Атырау, 8 қазан 20:00
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

«Оқ тамағыма тиді. Қансырап жаттым»: Жаңаөзен оқиғасына қатысушының куәлігі

1 504 просмотра

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы тағы бір «атаулы», бірақ қан мен өкінішке толы датамен тұспа-тұс келді. Биыл Жаңаөзен оқиғасына 10 жыл. 16 желтоқсанда полиция наразылыққа шыққан мұнайшыларға қарcы оқ атып, ресми мәлімет бойынша 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жараланған. «АЖ» тілшісі сол қайғылы оқиғаның қатысушысымен телефон арқылы тілдесті.

Жаңаөзен тұрғыны Нұрлыбек Нұрғалиев (суретте) – мұнайшы, ол 2011 жылғы жазғы көтерілістерге қатысып, 16 желтоқсан күні наразылыққа шыққан жүздеген адамдардың қатарында қалалық әкімдік алдындағы алаңда болған еді.

- Полиция оқ ата бастағанда тамағыма оқ тиіп, қансырап жаттым, алайда жедел медициналық көмектен қайыр болмады, себебі, олар басқа жаралылармен жүрген. Жігіттер бір "уазиктің" жүргізушісімен келісіп, мені ауруханаға сол жеткізді, - дейді Н.Нұрғалиев. – Ол жерде де кілең жаралы адамдар, еден қанға бөгіп жатты. Бірнеше сағат дәлізде отырдым, жанымда әйелім болды, ол қағазбен, мақтамен қанды тоқтатып отырды. Менің ойымша, дәрігерлер мынадай жарақатты қалай емдейтіндерін білмегендіктен мені бірден қабылдамаған сияқты. Біраздан соң ауруханаға апам келіп, мені жедел жәрдеммен Ақтауға жіберді. Түн болып қалған. Шынымды айтсам, жолда өміріммен қоштаса бастадым. Ақтауда ота жасады, бірақ оқты ала алмады – дәрігерлер оқ қашып кеткен, сондықтан солай қалдыру керектігін айтты...

Ауруханадан шыққанда есік алдында мені тергеушілер күтіп тұрды – бар-жоғы 10 минут сұрақ-жауап алып жіберетіндерін айтты. Мен оларға алаңда не көргенімді айтып бердім, кейін олар полицейге мені уақытша ұстау изоляторына алып кетуді тапсырды. Қайта жанымда күйеу балам болған, біз бармаймыз деп бас тартып, оның көлігімен Жаңаөзенге қайтып келдік. Қалаға кіреберісте блокпосттар қойылыпты. Біз бір блокпосттың жанында күтіп тұрғанымызда қамайтын камерасы бар "Газель" көлігі келді. Ішінен қолында автоматы бар адам шықты да көлікке мінгізді. Прокуратураға алып келді, ол жерде дөкейлер отырып алған, жоғарыдан келгендері көрініп тұр. Дауыстарын көтеріп сұрақ қоя бастады – мен жауап беруден бас тартып, үйге жіберулерін талап еттім. Қалай болғанын білмеймін, мені босатты, сөйтіп, түн жарымда үйге келдім.

Осыдан кейін мені әр күн сайын ҰҚК, прокуратураға шақырып, фотосуреттерді көрсетіп, оққа өзің кіргенсің деумен болды.

... Оқ адам ішінде қозғала береді екен, бір күні рентген оның жүрек қапталының айналасында екенін көрсетті. Мен жергілікті билікке шықтым, Алматыдағы А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына жіберді.

Сол жерде ота жасап, оқты алып, қолыма ұстатты. «Калашников» мылтығының оғы екен. Сол отадан кейін бір қолым ұйи береді, алдырмайды. Қазір де қолым, басым ұйиды, денсаулығым да сыр берді. Ауруханадан шыққан соң полицей келіп, бірнеше сұрақ қойды, алынған оқты сараптамаға беруді сұрады. Мен қайтарамын деген уәделерін алып бердім, бірақ содан кейін көрмедім. Кім атты, қайдан атты, неге атты деген сұрақтардың барлығы да жауапсыз қалды.

...Бірақ осының бәрінен кейін мен азаматтық ұстанымымды өзгерткен жоқпын, әділетсіздікке төзе алмаймын. Наразылық акцияларына да шығып тұрамын, мысалы, газ бағасының көтерілуіне қарсылығымды білдірдім. Билік мұның бәрін жай қалдырмайды – былтыр жалпы алғанда 62 тәулік әкімшілік қамауға алыныппын. Полиция жыл сайын 16 желтоқсанда белсенділік таныта бастайды, себебі, сол күні біз Ынтымақ алаңында қаза тапқан боздақтарға арнап құран бағыштап, ас береміз. Былтыр мені сол үшін қамаған. Биыл он жылдық садақадан соң Сарыағашқа кетіп қалдым. Бұл жерде үлкен мешіт бар екен, 1986 мен 2011-де қайтқан боздақтарға арнап құран оқыдым, қабыл болсын!

Айнұр САПАРОВА

20 желтоқсан 2021, 22:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.