Травматикалық тапаншаға тыйым салынса, ел ішінде қылмыс азая ма? ҚР Ішкі істер министрлігінің бұл бастамасын қазір қоғам қызу талқылап жатыр.
Бірі бұл әрекеттен қылмыстың азая қоярына күмән келтірсе, енді бірі қалай қорғанамыз деп алаңдайды. Заң жобасы әзірге ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.
Травматикалық тапаншаны иелік еткен адам сұқ көзден сақтанып, қорғаныс үшін пайдаланады. Әрине, бұған заң жүзінде рұқсат берілгенімен, тапаншаны қылмыстық жолмен де пайдаланып жүргендер аз емес. Енді ҚР Ішкі істер министрлігі бұл қаруды жеке тұлғалардың пайдалануына тыйым салмақ. Әйтсе де, травматикалық тапаншаның қазір қанша адамның қолында жүргені белгісіз. Ал, оны кері сатып алу үшін миллиардтаған қаржы керек.
Бұрын-соңды кез келген адам қалаған қаруын дүкеннен сатып ала беретін. Ол кезде айтарлықтай талап та қойылған жоқ. 2008 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, қару ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы рұқсат қағазымен сатылатын болды. Алайда, оған да қиналған адам жоқ. Қазір қорғаныс үшін деп тапанша сатып алатын кісі қарасы көбейді. Бірақ, ресми статистикаға сүйенсек, қорғанып емес, керісінше, қылмыс жасап оқ ататын қылмыскерлер саны артқан. Ең қиыны, бүгінгі таңда травматикалық қарумен жасалған 400-ге жуық қылмыс әлі ашылмай отыр. Мамандардың айтуынша, ол қарудың оғы теңестіруге келмейді екен.
Мақсат БАЙБОЛОВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы:
- Травматикалық қару қолданудың кесірінен қылмыстың көбейіп бара жатқанын біз байқап отырмыз. Бес жылда 800 қылмыс тіркеліп отыр. Ағымдағы 2 жылдың аралығында осы қылмыстың саны екі есеге көбейіп отыр.
Травматикалық қаруға тыйым салған әзірге Белоруссия мен Армения. Көрші Ресей мен Украинадағы жағдай керісінше. Қарудың заңды түрде сатылуына кедергі жоқ. Ал, Грузия мен Әзірбайжан бұл мәселені енді назарға алып жатқанға ұқсайды. Травматика тапаншасының зиян екенін ескерген бұл екі мемлекет келешекте осал қаруға заң жүзінде тыйым салмақ ниетте. Қазақстандағы «Қорамсақ» қару қауымдастығы президентінің орынбасары Сергей Катнов ҚР Ішкі істер министрлігінің бұл бастамасын құптағысы келмейді. Оның пайымдауынша, ең болмаса қарудың бұл түрін жас мөлшеріне қарап сатуға рұқсат берілуі керек.
Сергей КАТНОВ, «Қорамсақ» қару қауымдастығы президентінің орынбасары:
- Адамзат тарихында тек құлдар ғана қаруды қолдана алмаған. Тіпті, қорғаныс үшін де. Күні бүгінге дейін бас бостандығы бар кез келген азамат қарудың көмегімен өз-өзін қорғауға құқылы болып келді. Сондықтан, травматикалық тапаншаны дені дұрыс адамның жас мөлшеріне қарай сатқан дұрыс болар деп ойлаймын. Ең тиімді тәсіл осы болар еді. Заңға бағынатын, соның талаптарымен жүретін де азаматтар бар ғой? Оның үстіне, бүгінгідей заманда қарудың көмегіне жүгінгісі келетін адамдар жоқ емес, бар.
Қорғанысқа қару қалмай ма деп алаңдаудың қажеті жоқ, әзірге. Өйткені, қауіпті қылмыскерге қарсы тұру үшін газды тапанша мен электрошокерді пайдалануға болады. Қазақстанда оған заң жүзінде тыйым салынбаған. Әйтсе де, жаңа бастамаға қатысты халық аузындағы пікір екіге жарылып отыр.
Ресми дерек бойынша, қазіргі таңда еліміздегі 36 мың азаматтың қолында 41 мың қару жүр. «Ал, заңсыз айналымда жүрген травматикалық тапанша 3 мыңнан асып жығылады» дейді мамандар. Енді ҚР Ішкі істер министрлігі жаңа заң жобасы қабылданса, жұрт қолындағы қаруларды кері сатып алуға дайын. Министрліктің есебі бойынша, оған 2 млрд 184 млн теңге қаржы кетеді. Ал, заң күшіне енген күні травматикалық қаруды заңсыз пайдаланаған адам әкімшілік жазаға тартылады.
Дереккөз: 24.kz