- Мен арақ-шарап өнімдерін лицензиясыз сататын бірнеше дүкендерді білемін. Олардың қызметін кімдер бақылауға алады және заңсыз спирттік ішімдіктерді сатқаны үшін салынатын айыппұл мөлшері қандай?
Телефон арқылы
Сауалға Атырау қаласы бойынша салық басқармасының акциздерді әкімшілдендіру бөлімінің бастығы Әділбек РАХМЕТОВ жауап береді:
Аталған дүкендердің қызметін біздің бөлім бақылауға алады. Біздер тексерулер жүргіземіз, бірақ, 5 қызметкерден тұратын штат заңсыз спирт өнімдерін сату жағдайларының барлығын бірдей тексеріп отыруға мүмкіндік бермейді. Ондай жағдайлар орын алғанда бізге мына: 45-15-72 телефон нөмірі арқылы хабарлауға болады. Заңсыз сатуды жазалауға қатысты ҚР Әкімшілік-құқық бұзушылық Кодексінің 357-1 бабын келтіре кетейін: «Рұқсат, лицензия, біліктілік аттестаты (куәлігі) міндетті болған жағдайларда, тіркеусіз немесе лицензиясыз, арнайы рұқсатсыз, біліктілік аттестатынсыз (куәлігінсіз) кәсіпкерлік немесе өзге қызметпен айналысу, сондай-ақ іс-әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың нысанасы және (немесе) құралы тәркіленіп не онсыз, жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - отыздан қырыққа дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - жүзден екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, ал кәсіпкерлік немесе өзге қызметпен лицензиясыз айналысу әкімшілік құқық бұзушылық салдарынан алынған кірісті (дивидендтерді), ақшаны, бағалы қағаздарды қосымша тәркілеуге әкеп соғады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер, әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың нысанасы және (немесе) құралы тәркіленіп, жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің елуге дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - елуден жүзге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға үш жүзден жеті жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, ал кәсіпкерлік немесе өзге қызметпен лицензиясыз айналысу әкімшілік құқық бұзушылық салдарынан алынған кірісті (дивидендтерді), ақшаны, бағалы қағаздарды қосымша тәркілеуге әкеп соғады.