Атырау, 12 қазан 15:00
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Жүйкеге тиіп тұр

2 768 просмотра

Қаңтар айындағы жылу үшін келген есепшоттар аса сезімтал кәсіпкерлерді инсультке шалдықтыруы мүмкін: күрт өскен төлемдегі айырмашылық 100 пайыздан асыпты.

БІЗДІҢ ЕСЕПТЕУ

Ресми түрде тариф 76 пайызға өссе де, жылу берушілер ауа-райына түзетулер қосылатынын еске салады. Осылайша, ипотекадан құтылу үшін Анардың жалға беріп отырған 53 метрлік екі бөлмелі пәтерінің жылыту ақысы 47 мың теңгеге шығып кеткен. Анардың өзі әзірге екі баласымен туыстарының үйінде тұрып жатыр.

Бір ай бұрын жылу берушілерге 23 мың теңге төлеген едім. Енді келіп ақыр аяғында өзім шығынға бататын болсам, пайда табамын деп әлек болып нем бар, түсінбеймін? – деп сұрақ қояды ол.

Шынымен де, енді жалпыүйлік жылу өлшегіштермен жарақтал-маған үйлерді жалға беріп, табыс табу оңай емес. Есептеп көрейік: Анар ПИК-ке ай сайын 2 500 теңге төлейді, салығы – 8 000 теңге. Электр энергиясы мен телефонды жалға алушылар төлейді. Жылына бір рет жылжымайтын мүлік салығын төлеуі керек. Оған енді міндетті бағалауды қосып қойды, нәтижесінде осының өзі 20 мың теңге болды.

Жалға беру сомасы – 70 мың теңге, яғни ай сайын таза табыс 10 800 теңгені құрайды.

Әлдебір істен шыққан нәрселерді жөндеуге кететін ұсақ шығындарды алып тастағанда, менде не қалады? – дейді Анар. – Олар біздің ұсақ бизнесімізді жабуға немесе бағаны күрт өсіруге мәжбүрлейді. Немесе заңсыз жұмыс жасауымыз керек шығар, ал бұл қомақты айыппұлдарға соқтыруы мүмкін.

Осынау жан айқайын жылу берушілер редакция сауалына берген ресми жауабында комментарийсіз қалдырды. Жаңа дифференцияланған тарифтерді қолданыстағы заңдар да, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменті де қолдап отыр, деп жазады АЖЭО-ғылар.

 

ЫНТАЛАНДЫРУ ТУРАЛЫ

ТМРА департаментінің директоры Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВАНЫҢ жауабы құдды АЖЭО хатының көшірмесі секілді, тек тұтынушыларды ынталандыру туралы бір-екі сөз қосылыпты: «Есептеу құралын орнату суды, жылуды, энергия қорларын үнемді тұтынуға ынталандырады. Осы қызмет тарифін қалыптастыруда оны есептеу және қолдану әдіснамасын анықтай отырып, сол үшін қажетті жағдай жасаймыз. Тұтынушылармен қарым-қатынас жасау тәжірибесі - негізінен жылу энергиясын есептеудің жалпыүйлік құралдарын орнатуға олардың қымбат тұратындығы негізгі кедергі  боп отырғанын көрсетті. Бүгінде оны сатып алу және орнату шығындарын жылдам ақтаудың мүмкіндіктері туындады: мәселен, 2012 жылдың қазанынан 2013 жылдың қаңтарына дейінгі жылыту кезеңіндегі үнем төлемдердің 20-дан 90 пайызға дейінгі мөлшерін құрады. Екіншіден, есептеу құралы болса, дифференциалды тарифті енгізген кезде тұтынылған жылу энергиясы үшін төлемақы орташа сату тарифінен 50 пайызға төмен болады.

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Департамент жылу есептеу құралы болғанда немесе болмаған жағдайда есептелетін дифференциалды тарифтерді төмендегі мөлшерде (ҚҚС-сыз) бекітті:

Жеке тұлғалар үшін:

- жалпыүйлік жылу энергиясын есептеу құралдары болса – 1 Гкалға 1 877,16 теңге;

- жылу энергиясының жалпыүйлік есептеу құралдары болмаса – 1 Гкалға 4 098,255теңге;

- тозған, апатты ғимараттарда, барак түріндегі үйлерде тұратын – 1 Гкалға 3 754,32 теңге.

Заңды тұлғалар үшін:

- жалпыүйлік жылу энергиясын есептеу құралдары болса – 1 Гкалға  4 776,15 теңге;

- жылу энергиясының жалпыүйлік есептеу құралдары болмаса – 1 Гкалға 12 827,97 теңге;

- тозған, апатты ғимараттарда, барак түріндегі үйлерде тұратын – 1 Гкалға 9 552,3 теңге.

Ескерту:Қосылған құн салығы 1,12.

Мысал үшін Департамент Азаттық даңғылы, 22 мекен-жайындағы «Азия» дүкеніне 2013 жылғы қаңтарға есептеу жүргізді. Жалпыүйлік жылу өлшегіш көрсеткіші 3,301 Гкал құрады. Төлейтін сомасы – 1 Гкалға 4 776,15 теңге (ҚҚС-сыз) болғанда, ҚҚС-ымен 17 658,00 теңгені құрады. Ал егер жылу өлшегіштер жоқ болса, сыртқы ауа температурасы (-6,9 С) болғанда, жылытылатын 1 063,2 м3көлем үшін төлем әдістемелік нұсқауларға сәйкес есептелер еді. Жылу энергиясының шығыны 14,28623 Гкал құрайды. Төленетін сома – 1 Гкалға 12 827,97 теңге (ҚҚС-сыз) болғанда, ҚҚС-ғымен 205 254,93 теңгені құрар еді. Үнем  187 596,93 теңгені немесе тұтынушының 91% қаржысын құрады».

Тарифті бірден 100 пайыздан жоғары көтеру заңдылығы туралы сұрақ та, шағын жеке кәсіпорындардың жабылуына әкеп соқтыратын шағын және орта бизнеске ерікті және еріксіз түрде қысым жасау туралы сұрақ та жауапсыз қалды.  

 

ДЕПАРТАМЕНТ КІМДІ ҚОЛДАЙДЫ?

 «Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы» ҚБ жетекшісі Нина ТЕМІРБАЕВАНЫҢ пікірі мынадай:

– Шынымен де, монополистердің осынау пайда түсіру әдістемесі бірқатар шағын және орта бизнесті жаншып, инфляцияға әкеп соқтыруы мүмкін. Монополистерге қатысты жағдайда біз бизнесті қорғайтын болмаса да, монополистердің тарифтерін реттейтін ТМРА департаментіне үміттенеміз. Ал бұл департамент монополистердің серіктесі секілді болып отыр. Бүгінде кәсіпкерлер коммуналдық қызметті төлеу үшін айлық кірістерінің жартысын немесе одан да көп бөлігін беруге мәжбүр болып отыр. Бағасы 350 000 теңге және одан жоғары тұратын бөлек есептегішті орнатуға кез келген дүкеннің немесе шаштараздың жағдайы жетпейді. Жеке есептегіштерді алуға бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Коммуналдық тарифтердің жоғары болуы айтарлықтай дәрежеде бағаның өсуіне әкеледі.Әсіресе, бұл Кедендік одаққа қатысушылармен қатаң бәсекелестік жағдайда өзекті болып отыр.

Кез келген монополист – бірсыпыра заң бөлімдері бар үлкен компания. Олар өз кәсіпорнының материалдық игілігін нығайтуға жұмыстанады. Қазір наразылық білдіру жеткіліксіз, бірігіп, олармен тең дәрежеде сөйлесу керек. Мұндай мүмкіндік бар, мәселен, «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасы арқылы. Ал депутаттар арқылы заңға ықпал етуге болады.

Сонымен, бұл мәселе ашық күйде қалып отыр. Шағын бизнесті, ақыр аяғында осы тізбектің соңында тұрған тұтынушыны кім қорғайды, көтерілген тарифті сіз бен біз қалай төлейміз? Балгерге барып бал ашпай-ақ, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан шаштараздар, дүкендер мен кафелердің қожайындарының монополистен кейін өз тарифтерін көтеріп жіберері аян.

 

МИХАИЛДЫҢ ҚАЙҒЫСЫ, НҰРЛАННЫҢ ҚУАНЫШЫ

Михаил ЛЯМИННІҢ азық-түлік дүкені (60 шаршы метр) жұмыс жасайтын үйде жылу есептегіші жоқ. Жалпы біздің бизнесмендердің көпшілігінің жолдары болмай отыр – Атырауда үйлердің 8 пайызынан азы ғана жылу өлшегіштермен жарақталған.

– Қаңтарға дейін жылу үшін 20-25 мың теңгеге есепшоттар келді. Қаңтарда 46 мың теңге болды. Мен жылу өлшегішіне қарсы емеспін, бірақ біздің үйдің тұрғындары ешқандай мәні жоқ деп, оны орнатудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. ПИК-тегілер тұрғындардың 70 пайызының келісімі керек екенін айтты. Бұл жағдайдан шығатын қандай жол бар екенін білгім келеді. Өйткені жылу үшін қомақты сомалар менің бизнесімнің кірісіне қауіп төндіріп тұр.

«АтырауЭнерго» сайтында Ляминге «жалпыүйлік желілерге қарамастан, жеке жылу есептеу құралдарын орнатуды» ұсынған.

Облыста жылу есептеу құралын жеткізумен ғана емес, оны орнатумен және оған қызмет көрсетумен айналысатын екі компания ғана бар екен. Олар – «Махамбетов» ЖК және «Алатау-Взлёт» ЖШС. Вадим МАХАМБЕТОВ жеке есептегішті орнату мүмкін деп сендіреді. Бұл шағын орынжай үшін 150 мың теңге шамасында шығады. Жалпы бағасы орынжай алаңына тікелей байланысты болады. Есептегішті жеке пәтерге де орнатуға болады екен:

- Егер жылу басқа пәтерлермен байланысты болмай, жеке жүргізілген болса, - деп нақтылады Махамбетов.

Бүгінде жалпыүйлік есептегіштермен қаладағы көппәтерлі үйлердің оннан астамы қамтылған. Олардың көпшілігі терможаңғырту аясында орнатылған. Өздіктерімен тек екі үй ғана жылу өлшегіштер орнатыпты. Мәселен, олардың бірі – Сәтпаев көшесіндегі 75 пәтерлік №48 үй: бұл жобаның шығынды екенін, өйткені күрделі жөндеусіз және бүкіл коммуникациялық жобаларды жаңартпай, жертөлелерді құрғатпай және есептегіш үшін арнайы орынжайды - жылу камераларын жүргізбей орнатуға болмайтынын (ол ылғалға шыдамайды) айтады. Есептегіш, оны орнату және екі жылдық кепілдікпен қызмет көрсету стандартты 100 пәтерлік ғимаратқа 550 мың теңгеге шығады. 4 жылда бір рет тексеру үшін тағы 115 мың теңге қажет. Бірақ керемет жағдай жасау үшін тағы миллион-миллион жарым қаржы керек болады.

- Тұрғындар әр пәтерден 37 мың теңгеден жинады, барлығы 2,673 млн теңге, оған қоса біздің үйде орналасқан заңды тұлғалар 1,3 млн берді. Үйде банк бөлімі, ірі зергерлік дүкен, стоматологиялық емхана және т.б. мекемелер қолайлы орналасқан болатын, - дейді осы үйдегі коммуналдық төңкеріске дем беруші, ұйымдастырушы, Нұрлан өз тәжірибесімен бөлісіп. – Біз жертөлелерді құрғатып, шіріп кеткен шығару тұрбасына (оның бойымен ағын сулар коллекторлық құдықтарға құйылады) дейін бүкіл тұрбаларды ауыстырдық. Тіпті асфальтты да ашуға тура келді.

Үйден тіпті есептегіштер (берілуіне және айналуына) орнатылған лайықты орынжай, шағын бөлме табылды.

Осы үйдегі 90 шаршы метрлік кеңсеге иелік ететін Нұрланның айтуынша, әжептәуір үнемді екен.

- Мен заңды тұлға ретінде бір Гкалға 4000 теңгеден сәл астам төлеймін. Тұтыну көлемі 1,3 Гкал шамасында болғанда, төлейтінім 6 мың теңгеден аспайды. Ал өткен жылу маусымында есептегіш болмаған кезде 30 мың төлейтін едім.

Бұл үйде бәрі сәтті шыққан: келтірілген шығындардың бір бөлігін, атап айтқанда бір жылға пайдалану ақысын ПИК есептен шығарып тастаған. Осылайша тұрғындар бұл өзгеріс үшін 25 мың теңгеден берген. Бірақ қаржылық мүмкіндіктері тұрақтылықпен ерекшеленбейтін тұрғындардың тозығы жеткен үйлері туралы айтпағанның өзінде, бәрінің бірдей «көршілері» керемет емес: әр үйде банктің алаңы немесе ірі дүкен жоқ қой.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

21 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.