Қаңтардың 5-і күні Атырауда облыстық әкімдік ғимаратының жанында және оның маңында наразылық білдірушілер мен тәртіп сақшылары арасында қақтығыс болды. Наразылық білдірушілердің бірі автомат оғынан қаза тапты, екеуі жараланды, көпшілігі әртүрлі жарақат алды. Бірақ «келесі жақтан» да зардап шеккендер көп болды. «АЖ» олардың кейбірімен сұхбаттасқан еді.
Ресми мәлімет бойынша, 49 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның 28 сарбазы жараланған. Олардың бірі - ұрып-соғып, орталық көпірден лақтырып кеткен 18 жастағы сарбаз.
– Өзім Түркістан облысынанмын, жеті ай бұрын әскер қатарына шақырылдым. Бұйрық бойынша облыстық әкімдікке қарай бет алдық. Ол жерде қалың топ болды, кейбіреулер агрессиямен сарбаздарды саптан шығарып, соққыға жықты. Біреулері олай жасамаңдар деп жатты, бірақ оларға құлақ аспады. Бұл қақтығыстар «Гинза» мейрамханасы мен орталық көпір жаққа қарай ұласты, - дейді қатардағы жауынгер Н. – Мені алты адам ұрып-соққан сияқты. Шегінуге тырыстым, олар менің артымнан қуды. Орталық көпірге жете бергенімде олар мені шамамен 6 метр биіктіктен лақтырып жіберді. Мұзға құлап, ес-түссіз қалдым. Кейін есімді жинап, есеңгіреген күйде жолға шығып, такси ұстадым. Ол мені әскери бөлімге жеткізді. Сол жерден мені бірден ауруханаға жіберді. Дәрігерлер бронежилет пен каска болмаса, өліп немесе мүгедек болып қалатын едің деді. Ауруханада ем алдым, қазір өзімді азды-көпті қалыпты сезінемін.
Тағы бір зардап шегуші - Оралдан шақырылған 19 жастағы сарбаз. Оның айтуынша, облыс әкімдігінің алдында тұрған бірнеше адам оны ұстап алып, қатардан шығарып, ұрып-соға бастаған. Шабуыл жасаушылардың бірінің қолында арматураға ұқсайтын темір кесек болған. Бірінші соққыдан соң каскасы ұшып кеткен. Екінші рет осы темірмен бетінен соғып, оң көзін ойып жібере жаздаған. Сол кезде митингіге шыққан басқалар сарбазға көмекке келіп, оны ұрып-соғып жатқандардың қолынан алып, ауруханаға жіберген.
«ШАБУЫЛДАУШЫЛАР ӨЗДЕРІНЕ ҚОСЫЛУДЫ ТАЛАП ЕТТІ»
Полиция департаменті полицейлердің көбі жарақаттарына қарамастан 5 қаңтарда қызметін жалғастырғанын айтты.
- Жалпы бізде облыстық әкімдік алдында митингіге шыққандарды тарату туралы бұйрық болған жоқ, заңсыз әрекеттерге жол бермеу туралы бұйрық болды, - дейді сол күні зардап шеккен полиция офицерлерінің бірі. - Бірақ жағдайды бақылауға алу мүмкін болмады, кейбір наразылық білдірушілер сарбаздар мен полицейлерге шабуыл жасай бастады. Олар форманы шешіп, өздеріне қосылуды талап етті. Мен де жарақат алдым. Жолда келе жатқан көліктердің бірінің жүргізушісі менің бетімнің қанға боялғанын көріп, мені ауруханаға апаратынын айтты. Бірақ мен оны жұмысқа, қалалық полиция басқармасына апаруын өтіндім. Содан кейін ем алдым, қазір жарақатым жазылды.
«ҰРЫП-СОҒЫП, КІМНІҢ ОҚ АТҚАНЫН СҰРАДЫ»
5 қаңтарда 38 жастағы СОБР қызметкері әріптестерімен бірге қалалық полиция басқармасының ғимаратында болған. Рация арқылы қаладағы жағдайды біліп, бұйрық күтіп отырған.
– Бізге алаңдағылардың облыс әкімдігіне қарай бет алғанын айтып, сол жаққа баруға бұйрық берді. Ол жердегі жағдай минут сайын шиеленісіп, демонстранттар әкімдіктің терезелерін сындыра бастағанда, жарық-шулы гранаталардың көмегімен таратуға кірістік, – дейді собрлық сарбаз. - Бірнеше данасын лақтырдық - адамдар аздап шегінді, біз Ұлттық ұлан сарбаздарымен бірге сап түзедік. Содан кейін адамдар қайтадан бізге жақындап, «Атпаңдар, халыққа қосылыңдар! Сендер де халықсыңдар!» деп айқайлады. Басқалары оларға кем дегенде бірнеше метр әрірек тұрыңдар, арандап қалмаңдар деп жатты. Бірақ бәрібір кейбіреулер, анағұрлым озбырлары қалқандарымызды теуіп, тас лақтыра бастады. Ал бір сәтте ол жақтан көзден жас ағызатын газ гранаталарын лақтырып жіберді.
– Сонда сіз көзден жас ағызатын газды наразылық білдірушілердің бірі қолданды дейсіз бе?
- Иә. Өйткені бізде тек жарық-шулы гранаталар ғана болды. Біздің сап ыдырап кетті – тұншығып, таза ауа іздедік, өйткені бір-бірімізбен қатар тұрғанбыз. Біреу құлап қалды. Олардың бұл гранаталарды қайдан алғанын білмеймін. Бұдан басқа, кейбірінің қолында сүймен, арматура, найзалы күрек болды. Тарай жөнелдік, олар соңымыздан қуып, ұрып-соқты. Мен «Гинзаның» жанында шабуыл жасаушылардың арасына түстім, 6-7 адам болды. Олар мені ұстап алып, ұрып-соғып, «Біз халықпен біргеміз» деп айтуға мәжбүрлеп, телефондарына видеоға түсіріп алды. Алдымен бір топ ұрды, содан кейін ТШО маңындағы жаяу жүргіншілер өткеліне дейін тағы бір топ ұрды. Әлі есімде, бір адам ұрмаңдар, тиіспеңдер деп айғайлағанымен, оған құлақ аспады. Содан кейін қолында пышағы бар адамды көрдім. «Өлтірейік, ол жерде де біздікін атып тастады ғой!» дегенін естідім. Кім атты деп сұрады, мен қайдан білемін, осы жерде тұрмын ғой, деп жауап бердім.
Эстакадада жедел жәрдем көлігіне отырып үлгердім. Салонда басы жарылған әскери адам ба, әлде келісім-шарттағы сарбаз ба, біреу жатты. Мені жедел жәрдем көлігіне отырғызған кезде адамдар көлік жолын жауып, жүргізуші мен фельдшерлерден бізді тастап, басқа азаматтарды алып кетуін талап етті. Бірақ бір адам жақындап, еденге жатыңдар деді. Сөйтіп біз өттік. Басқа жарақаттармен қоса мұрным да сынды.
- Қаруыңызды алып кетті ме?
- Жоқ, бізде қару болған жоқ. Менің бронежилетімді, каскамды, рациямды алып кетті.
- Сіздерде шынымен атыс қаруы болмады ма? Өйткені, митингіге шыққандардың бірі қаза тауып, кемінде екеуі жараланды ғой.
- Білмеймін, бірақ біздер, собрлықтар қарусыз едік. Бізде жарық-шулы гранаталар ғана болды. Ешқайсымыз ешкімнің зардап шеккенін қаламадық. Біз мұны бейбіт митинг деп ойладық, бірақ ол жерде «бейбіт» жүрмегендер көп болды. Тіпті, ол жерде арнайы дайындалған адамдар болды-ау деп ойлаймын, өйткені біз жарық-шулы гранаталарды лақтырғанда, олар тым-тырақай қашпады.
Айнұр САПАРОВА
Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба