Өткен жылы Индер ауданында төрт кәсіпкер бірігіп, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде алғашқы боп несие алушы «Индер-Мақсат» ЖШС құрған болатын. Қазіргі уақытта тағы 7 серіктестік құрылу үстінде. Олардың құрамында 89 адам бар, серіктестік бюджеттен 221 млн теңгеге сұраныс берген.
«Индер-Мақсат» кәсіпкерлерінің бірі наубайхана мен тігін цехын ашса, ал енді бірі егін шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Серіктестік құрамы күннен күнге кеңеюде. Күні бүгінде серіктестік мүшелері 24 адамға жетіп, 60 млн теңге несие қаржы алған. Алайда, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер бәрі қағаз жүзіндегідей керемет емес екенін жеткізді.
- Көбіне кәсіпкерлік сауаттылық жетіспей жатады, -дейді «Индер-Мақсат» серіктестігінің директоры Заря АТАБАЕВА. - Біз барынша оларды қолдап, жұмыс орындарына барып, қажетті ақыл-кеңес беріп тұрамыз. Және бірден көп пайда табам деудің дұрыс еместігін түсіндіруге тырысамыз. Бастапқы кезеңдегі мақсат – өндірісті жарақтауға күш салып, өз тұтынушыларын табу.
Бұрынғы математика пәнінің мұғалімі Жанар БИМАҒАНБЕТОВА (суретте) шағын наубайхана ашу үшін бағдарлама аясында 3 млн теңге несие алды.
- Несиеге алған қаржының 800 мың теңгесін Қытайдан газ пешін, 290 мың теңгесін былғауыш құралын сатып алуға, ал 1,5 млн теңгесін шағын наубайхананы қайта жарақтауға жұмсадым, - дейді Ж. Бимағанбетова. – Мен әкем салған моншаны наубайхана етіп салып алдым. Егер наубайхана құрылысын жаңадан жүргізгенде қаржы жетпейтін еді. 3 млн теңге нан өнімдерін шығармай жатып жоқ болды.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бірінші кезекте оқытуға, жұмысқа орналастыруға, тұрғылықты жері бойынша өзінің жеке ісін ашуды ұйымдастыруға жәрдемдесуге бағытталған. Бағдарламаны іске асыру мынадай төрт бағытта жүзеге асырылады:
- өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және еңбек нарығында олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
- ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
- еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
- ауылдық елді мекендерді дамыту.
Қазір «Ақ бидай» наубайханасы 15 түрлі нан өнімдерін шығарады. Жанардың наубайханасында ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған үш жергілікті тұрғын еңбек етеді. Оларға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен 19 мың теңге төленсе, Жанар да өз тарапынан оларға сол соманы төлейді.
- Қазір несие алғаныма бір жыл өтті, оны қайтаратын уақыт келді. Мәселен, мен қаңтар үшін 70 мың теңге төлеуім қажет. Оны қиналмай өтей аламын деп ойлаймын. Себебі, біздің өнімге деген халықтың сұранысы жақсы, -дейді Жанар.
Серіктестің жеке кәсіпкері Эльмира ЖЫЛЫШПАНОВА:
- Мен 2 млн теңге несие алғанмын. Барлық қаржы қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға, наубайхана құрылысына кетіп қалды. Ал менің қосымша қорым жоқ. Төрт балам бар, күйеуім қайтыс болған. Осы жылдың қаңтарынан бастап қана толық негізде өнімді шығарып, сатуға қол жеткіздім. Жасыратыны жоқ, енді несиені қайтару маған ауыр боп тұр. Кепілдікке салған үйімнен айрылып қалмау үшін күндіз-түні жұмыстанамын, - деп жеткізді.
- Егер кәсіпкер үшін қаржыны қайтару қиындық туғызса, не болады?
- Қарызды кімге беруге болады, кімге беруге болмайтынын шешетін арнайы комиссия жұмыс істейді, - дейді Заря Атабаева. – Бизнесті дамытып әкетуге сенімді адамдардың ұсынысы ғана қабылданады. Кепілдікке үй салмай-ақ, бір-біріне кепіл болып та серіктестік құруға болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА