Атырау, 8 қазан 19:45
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

​Жайықтың суын қалай сақтаймыз: жерасты суларын барлау керек

2 239 просмотра

Жақында ҚР Мәжіліс депутаттары премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға Жайық өзенінің тайыздану мәселесін және батыс өңірдегі су тапшылығын шешу үшін қандай шара алынуда деген депутаттық сауал жолдады.

Роман Скляр өз жауабында ресейлік тараппен бірге жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 2020 жылдың 4 желтоқсанында «2021-2024 жылдарға арналған трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалыпқа келтіру бойынша Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы бағдарламасы» қабылданып, Жол картасы бекітілгенін жазыпты.

- Бағдарламаның бірінші бағыты аясында «Трансшекаралық Жайық өзені бассейніндегі ағынды реттеудің салдарын экологиялық бағалау және Жайық трансшекаралық өзенін сақтау мен қалпына келтіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының техникалық тапсырмасы жасақталды. Бұдан басқа маусым-тамыз айларында Ирикла су қоймасынан су өтімін секундына 30 текше метрге дейін көбейту туралы уағдаластыққа қол жетті. Жайықтан су алуды азайту үшін жер асты су көздеріне біртіндеп көшу туралы шешім қабылданды.

Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, Батыс Қазақстандағы су тапшылығының алдын алу және халықты сумен тұрақты қамту үшін 2021 жылы тәулігіне 1000 текше метр су беретін 16 ұңғыманы қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді.

- 2015-2021 жылдары 224 елдімекендегі жерасты су қоры зерттелді, 13 су көздері қайта бағаланды. 2022-2024 жылдары халықты жерасты суымен қамтамасыз ету мақсатында тағы 7 су көзін қайта бағалаудан өткізу жоспарлануда. Қызылқоға ауданындағы Шығыс Тайсойған жерасты суларының қорын қосымша барлау жұмыстары да жүргізілмек. Батыс Қазақстанда екі су қоймасының құрылысы және бір қойманы жаңғырту көзделген. Ресейдің Еділ суын жеткізу бойынша қызметіне жұмсалатын республикалық бюджет қаржысын 30 пайызға азайтып, Қазталов ауданы Жалпақтал ауылының жоғарғы жағындағы Қараөзеннің 12 мың халқын сумен қамту үшін көлемі 28 млн текше метр су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс 2022-2024 жылдарға жоспарланған, - деп жазады Р.Скляр.

Сонымен қатар БҚО Қазталов ауданы Сексенбай ауылының маңында салынатын су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалуда. Оның жобалық көлемі 10-12 млн текше метр; құны 2,6 млрд теңгені құрайтын Киров су қоймасын жаңғырту бойынша ЖСҚ дайындалды. Бұл жобаны да 2022-2024 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр.

- Жайықтан алынатын су көлемін азайту үшін егін шаруашылығындағы суару жүйесін жаңғыртып, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдану қарастырылуда. Жалпы алғанда депутаттық сауалдағы көтерілген мәселелер үкіметің бақылауында және аталған жұмыстар жалғасын табады, - деді Скляр.

Еске салайық, «АЖ» жақында ҚР үкіметі еліміздегі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын бекіткенін хабарлаған еді. Алайда, экологиялық апат алдында тұрған Жайық бұл жобадан тыс қалды.

Фархат АБИЛОВ

22 желтоқсан 2021, 09:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.