Атырау, 29 наурыз 20:20
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

«Не үшін?» - «Кешір, бауырым, бұйрық солай»

Сурет
3 706 просмотра
Зинат ОРЫНБАСАРОВА

«Динамо» спорт залы деген сөз тіркесі бірнеше күннің ішінде танымал атауға ие болды. Бұл ҚІІБ ауласында адамшылықтан жұрдай қылып жатқан ғимарат екенін енді ешкімге түсіндірудің қажеті жоқ. Қарсы алдымда 64 жастағы әйел отыр. Мен оны он бес жылдан бері танимын. Ол менің жеке рейтингімде осы қаладағы ең батыл адамдардың бірі. Кеше оны «Динамодан» босатыпты. Ол көрген-білгенін, не сезінгенін айтып, кейін жарияламауды өтінді. Ол қызы үшін қорқып отыр.

2005 жылы оны премьер-министр кортежіне ортаңғы саусағын көрсеткені үшін соттағанда қорықпады. Сол сапарда бірнеше күн қатарынан қалада және оған кіре берісте көлік қозғалысы жабылып, +40С ыстықта адамдар сағаттап көліктерінде отырды. Сол кезде ол әкімшілік айыппұлмен құтылды. Үнсіз құптаған жерлестері де солай жасағысы келгенмен, олардың батылы бармады. Ол көптеген азаматтық наразылық акциялары мен 2016 жылы болған жер митингілеріне қатысты. Бірақ «Динамода» өткен бір күннен кейін ол үреймен, судья талап еткеннің бәріне – өкініш білдіріп, азаматтық белсенділіктің кез келген түрінен бас тартуға келіскен.

Билік Атыраудағы ҚІІБ ауласындағы азаптау конвейерінен 500-ден астам адам өткенін, ал біреулердің сыйақы алатынын да жасырмайды. Мен Зинатқа қысым жасағым келмеді, бірақ бұл жағдайда үнсіз қалуға болмайды. Менің ойымша, тек жәбірленушілердің айғағы мен жұртшылықтың барынша наразылығы ғана мұны тоқтата алады. Әсіресе, «азаматтық белсенділер» қатарында өзінің әлдебір мүддесі үшін бүкіл фэйсбукке «"Динамода" азаптап жатқан жоқ, ал алаңда халық жаулары болды» деп, жар салып жүрген кейбір кейіпкерлерді ескерсек. 

Таңертең Зинат маған кері хабарласты: «Кәдімгі фашизм» деген сөз бар ғой? Мынау соның өзі» деп, жариялауға келісті.


АЛАҢДА ЖӘНЕ ӘКІМДІК ҒИМАРАТЫ АЛДЫНДА

- Митинг туралы ешкім білмеді. Қалаға Тайманов арқылы кірдім, бірақ алаңға кірер жердегі жолды полицейлер жауып тастапты. Айналып өтуге тура келді. «Байзаар» арқылы шықтым, алаңда кісі көп екен. Көлігімді қойып, көруге бардым. Адамдар кезекпен сөйлеп жатқан адамдарды ауыздарын ашып тыңдап тұр. Мен де тыңдадым, қызық қой, бағаның өсіп жатқанын кім байқамай жатыр дейсің? Күннен күнге өмір сүру қиындап жатыр, ал біреулері тіпті әзер күнелтіп жүр. Кетіп қалдым. Кешке қайтадан алаңға бардым. Күн аяз, лайсаң. Мен сөздің емес, істің адамымын – қоқыс жинап, тоңған адамдарға тамақ тасыдым, шай бердім. Бүкірейген бір әжей жақындап келді, кішкентай немересі жетектеп жүр. Ішінде 50-60 дана жұмыртқа салынған пакетті қолыма ұстатты. Маған «Мынаны пісіріп берші балаларға» деді. Не істейін? Сол маңда кішкентай кафе бар, ол жердегі әйелді айтсаңшы! Бәрі жабық, алаңдағы адамдардың бәрі алапес секілді, ешкім кіргізбейді, дәретханаға да баратын, су алатын да жер жоқ. Ол әйел маған кафесінің есігін ашты. Кішкентай бөлме, тіпті, кафе де емес. Бүкіл алаң сол жерге дәретханаға, жуынуға, жылынуға барды. Тіпті, кішкентай асүйіне тамақ дайындады. Кішкентай плиткада су қайнап тұрды, сол әйелдің арқасында адамдар шай ішті, жылынды. Оның үстіне, сол күндері өзіне сатып алған азық-түліктерінің бәрін – торттарын, қорап-қорап сүтін, нанын, тәттілерін, шелектеп қаймағын берді... Сондай жанашыр жан екен! – Зинат таңдана басын шайқады. - Түннің бір уағына дейін адамдарды тамақтандырды. Тіпті полицейлер де таң қалды. Менің көзімше бір партия самса, бутерброд пен бауырсақты алаң шетіндегі автобусқа апарыңдар деді. Адамдар: «оның ішіндегілер полицейлер ғой» дегенде, әйел: «Олар да адам баласы» деді. Оларға да апарып берді, ал олар: «мұнда да біреу бізді адам қатарына санай ма?!» деп таң қалды.

- Ол жерде қанша уақыт болдыңыз?

- Түгел басы-қасында болдым деп өтірік айтпаймын. Келіп-кетіп жүрдім. Күн қатты суық болды ғой, қар, сосын жаңбыр жауды, аяқ суланады. Ұзақ тұру мүмкін емес. Күні-түні сол жерде болуым керек еді, бола алмадым. Бірақ біздің халық табанды ғой, күндіз-түні тұрды. Сол адамдарды ойлап ұйықтай алмадым. Қолымнан келгенше қолдау көрсеттім, тәртіптің сақталуын қадағаладым, бөтелке, қағаздарды жинадым, шай дайындадым. Мен сөз алған жоқпын, жай ғана жанашыр адаммын. Алаңда адамдардың жүздері нұрланып, көздері жанып тұрды, ол жерде әлдебір биік рух болды. Ешкім болған жоқ, ешкім қуып таратпады. Келесі күні үйде отырғанда, тарсылдаған дыбыстарды естідім. «Адамдарды атып жатыр ма?!» деп ыршып түстім. Көлігіме жүгірдім. Әкімдік алдына халық жиналыпты. Тыныштық, атыс пен жарылыс жоқ. Адамдар қаруланған және толық жарақталған СОБР жасағының алдында тұр. Құлақ салдым - олар ешкім терезе сындырмасын деп айтып жатыр екен. Адамдар алаңнан келгенде кіреберіс есіктердің терезелері сынық болған екен. Олар соны камераға түсіріп алып, мұны біз сындырған жоқпыз деді. Адамдар тек іштен біреу-міреу шығар деп күтіп тұрды. Мен сол әскерилердің көздеріне қарау үшін дулығаларына еңкейіп қарап: «Жігіттер, қару көтермеңдер. Адамдар бейбіт тұр ғой, атпаңдар» дедім. Осы кезде арт жақтан «өлтіріңдер, ұрыңдар!» деген айқай естілді. Бұрылып қарадым, ұзын бойлы жігіт, арандатушы екені анық. Қасындағылар оны дереу қоршап алып, оны өз қатарларынан итеріп шығаруға тырысты. Ешкім ешкімді өлтірейін деп немесе ұрайын деген жоқ. Бірақ оның айқайы сигнал сияқты, әскерилер күткен бұйрық сияқты болды. Сол сәтте оқ атылды, гранаталар ұшып, адамдарды дубинкамен ұра бастады. Жұрт шегінді, әлдебір жігіт мені құшақтап, көлегейлеп қорғап, әкімдіктен әрі қарай қаша жөнелдік. Кейінірек мұның жарықдыбысты гранаталар екенін айтты. Бірақ оның құрамында қандай да бір улы немесе көзден жас ағызатын газ болды. Бәрі тамақтарынан ұстап, тұншыға бастады, тыныс алу өте қиын болды. Көздерінен жас парлай берді, біреулері қармен жуып, біреулері қарды жұтты. Ең жақын үйлер - «Гранд Атырау» кешені еді. Адамдар домофонға қоңырау шалып, ашуды өтінді - бәрі бас тартты. Подъезді ешкім ашпады, «кетіңдер!» деп айқайлады. Кенет бір есік ашылды. Қарақалпақ әйел жан-жағына қарап, қатты қорыққандарын ішке кіргізді. Біз бәріміз жан-жаққа қаштық, сол кезде: «Қашпаңдар, кері қайтыңдар!» деген айқай естілді. Ал батылдары кері келе бастады. Бірақ жолай қолдарына кесек тас, бұталарды, қолына ілінген нәрсені ала кетті. Сұмдық тарсыл-гүрсіл болып жатты. Жас жігіттің оққа ұшқан сәті сол кез екенін маған кейін айтты. Лоқсып, тамағым ауырды, көзім жасаурап, өз редакцияма баруды ұйғардым. Ол сол маңда ғой (Зинат 2000 жылдардың басында біздің басылымның құрамында жұмыс жасады, ағылшын тілінде шығатын «WestKazakhstanToday» нұсқасының редакторы болды). Беті-қолымды жуып, су іштім.

- Адамдар әкімдікке не үшін барды? Бейнежазбаның көпшілігінде, керісінше, оларды алаңда қалыңдар деп жатқанын естуге болады?

– Менің ойымша, амал жоқтықтан барды. Адамдар күні-түні алаңда тұрып, күтті, бірақ олармен тілдесетін ешкім болмады. «Қазақ халқы - нағыз жетім халық» екенін түсінді. Халыққа ешкім, бірде-бір ақын, жазушы, әртіс, музыкант, депутат, ғалым шыққан жоқ. Өз халқын еститін, сөйлесетін, дәнекер болатын ЕШКІМ болмады. Ал бұдан кейін шаршаған, көңілі қалған, ашулы адамдарды арандатушылар басқара алатын еді. Оларға тым болмағанда оқ атуға себеп болуы үшін адамдарды сол жерге әкелу керек болды.

«ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚОЛ КӨТЕРМЕГЕН СИЯҚТЫ, БІРАҚ ЕРКЕКТЕРГЕ ҚИЫН БОЛДЫ»

– «Динамоға» қалай келдіңіз?

- 7-сі күні кешке белгісіз нөмірден біреу қоңырау шалып, өзін Вячеслав Джумуровпын деп таныстырды. «Бір-екі сұраққа жауап беру үшін қалалық бөлімге келіңіз, әйтпесе өзім барамын» деді. Бардық. Мен: шақырту қағазы қайда дедім. Ол жерде ұзақ болмайсыз, тек бір-екі сұрақ деді. Жарайды, ұзақ болмаса, көлігіммен барайын дедім. Құрбым Светлана жанымда болды. Полиция мені іздеп келгенде, екеуміз дүкенге бара жатқан едік. Ол менімен бірге баруды ұйғарды. Мен Светаны көлікке қалдырып, ішке кірдім. Ішке кіргенде ұзақ уақытқа созылатынын бірден түсіндім. Мен көлігімде бір адам отыр дедім. Маған оны үйіне өзіміз апарамыз деді. Олар оны шынымен көлігіммен өздері апарып тастапты. Сол жерде тергеушіге келдім,өзін Халел Ізбасаров немесе Ізбанов деп таныстырды. Қорқынышты жас жігіт. Онымен сөйлесу мүмкін болмады. Сәл аузыңды ашсаң «комментарий бермеуді сұраймын!», «Өтірік айтып көр, бізде сенің бүкіл қозғалысың туралы ақпарат бар», деп айқайлайды, мені талап тастауға дайын... Қасымызда собрлықтар ма, әлде басқа ма, білмеймін, горилла секілді дәу жігіттер жүрді. Қай әскер екенін анықтау мүмкін емес, танымды белгілері жоқ, тек қара түсті формалары, ал басқаларының құм түсті камуфляжы бар екені есімде. Әр адамды не тепкілейді, не итеріп жібереді, не дубинкамен ұрады. Жекірген айқайлар, қоқан-лоқы үздіксіз естіліп жатты. Олар "курсанттардың басын кесіп тастады, қыздарды сен сияқтылар зорлады, сен кінәлісің" деп айқайлап жатты. Жауап алу кезінде олардың біразы мені танып, жақындап келіп, "сол жүрген осы әйел" деп, бетіме айқайлады. Мен оларға «тек адамдарға қару қолданбауды өтіндім ғой» дедім. Олардың бірі «ал, қолдандық, болды» деп жекіріп жіберді. Ұсталғандардың бәрін қолын басына ұстатып, төмен қаратып жүргізіп қойған. Ер адамдарды спорт залдың бұрышындағы есікке қарай алып кетеді. Ол жерден айғайлаған дауыстар естіліп, содан соң бүйірлерін ұстап, беттері қан-қан боп, ақсаңдап шығады. Сондықтан ол жерде тек: «Иә-иә, Халел, комментарий айтпаймын! Мен комментарий айттым ба? Ой, кешіріңіз, енді қайталамаймын» деп жалбақтау ғана мүмкін болды. Өте қорқынышты. Қалай болғанын бәрін айтып бердім. Олар көзімше «Ақ Жайық» газетінің редакторы Паличевке қоңырау шала бастады. Ол мені көргенін растады. Сөзбұйдаға салып, уақыт созды. Содан кейін қылмыскер секілді саусақ іздерін алып, алдынан және жанынан суретке түсіру үшін мені басқа қабатқа апарды. Сосын хаттама толтыруға әкетті. Бұл көріністен жылай бастадым. Олар ұсталғандардың бәрін өзара кемсітіп сөйлейді екен. Көзімше «Әнші балапандар қайда? Олар комната страхада» деген диалог болды. Бұл адамдарды ұрып-соққан азаптау бөлмесі. Кейін олардың кім туралы айтып жатқанын көрдім. Ол жерден жап-жас, қалаға аты танымал асаба Нұртілекті сүйреп шығарды. Ол алаңға жиналғандарға микрофон әкелген екен. Ол жанымда біраз уақыт отырып, айғақтар берді. Соққыға жығылып, беті қан-қан болған, бүйрегін ұстап отырған ол мені көріп, тіпті менің жасымдағы әйелді де әкелгеніне таң қалды. Мені көріп, аяп кетті білем, кенет жымиып: «апа, мен мынадан шықсам, сізге күшті подарок алып беремін» деді. Содан кейін ол маған тағы бір нәрсені айтып үлгерді. "Ең қорқыныштысы – өзіңнің таныс жігіттеріңнің ұрып-соққаны екен. «Не үшін?» деген сұраққа, олар оған: «Кешір, бауырым, бұйрық солай», - деп жауап берген.

Қасымда Жұмабай Доспанов (белгілі журналист, азаматтық белсенді, әскери тарихшы, «Ұлы Отан соғысындағы қазақ офицерлері» сериясының авторы) отырды. 70 жаста, 5 операция жасалған. Ол селқос отырды. Кейін сот отырысында ол: «Мен 44 соттан өттім, мұндайды көрген емеспін» деді. Тіпті, біздің биліктің қолынан келетінінің бәрін көру үшін судьядан 10-15 күн жаза беруді сұрады. Бұдан басқа, айыппұлды төлеуге ақшам да жоқ деді.

- Әйелдерді де ұрып-соға ма?

- Мені ұрған жоқ, ер адамдарды ұрып-соғып жатқанда, «отжимание» жасауға, секіруге, қабырғаға қарап сағаттап тұруға мәжбүрледі. Мен де қолыммен басымды ұстап, қабырғаға қарап отырдым, бірақ орындықта. Жұмабай Доспанов екеуміздің жолымыз болды. Ал ер адамдар қабырғаға қарап тұрды немесе тізерлеп отырды. Оларды тепкілеп не тұрғызады, не тізерлеп отырғызады. Сөйлеуге, айналаға қарауға болмайды. Қолмен желкеңді ұстап тұрасың. Полицияның бізге адамшылығы молырақ болды. Жанашырлар да, хайуандар да болды. Әсіресе арнайы жасақтар қатыгез екен. Полицейлер түнде төсенішке жатуға рұқсат берді. Таңертең бір жанашыр полицей жеп отырған шұжығын бөлісіп, бір стақан су әкеп берді. Жартысын ішіп, стақанды Доспановқа созып едім, жігіт «керегі жоқ, оған тағы беремін» деді. Ал жігіттер сол жерде тұрды. Әсіресе жас жігіттерді қатты азаптады. Ұсталғандарға тамақ та, су да берілмеді.

ҚІІБ алдындағы Молдағұлова көшесінің бөлігі әлі жабық

СОТТАН ІСКЕ ДЕЙІН

Таңертең бізді кабинеттерге сотқа апарды. Үш кабинетте отырған жас судья қыздар мен прокурорлардың адамдарға бақырып-зекіргені күш құрылымы жасағынан кем түспейді. Олардың жүздеріне қарап, өз-өзінен көзімнен жас парлады. Бір тәуліктің өзінде мұнша зардап тарттық, тағы қосатын болса жынданып кетуге болады. Олар: 3 күн, 10 күн, 15 күн... деп айқайлап жатты. Екі жас құқық қорғаушы әрі белсенді Шаттық Ташкенова мен Дианара Мұқатова тиісінше 3 және 10 тәулікке жазаланды. Полиция қызметкері маған «егер сіз спортзалға оралғыңыз келмесе, «мен енді ешқашан қатыспаймын, өкінемін» деп айтыңыз» деп кеңес берді. Мен солай айттым. Олар 64 мың айыппұл тағайындап, қолмен тілдей қағазға «төлеуге» деп жазып берді. Ешқандай қаулы да, хаттама да, шақыру қағазы да жоқ. Автоматпен қаруланған адамға еріп шықтым. Такси ұстадым. Ол жол бойы, 500 теңге аз, 600 теңге төлеңіз деп саудаласумен болды. Мен 1000 теңге беремін, тек үйге апарыңызшы дедім. Ініме қоңырау шалып, төменге ақша ала шықшы дедім. Тұтқаны қойдым, такси жүргізушісі: сіз қайдан келе жатсыз? - деп сұрады. Мен «Динамодан» дедім. Ол «жоқ апа, мен сізден ақша алмаймын» деді де кетіп қалды. Қазір сондай ауызбіршілік бар. ҚІІБ-де отырған кезде студент қызым Астанадан ұшып келе алмады. Оған билет алып үлгермедім. Сол жерде оған құрбым көмектесті, әуежайда билеттерге кезек көп екен. Кезекте тұрған жігіт анасына қатысты жағдайды білген соң, көмектесуге келісіп, оған өз ақшасына билет сатып алып берген. Түнгі рейс, қызымды өзі алып шыққан, келген кезде өз үйіне апармақ болған. Онымен кездесіп үлгермедім, біздің адамдар қандай. Билеттің ақшасын жібердім, бірақ кейін қонаққа шықырып, танысқым келеді. Алаңға шыққандар, «Динамода» болғандар – мен үшін қоғамның қаймағы, егер бізде өзгерістер болса, тек солар сияқтылардың арқасында. Ал наразыларды тоғышарлар, ана тілінде сөйлемейтін шала қазақтар деп атап, үрейленген жұртқа есікті жауып тастағандар - адам емес, бұл біздің халық емес.

Жазып алған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттерді түсірген автор

18 қаңтар 2022, 13:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған