Атырау, 13 қазан 05:48
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Қамал да берік болмайды

2 831 просмотра

Менің бір танысым тығырыққа тірелді. Жоғарғы қабаттағы жарты жылдан бері ешкім тұрмайтын пәтердің тұрбасы жарылыпты. Қожайындарын табуға әрекеттенгенмен, онысынан түк шықпаған, олар басқа қалада тұрады екен.

ПИК қызметкерлері бірден пәтердің есігін бұзудан бас тартып, полицейлерге сілтеген. Ал олар ТЖД қызметіне, ал құтқарушылар қайтадан полицияға жолдаған. «Егер өзіңіз демалуға кеткен кезде, көршілеріңіз пәтеріңізді бұзса, өзіңізге қалай болар еді? Жеке меншікке қол сұғуға болмайды! - депті полицейлер. – Сотқа шағымданыңыз. Шешім болса, онда басқа мәселе».

Баспанаға қол сұғылмаушылық біздің мемлекетімізде Конституциямен кепілдендірілген. Қожайынның келісімінсіз ешкімнің оған кіруге құқығы жоқ. Бірақ бұл ереженің де ерекшелігі бар. Бұл туралы анағұрлым толығырақ заңгер Валентина КЛИМЕНКО әңгімелеп берді.

 

ОРТАҚ МҮЛІК

Баспанаға қол сұғылмаушылық құқығына тек осы баспананы тұрғылықты мекен-жайы немесе мекендеу орны ретінде пайдалануға заңды құқығы бар тұлғалар ғана ие. Бұған осы тұлғаның орынжайды пайдалану құқығын растайтын құжаттары (меншік құқығын растайтын құжаттар, жалдау келісімшарты және т.б.) дәлел бола алады. Қол сұғылмаушылық деген сөз – азамат заңда қарастырылған жағдайдан басқа кезде өз баспанасына кез-келген басып кіру әрекетін тоқтатуға құқылы дегенді білдіреді.

Осы орынжайға меншік иесінің немесе баспанаға басқа заңды негізде билік ететін тұлғаның ықтиярымен азаматты қоныстандырса, бұл қоныстандырылған азаматтың баспанаға қол сұғылмаушылық құқығын туындатады. Мәселен, егер сіз пәтеріңізді жалға берсеңіз, жалға алушыларда осы құқық пайда болады.

Бірақ осы орынжайға тұру құқығы бар тұлғаларды бірінің тіпті мәжбүрлі түрде болса да кіруі баспанаға қол сұғылмаушылық құқығын бұзу боп табылмайды. Мысал келтірейік. Әйелі «айыпты болған» күйеуін ортақ пәтерлеріне кіргізбейтін жағдай өмірде болып тұрады. Егер күйеуі әйелінің ықтиярынсыз үйге кіретін болса, бұл баспанаға қол сұғылмаушылық құқығын бұзу боп табылмайды.

 

КУӘГЕРЛЕРМЕН ҒАНА

Заңмен бекітілген белгілі бір жағдайларда  қол сұғылмаушылыққа кепілдік бұзылуы мүмкін. Мәселен, баспана ішіндегі және көршілерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін төтенше жағдай туындаса, баспана қожайындарының ықтиярынсыз басып кіруге рұқсат етіледі. Бұл өрт, газдың жарылысы және т.б. болуы мүмкін, - дейді В. Клименко. – Ал сіздің танысыңыз тірелген тұйыққа келер болсақ, оның шығатын жолы бар. Мұндай жағдайларда, егер пәтер қожайындарын табуға мүмкіндік жоқ болса, учаскелік инспекторды шақыру керек. Оның және екі куәгердің қатысуымен ПИК қызметкерлерінің құлыпты бұзуға қақысы бар. Мұндай жағдайда міндетті түрде хаттама толтырылады. Пәтер есігі ашылғаннан кейін учаскелік инспектор пәтерге бөгде адамдардың кірмеуін бақылауға алуы тиіс.

Бұдан басқа, іс жүргізу–тергеу әрекеттері секілді қозғалған қылмыстық істер шеңберінде тінту және алу жүргізілген кезде баспанаға қол сұғылмаушылық құқығы заңды негізде шектеледі (мұның бәрі Қылмыстық-іс жүргізу кодексінде толық айтылған). Тұрғын баспананы тексеру тек онда кәмелетке толған тұлғаның келісімімен немесе прокурор санкциясымен жүргізіледі. Егер тұрғын жай оқиға болған орын болса және оны тексеруді кейінге қалдыруға болмайтын болса, ол тергеушінің қаулысымен жүргізілуі мүмкін. Бірақ кейін оның заңды екенін тексеру үшін прокурорға хабарлауы керек.

Кез-келген тексерудің немесе тінтудің тек айғақтардың қатысуымен ғана жүргізілетіндігін есте сақтау қажет.

Егер борышкер атқару құжатын орындаудан жалтарған жағдайларда сот орындаушылары мүлікті хаттау және тәркілеу үшін  жеке меншік аумағына кіру құқығына ие болады. Бірақ олар тек сот шешімімен және борышкерге алдын ала хабардар ету арқылы ғана әрекет ете алады. Бұл жағдайда екі айғақ, ПИК өкілдері мен учаскелік инспектор міндетті түрде қатысуы керек.

Егер сіздің баспанаға қол сұғылмаушылық құқығыңыз бұзылған болса, сіз сотқа жүгініп, тек материалдық қана емес, моральдық залалды өтеуді талап ете аласыз.

Жазып алған Тамара СУХОМЛИНОВА

14 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.