейіннен екі мемлекет арасында газға байланысты түсінбестік туындады. Екі тарап газды тасымалдау шарттары мен оның бағасына келісе алмады. Ресей көрші еліне қырсығып, бірнеше рет газ тасымалына толығымен шектеу қойды.
2008 жыл. НАТО және Грузиядағы соғыс
2008 жылы Ресей мен Грузия арасында соғыс басталды. Украина ашық түрде Тбилисиді қолдайтынын жария етті. Небәрі 5 күнге созылған қарулы қақтығыстар Украина мен Ресейдің байланысы айтарлықтай әсер етіп үлгерді. Мәскеу украиналық саясаткерлердің Грузияға көмектескенін есінде сақтап қалды. Ал Киев болса Бельгияға мемлекетті НАТО-ға қабылдау туралы өтініш жолдады.
“Мен қолымнан келгенше Грузия мен Украинаның НАТО-ға мүше болуына ат салысамын. Себебі НАТО-ға мүше ретінде бұл АҚШ-тың да, Украина мен Грузияның да мүддесіне сай”, – деді АҚШ прзиденті (2003-2009 жылдар аралығы) Джордж Буш.
2010-2013 жылдар. Өзгерістер уақыты
2010 жылы Украинаның билік басына ақыр соңында Ресеймен байланыс орнатуды жақтаған Виктор Янукович келді. Екі елдің қарым-қатынасы аз болса да жақсара түсті. Дегенмен 2013 жылы Янукович Еуроодақпен ынтымақтастық орнату туралы сөз қозғауы Ресейге соққы болып тиді. Бқған жауап ретінде Мәскеу сауда-саттықтағы шектеулерді сылтауратып, Украинаға қысым жасай бастайды. Атап айтсақ, президентікке үміткер Петр Порошенкоға тиесілі зауыт өндіретін Roshen кәмпиттерінің Ресейге кіргізілуіне тыйым салынды. Мұндай шаралардың салдарынан Украинаның Еуроодақпен келісімге келуді шегеруіне тура келді. Мұны байқаған халық Киевтің “Майдан Незалежности” орталық алаңына митингке шыға бастады. Наразы жұрттың алғашқы легін қатаң түрде басып тастағанына қармастан халық алаңға қайта-қайта жиналуын тоқтатпады. Бұл жолы олар енді саяси өзгерістерді талап етті.
2014 жыл. Майдан мен Қырым
2014 жылы Майдан алаңындағы қақтығыстардың соңы наразы халыққа оқ атумен және Виктор Януковичтің Ресейге бас сауғалауымен аяқталды.
“Бірінші кезекте барлық жапа шеккен және әлі де қиналып жатқан азаматтардан кешірім сұрағым келеді”, – деді Януковвич.
Мәскеу оппозиция мүшелерінен құрылған Украинаның жаңа билігін мойындаудан бас тартты. Бірнеше күн өткен соң киімдерінде еш белгісі жоқ әскерилер Қырым парламенті мен Симферополь қаласындағы әуежайды басып алды. Кейіннен олардың Ресейдің сарбаздары екені анықталады. Қырым Украинадан оқшау қалды.
16 наурызда Қырым жерінде референдум өткізіледі. Саяси науқанға халықаралық бақылаушылар шақырылмай, дауыс беру ресейлік әскердің қадағалауымен өтеді. Жарияланған нәтижелерге сенсек, тұрғындардың 97%-ы Қырымның Ресейге қосылуын мақұлдаған. Алайда әлемнің бірқатар мемлекеттері бұл референдумның қорытындысына сенуден бас тартты.
2014 жыл. Донбасстағы соғыс
Осы жылдың сәуір айында Донецкте Украинаға қарсы акциялар басталды. Ресейлік азамат Игорь Стрелков пен оның жақтастары Славянсктегі және облыста орналасқан басқа да қалалардың ғимараттарын басып алды. Украина олардың әрекеттеріне қарсы антитеррористік іс-қимылдарға көшті. Осылайша Донбасста қарулы қақтығыстар орнап, салдарынан 14 мыңнан астам адам ажал құшты. Ресей мұны Украинадағы азаматтық соғыс деп атап, өздерінің бұған еш қатысы жоқ екенін айтып ақталды. Дегенмен Украина, батыс елдері мен бірқатар журналистердің жүргізген зерттеуі Донбасстағы сепаратистерді Ресей билігі қаржыландырып, оларға қару жіберіп отырғанын анықтаған.
Киев пен Мәскеудің арасы мүлдем суып кетті. Украина орыстардан газ сатып алудан бас тартып, екі ел бір-біріне қарсы санкциялар енгізіп, сауда-саттықтағы шектеулер енгізді. Украинаның Жоғарғы Радасы (Парламенті – ред.) Ресейді агрессия танытушы мемлекет деп жариялады. Қарапайым азаматтардың екі мемлекет арасында жүріп-тұруы қиындай түсті. Тікелей әуе рейстері мен пойыздар тасымалына шектеу қойылды.
2019 жыл. Зеленскийдің президент болуы
2019 жылы Ресейде танымал болған Владимир Зеленский Украинаның президенті атанды. Украина өз көршісімен келісімге келеді деген болжамдар айтылды. Екі тарап келіссөздер жүргізіп, тұтқындарды қайтарып, тіпті, бес жыл көлемінде Украина жері арқылы газ тасымалдау жөнінде келісті. Дей тұрғанмен одан кейін Зеленский мен Путин тіл табыса алмады.
“Егер Ресей президентімен кездесетін болсам, оған: “Ақырында сіздер біздің жерімізді қайтарып бердіңіздер ғой, біздің елімізге қол сұққандарыңыз және Донбасстағы және Қырымдағы жанжалдың өршуіне, олардың бассыздық әрекеттеріне қолдау көрсеткендеріңіз үшін енді қанша өтемақы төлейсіздер” деп сұрайтын едім”, – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Украинаның НАТО-ға енетін күні алыс болса да бұл бастама Мәскеудің берекесін қашырды.
Украинаның тілдік саясаты
Украинаның тілдік саясаты да Ресейге жақпады. Мәселен, Мәскеу бірнеше рет Украинадағы мектептердің мемлекеттік тілге жаппай көшуіне қарсылық танытқан болатын. 2020 жылы 1 қыркүйектен бастап елдегі орыс тілді мектептер толығымен украин тіліне көшірілді. Бұған қоса мемлекетте теле және радио хабар тарату да мемлекеттік тілге өтуі де Кремьді бейжай қалдырмады.
Сонымен қатар Украинада фильмдер мен телехикаялар, театрдағы қойылымдар да украин тілінде көрсетіледі. Өз кезегінде Ресей мұны орыс тілділерге көрсетіліп жатқан қысым деп тапты.
Украина және Бандера
Соңғы жылдары Ресей мен Украина арасындағы жанжал тікелей Степан Бандераның есімімен байланысты болды. Степан Бандера – украиналық идеолог, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары Украинаның тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткері. Кеңес одағының қудалауына ұшыраған Бандераға 2010 жылы Украина қаһарманы атағы беріледі.
2022 жыл. Ресейдің Украинаға басып кіруі
2022 жылы екі мемлекеттің арақатынасы шыңырау шегіне жетті. 22 ақпанда Ресей өздерін Украинадан тәуелсіз деп жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындады. Артынша 24 ақпанда Ресей Донбасста арнайы әскери іс-қимылдар жүргізуді сылтауратып, Украинаға басып кірді. Украина президенті Владимир Зеленский ресейліктерге үндеу жасап, бейбітшілікке шақырды. Ал Путин болса Украина аумағын басып алуды мақсат етпейтінін айтып, тек олардың әскери күшін жоюды мақсат ететінін жариялады. Оның сөзінше, елде ядролық қару жасау туралы әңгіменің қозғалуы Ресейге төнетін негізгі қауіп.
"Украинаның өз ядролық қаруын жасау туралы сөз қозғауы – бос әңгіме емес. Бұл мемлекетте мұндай қаруды құрастыру үшін совет кезінен қалған технологиялар мен оны тасымалдау мүмкіндігі бар”, – деді Путин.
Оның жолдауынан кейін Киев, Харьков, Одесса және тағы басқа қалаларда атыс пен жарылыстардың дауысы естіле бастады. Ресей Украинаның әскери нысандарына шабуыл жасады. Өз кезегінде Зеленский елде соғыс режимін енгізді. Соңғы деректерге сүйенсек, қарулы іс-қимылдардың салдарынын 200-ге жуық адам көз жұмды. Олардың 16-сы балалар.
Бес күнге созылған қарулы қақтығыстардан кейін екі ел Беларусь шекарасында келіссөздер жүргізуге уағдаласты. 5 сағатқа созылған кездесу барысында екі тараптың талаптары айтылып, алдағы уақытта елдер шешім қабылдау үшін тағы да кездесетін болды.