Атырау, 21 желтоқсан 07:07
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырау облысында экология бойынша "Жол картасына" 41 миллиард теңге жұмсалады

1 630 просмотра

Өңірдің өзекті экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған "Жол картасының" орындалуы туралы облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтып берді. Оның айтуынша, биыл өңірлік жоспараға сәйкес, "Жол картасының" тоғыз тармағы орындалуы тиіс.  

- Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына экологиялық мәселелер бойынша 20 іс-шара енгізілді. Оларды жүзеге асыруға алдағы бес жыл ішінде барлығы 41,4 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланды. Оның 27,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 4,5 млрд теңгені жергілікті бюджеттен және 9,4 млрд теңгені жеке инвестиция есебінен бөлу қарастырылған, - деді Бекмұхаметов.

Еске сала кетсек, қаланың сол жақ бөлігіндегі 1336 гектар «Сасық сай» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылдың сәуір айында басталып, алаң екі учаскеге бөлінді. Қала әкімдігінің теңгеріміндегі 476 гектарын қалпына келтіру жұмыстарының жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрады. 2021 жылға республикалық бюджеттен 300 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар қыркүйек айында басталды. Жұмысты 2023 жылдың қараша айында аяқтау  жоспарланған.

Екінші учаске бойынша: «АМӨЗ» ЖШС-ге тиесілі 860 га жерді қалпына келтіру жұмыстары «ҚазМұнайГаз» ҰК-мен бірлескен  «TAZALYQ» жобасы аясында былтыр басталды. Жұмыстың жалпы құны 5,5 млрд теңге. Қалпына келтірілетін алаң төрт секторға бөлінді. Алғашқы екі сектордағы жұмыс осы жылы тамызда, ал қалған екі секторы 2023 жылғы қарашада аяқталады.

Бұл бір іс-шара. 

Екіншісі - Атырау қаласының сол жақ бөлігіндегі жаңа кәріз-тазарту ғимаратының құрылысы. Бүгінде оның құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Нысан пайдаланушы мекеменің балансына тапсырылып, кешен бір қалыпты жұмыс істеп тұр. Еске салсақ, жобалау-сметалық құжаттамасы 10 жылдай бұрын жасалған, кезінде құрылысы тоқтатылып, мердігер ауысып, 2017 жылы «Павлодар өзен порты» АҚ болды. Осы жылдар ішінде бұл нысанға барлығы 18 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Үшіншісі - қаланың оң жақ бөлігіндегі қуаттылығы тәулігіне 31 000 текше метр кәріздік-тазарту қондырғысына қайта жаңарту жұмыстары басталды.

- Оған республикалық бюджеттен 21,2 млрд теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, 2021 жылы 2 млрд теңге бөлінді. Жұмыс жалғасып жатыр, 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр, - дейді өңірдің бас экологы.

Оның айтуынша, келесі төртінші тармақ бойынша қаланың оң жақ бөлігіндегі көлемі 580 га «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіру бойынша биыл республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. Қалпына келтіру жұмыстары енді басталмақ. Жұмыстар 2024 жылдың толықтай аяқталады деп жоспарлануда. Жұмыстардың жалпы құны 7,9 млрд теңге.

Бесінші тармақ: 2021 жылы қаланың оң жақ бөлігіне жеке инвесторды тарта отырып, қуаттылығы жылына 150 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу кешенін салуға 1,5 млрд теңге бөлініп, құрылысы басталды. Кешенді іске қосу мерзімі 2022 жылдың мамыр айына белгіленді.

Алтыншы тармақ бойынша қаланың сол жақ бөлігінде қуаттылығы жылына 75 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу кешенін салу үшін 1 млрд теңге қарастырылған. Құрылыстың бірінші кезеңін 2022 жылдың қазан айында бастау, ал 2023 жылы кешенді іске қосу жоспарланған.

Ескі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіру жұмыстарының жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайды. Қазір ЖСҚ-ға түзету енгізіліп жатыр. Жұмысты 2023 жылы бастау жоспарланды.

Жетінші тармақ бойынша.  2017-2021 жылдары Жайық (43 км) және Қиғаш (126 км) өзендерінің арналарын тереңдету жұмыстарына 6,9 млрд теңге бөлініп, барлығы 169 шақырымы тазартылды. Бұл жұмыстарды жалғастыру мақсатында биыл Қиғаш өзенінің 243,5 шақырымына (15 млрд теңге), Жайық өзенінің 51,5 шақырымына (6 млрд теңге) республикалық бюджеттен қаржы қарастыру жоспарланды. Қиғаш өзені бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Сегізінші тармақ: 

- 2020 жылы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы аясында 2021-2024 жылдарға арналған трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау, қалпына келтіру, ластаушы көздерді анықтау шарасы енгізілді. 2021 жылы Жайық-Каспий бассейніндік инспекциясы 27 ірі габаритті заттар (кеме, сорғы станциялары және т.б.) анықтап, тізбесін жасақтап, ҚР Экология,геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсынды. Әрі қарай министрлік аталған ірі заттардан өзенді тазарту жұмыстарына жұмсалатын қаржы көзін айқындап береді.

Тоғызыншы тармақ бойынша Бекмұхамбетов атмосфералық ауаның жай-күйі туралы деректерді қаламыздың 10 бірлік LED-экрандарында, 17 ауа сапасын бақылау мониторингі станцияларынан келіп түскен көрсеткіштерді Аіr.kz қосымшасы арқылы көрсете бастағанын хабарлады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 8 млн теңге бөлінді, биыл тағы 12 млн теңге қарастырылған.

Айнұр САПАРОВА

8 ақпан 2022, 11:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.