14 ақпанда Астанада өткен мұнай, газ компанияларының форумында басты тақырып «Теңізшевройл» ЖШС-нің Келешек кеңею жобасы болды. Оны жүзеге асыруға 5 жылда $20 млрд.жұмсалатын болады. Қазақстандық және шетелдік компанияларды - тауарлар мен қызметтердің әлеуетті жеткізушілерін жобаға қатысу мүмкіндіктері қызықтырғаны түсінікті жайт.
- Бұл Қазақстан үшін үлкен сома және елдің батыс, сондай-ақ, басқа да өңірлерін дамытуға зор мүмкіндіктер береді, - деп атап өтті конференция спикерлерінің бірі. Жобаны жүзеге асыру барысында ТШО-да темір құрылғыларды өндіру, модулдерді дайындау, монтаждаудан бастап құрылыс кезінде және кейін тамақтандыруды ұйымдастыру, вахталық ауылдардың орынжайларын тазалауға дейінгі көптеген қызметтерге қажеттіліктер туындайды. Алайда, тапсырыс беруші жариялаған 20 миллиардтың көп бөлігі модулдерді дайындау үшін шетелге кететіні белгілі. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Еуропаның жұмыссыз отырған зауыттары үшін де бұл үлкен олжа. Ал Қазақстанға келсек, ТШО-ға соңғы жасалған «қысымдар», соның ішінде ККЖ бойынша келісім берудің кешіктірілуі өз жемісін бергендей: әр жұмыс түрі үшін біріккен кәсіпорындар жасау есебінен қазақстандық компанияларға да несібе бар.
БІЗДІҢ ЖОБАЛАУШЫЛАРЫМЫЗ БРИТАНИЯДА
- Жобаға барлық әріптестеріміз, соның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК да келісімін берді. Біз Мұнай және газ министрлігінің келісімін алудың да ақтық кезеңіндеміз. Біз Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен келісім алғаннан кейін, Теңіз кен орнын әрі қарай әзірлеу бойынша технологиялық сызбаларды Әзірлеу бойынша орталық комиссияға ұсынуға дайынбыз. Алдағы апталардың ішінде келісімге келеміз деп ойлаймыз, - деді ТШО өкілдері.
Қазақстандық қамту бойынша: ТШО өкілдері хабарлағандай, жобаны жүзеге асыру барысында бұрғылау жүргізу, құрылыс жұмыстары және жеткізілетін жабдықтарға қызмет көрсету бойынша қазақстандық және шетелдік компаниялардан бірнеше біріккен кәсіпорындар құрылатын болады. Модулдарды дайындау бойынша бас мердігер – біріккен кәсіпорындар құрылады. Олар шетелде де, Қазақстанда да дайындалады.
Құрылыс барысында барлығы 20 мың уақытша, пайдалануға берілер кезде 600 тұрақты жұмыс орындары ашылады. 400-і жасалды – жобалаушылар жұмыс жасап жатыр. 45 қазақстандық қызметкер жобамен жұмыс жасауға шетелге, соның ішінде Ұлыбританияға іссапарға жіберілді. Олардың санын 100-ге дейін арттыру жоспарлануда.
ТШО өкілдері бағдарлама бойынша өз баяндамаларында тек жалпылама ақпараттарды ғана берді. Жоба бойынша нақты ақпараттарды залда отырған сервисшілер форум қатысушыларының жазбаша немесе электронды пошта арқылы жіберген сұрақтарына ТШО-дағылардың берген жауаптарынан ғана ала алды. Түсіндіре кетсек, форумға қатыса алмаған қазақстандық компаниялар өкілдерінің конференция барысын интернет арқылы қарап, баяндамашыларға «Атамекен» Одағының 14 өңірлік орталығында, соның ішінде Атырауда да ұйымдастырған баспасөз орталықтарынан online режимінде сұрақ қоюға мүмкіндіктері болды.
ЕҢ ЖОҒАРҒЫ МИНИМУМ
Технологиялық сызба мақұлданғаннан кейін «Теңізшевройл» 2033 жылғы келісімшарттық кезеңнің соңына дейін 200 ұңғыма бұрғылауға ниетті. Теңіздегі бұрғылаудың қиындығына байланысты (құрамында күкіртсутегі көп) ТШО шетелдік қатысы бар біріккен кәсіпорындарға иек артатынын білдірді.
Қазіргі уақытта модулдарды дайындауға Қазақстанда да, шетелде де тендерлер жүріп жатыр. Келісімшартқа жыл ортасына қарай қол қойылады. Вахталық ауылдар құрылысын салу сияқты бастапқы жұмыстарға, сондай-ақ модулдер мен жабдықтарды Теңізге жеткізу бойынша логистикалық қызметтерге де келісімшарттар жасалады.
- Модулдарды жеткізуге арналған жолдың ұзындығы портты орналастыру жері бойынша шешімге байланысты. Егер Атырау порты таңдалса, 200 шақырым ұзындықта жол салу қажет. Егер Прорва бағыты таңдалса, жол бірталай қысқарады. Қалай болса да, барлық техникалық аспектілерге келісім алғаннан кейін, біз ерте жұмыстар мен жабдықтарды жеткізу бойынша бірқатар келісімшарттар жүргіземіз және солардың ішінде жергілікті мазмұн туралы келісетін боламыз, - деп сөз берді ТШО өкілдері.
Олардың айтуынша, ТШО модулдік құрылыс бойынша тендерге қатысушылармен меморандумға қол қойған. Онда олар қазақстандық қамту бойынша минималды талаптарды орындау міндеттемелерін мойындарына алды.
- Бұл минималды талаптар ел аумағында бұрын-соңды салынған барлық модулдер көлемінен артық.
АЙЫППҰЛДАР ТІЛІМЕН
Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек САФИНОВ өз баяндамасында ТШО сатып алуларының жалпы көлеміндегі жергілікті мазмұн үлесі небары 5%-ды құрайтынын айтты:
- Қарашығанақ және Қашаған жобаларында даосындай жағдай. Конкурстар көбіне ерекше регламентпен өтеді, кейде олар біздің тауар өндірушілер үшін жабық.
Оның айтуынша, қазақстандық жеткізушілер өз өтінімдерін қабылдаудан негізсіз бас тартатыны және оларды конверт ашу рәсімдеріне қатыстырмайтыны жөнінде жиі шағымданады екен.
- Мүмкін, өндірушілерден шағым болмас үшін, олар нақты ережелерді білуі үшін сатып алудың электронды форматына көшу керек болар, - деп есептейді Сафинов.
Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылдан бері Қазақстан жергілікті мазмұн бойынша келісімшарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін айыппұл санкцияларын қолдана алады. Мұнай газ министрлігі мұндай айыппұлдарды 2011 жылдан бастап өндіріп алуда.
- 2011 жылы біз 180 миллион теңгеге айыппұл салсақ, 2012 жылы 350 миллион теңге өндіріп алдық, - дейді Сафинов.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Атырау-Астана
Суретті түсірген автор