Атырау, 8 қазан 15:35
 ашықВ Атырау +15
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Атырауда кәсіпкерлер жаңа нысандарға газ қоса алмай отыр

Сурет
1 345 просмотра

Былтыр кыркүйектен бері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы мораторийге сілтеп, 37 кәсіпкерлік субъектісіне нысандарды газбен жабдықтау желісіне қосудың техникалық шарттарын беруден бас тартқан.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына «Әмір-Нұр», «Имидж» және «Куанова Н.М.» ЖК «ҚазТрансГаз Аймақ» өндірістік филиалы олардың нысандарын газбен жабдықтау желісіне қосудан бас тартқанын, сондықтан өздерінің қаржылық шығынға ұшырап отырғанына шағымданды. Нысандарды салуға кәсіпкерлер несие алған, бірақ жылу болмағандықтан пайдалануға бере алмай жатыр. Ал несие төлемдері жүріп жатыр.

Кәсіпкер Мұрат ҚУАНОВ әңгімелегендей, жазда «Куанова Н.М.» ЖК Нұрсая ықшамауданында көпбейінді ғимарат салған. Бірақ «ҚазТрансГаз Аймақ» ӨФ техникалық шарт беруден бас тартқан. Ғимарат дымқыл тартып, көгеріп кетпес үшін олар электрмен жылыту жүйесін қосуға мәжбүр болған. Бұл үшін ай сайын 1 миллион теңгеге жуық ақша төлеп отыр.

- «Қуанова Н.М.» ЖК-ні жұбайым Нұржамал ҚУАНОВА басқарады, біз онымен бірге ғимараттың құрылысы аяқталғаннан кейін коммуналдық қызметтер (су, жарық) бойынша техникалық шарттарды алдық, бірақ олар газға бермей отыр. Электрмен жылытуға кететін шығын көп болғандықтан, құрылыс материалдары үшін банктен алған 3 миллион теңге несиені уақытында өтей алмай отырмыз. «Қазтрансгазаймақты» сотқа бердік, сотты күтіп отырмыз. Осы проблемалардың салдарынан әйелім ауырып, ауруханада жатыр. Мен де күйзелісте жүрмін, – дейді М.Қуанов.

Майра МҰХАНБЕТОВА («Имидж» ЖК) кәсіпкерлікпен 10 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. 2020 жылы дене шынықтыру және спорт саласында әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуды ұйғарып, футболмен шұғылдану залын сала бастаған.

- Қалаға қажет нысанды салдым, бұл әлеуметтік маңызды нысан. Бірақ жылуы жоқ болғандықтан пайдалануға бере алмай отырмын. Тұтынушыларды түрлі санатқа бөлген, бірі «басымды» санатқа жатқызылса, ал басқалары жатпайды, неге? – дейді ол.

Бұл проблема Тұтынушылар құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында қаралды.

- Ел президенті өзінің жақында жолдаған жолдауында бизнесті қолдау қажеттігіне және оның дамуына кедергі келтіретін тұлғаларды жауапкершілікке тартуға тағы да баса назар аударды. Сіздер жариялаған мораторий нені негізге ала отырып қабылданғанын білгіміз келеді? – деді кеңес төрағасы Әлібек Семғалиев «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік филиалының өкілдеріне.

Серік ҚЫДЫРОВ

 «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ АӨФ басшысының бірінші орынбасары Серік ҚЫДЫРОВ ахуалды былай деп түсіндірді:       

- Былтыр қыркүйектен бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директорының бұйрығына сәйкес, біз заңды тұлғаларға техникалық шарт бермейміз. Жеке тұлғалар мен әлеуметтік нысандарға газ қосуға өтінімдер бас кеңсенің мақұлдауымен ғана рұқсат беріледі. Оған себеп – газ көлемінің тапшылығы. Бүгінде «Финская» АГТС (автоматтандырылған газ тарату станциясы) ең жоғарғы қуатпен жұмыс істеп жатыр. Оның көлемін ұлғайту қажет. Осыған байланысты облыстық әкімдікке өтінім беріліп, осы АГТС-ты қайта жарақтауға жобалау-сметалық құжаттама дайындау жұмыстары басталды. Бұдан басқа, «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырын қайта жарақтау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл да қосымша көлемнің жоқтығына себеп болып отыр.

 

ЖАБДЫҚ БАРЫНША ЖҰМЫС ЖАСАП ТҰР

 «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Атырау» магистралды газ құбыры басқармасының өкілдері де монополисті қолдау пікірлерін білдірді. Кәсіпорынның бас инженері Мұрат ЕРІМБЕТОВТІҢ айтуынша, қолдағы жабдық қазір 100 емес, тіпті «105 пайызға» жұмыс істеп тұр. Бұл жабдық  қаланың бүкіл тіршілікпен қамтитын кәсіпорындарына газ жеткізеді. Егер қуаттылықты арттырса, ол істен шығуы мүмкін.

Мұрат ЕРІМБЕТОВ

«Финская» АГТС сонау 1994 жылы салынған.

- Біз әкімдікке оны қайта жарақтауды қаланың перспективалы даму жоспарына енгізу өтінішімен әлденеше рет жүгіндік. Өйткені тұтыну көлемі үнемі көбейіп отырғандықтан қуаттылық жетіспейді. Қайта жарақтаған жағдайда оның қуаттылығы екі жарым есеге артады, - деді М.Ерімбетов.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Асан НҰРҒАЛИЕВ «Финская» АГТС-ты қайта жарақтау жұмыстары былтыр қаланың перспективалы даму жоспарына енгізілгенін хабарлады. Бүгінде ЖСҚ әзірленіп жатыр, оны биыл шілдеде аяқтау жоспарланған. Әрі қарай әкімдік республикалық бюджеттен қаржы сұрамақ.

Алайда бұл Кеңес мүшелерінің көңілінен шықпады. Төраға Әлібек Семғалиев құзырлы органдардың уақытылы әрекет етпеуінен кәсіпкерлердің зардап шекпеуі тиіс екенін атап өтті.

Асан НҰРҒАЛИЕВ

 

ТҮРЛІ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР

- «ҚазТрансГаз Аймақ» әрекетінің заңдылығын тексеру өтінішімен кәсіпкерлер біздің департаментке де жүгінді. Тексеру нәтижесі бойынша монополист шешімі заңсыз деп танылды, әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды, - деп хабарлады Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің құқықтық бөлімінің басшысы Алмагүл ЕРМҰРАТОВА.

Газ қызметкерлерінің әрекетіне «Тұтынушылар құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігінің президенті Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА да наразы болды. Оның айтуынша, қоғамдық тыңдауда және қоғамдық қабылдау жұмыстары кезінде «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдері кәсіпкерлерге техникалық шарт беруден бас тарту себебін алдымен мораторий деп атаса, кейін тораптарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан. Тарифті көтеруге өтінім берген кезде кәсіпорын 2-3 еседей көбейтілген газ көлемін сатып алу туралы келісімшарттар ұсынған. Ал енді газ берушілер газ көлемі жоқ дейді. Сонда қайсысы дұрыс? Бұл материалдардың бәрін сотта ұсыну керек.

Алмагүл ЕРМҰРАТОВА

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Атырау облысы бойынша өкілетті сектордың меңгерушісі Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ та газ көлемі жетіспейді деген монополист өкілінің тұжырымымен келіспейді. Өз сөзінің дәлелі ретінде ол «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның газ тораптарының толық жүктемесі туралы мәліметтер жазылған ресми хатты ұсынды. Кәсіпкерлерге шарт беруден бас тарту себебі, оның айтуынша, «дұрыс емес».

- Сіздер жаңа нысандарды газбен жабдықтау желілеріне қосуға мораторий енгізу туралы айтылған №75 бұйрыққа сілтеп, бизнес субъектілерінің өтінішінен бас тарттыңыздар. Ендеше үш күннен кейін бұл мораторий әлеуметтік нысандарға қатысты еместігі айтылған №76 бұйрық қалай шығарылып отыр? Сонда мұндай бұйрық бар болып шықты, оны неге бізден жасырдыңыздар? Бүкіл материалды сотқа жолдаймыз, біздің мамандар да сот отырысына қатысады. Бізге шағымданған екі кәсіпкерлік  нысаны – балабақша мен спорт кешені, яғни, бұлар әлеуметтік нысандар. Бірақ бұйрықта нысандардың мемлекет меншігінде болуы тиіс екені атап айтылған. Сонда бұл қалайша заңға қайшы келеді?» - деді С. Жолдыбаев.

Отырыс қорытындысы бойынша монополист тарапына мынадай ұсыныстар айтылды: бүкіл тұтынушыларды алаламай, газбен жабдықтау бойынша теңестіру, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мерзімдері туралы алдын ала БАҚ-тарға жариялап, іс-шараларды жылыту маусымы басталғанша жүзеге асыру, қазіргі уақытта газ тұтыну бойынша лимит орнату және пайдалануға берілетін нысандарға техникалық шарттарды сағатына 6 текше метр шегінде беру.

Палата өз тарапынан «Атамекен» ҰКП-на пайдалануға берілетін кәсіпкерлік нысандарды газбен қамту ахуалын реттеуге қолдау көрсету жөнінде хат жолдады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Айнұр САПАРОВА

Суретті Атырау облыстық ӨКП ұсынды

10 қаңтар 2022, 19:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған