– Жасым 64-те. 11 жылдан бері гипертониямен ауырамын. Анам инсульттан қайтыс болды. Кейінірек күйеуімнен айырылдым, ол үш жыл сал боп, төсек тартып жатқан еді...
Физика пәнінің бұрынғы мұғалімі Дарико ИМАНҒАЛИЕВАНЫҢ (суретте) сырқаттану хикаясы көпшіліктің басында кездеседі. Артериялық қан қысымы – қоғам дерті. Оны жеңу үшін белсенді гипертониктер «Құтты білім» қоғамдық ұйымына бірікті. Оларға ТШО демеушілік қолдау көрсеткен. Бүгінде бірлестікте 10 адам бар, бәрі де зейнеткерлік жаста деуге болады. Олардың басты мақсаты - өздері секілді жандарға қол ұшын беру.
– Ұйымдасу мүмкіндігі бар екенін білген кезде мұны аса қызығушылықпен қабылдадым, - дейді Дарико апа. Оған бірлестікті басқару ұсынылған екен. - Өйткені, жанұялық тәжірибемнен мұның не екенін білемін. Қазір менің екі ұлымның да қан қысымы ойнамалы. Бір құрбымның ұлы инсульт алды, ал ол бар болғаны 35 жаста еді. Жас адамдардың көпшілігінің ұйқыдан оянбай қалатыны қиын. Біздің бірлестігіміз пайда әкеледі деп үміттенемін. Егер дәрігердің кеңесін сақтаса, қан қысымын бақылауға алуды үйренуге болады.
Қазір «Құтты білімнің» бүкіл мүшесі қалалық №7 емхана базасында ашылған Гипертониктер мектебінде білім алуда. Курстан кейін олар №7 және №2 емхана пациенттерімен жұмыс істейтін болады. Сабақты 2010 жылдан бері ТШО қолдауымен «Атырау облысы тұрғындары арасында гипертонияға шалдығушылықты азайту және оларды емдеудің мүмкіндіктерін кеңейту» жобасын №2, №7 емханада және Исатай аудандық емханасында жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы» ҚБ өткізеді.
18 жастан жоғары адамдарға, ең болмағанда, жылына бір рет, 35 жастан жоғары жандар – жылына 2-3 рет, 50 жастан кейін – тіпті гипертониясы жоқ болса да, айына бір рет қан қысымын өлшетіп тұру керек. Статистика бойынша, 50-60 жастан кейін дүние жүзі халқының 65 пайызы артериялық гипертониядан жапа шегеді екен.
– Бізде қан қысымын қалай дұрыс өлшеу, тамақтану, қозғалу керек деген бірнеше тақырыптық сабақтар бар. Сонымен қатар күйзеліс проблемаларын зерттейміз, -дейді ТШО-ның Қазақстанның отбасылық дәрігерлері қауымдастығы жобасының үйлестірушісі Людмила АСТАШКИНА. –Мұның соңғысы өте маңызды. Өйткені қан тамырлары неврологиясы бөлімінде инсульт алған жастар өте көп. Себебін анықтай бастасақ, біреуі жұмысынан айырылып қалған, енді бірінің отбасылық проблемалары бар боп шықты. «Құтты білім» ҚБ мақсаты – пациенттерге ақпарат беру. Қазір біз (науқастың рұқсатымен) қазақ және орыс тілдерінде sms-хабарламалар жібере бастадық. Мәселен, «Таза суды көп ішу керек, кем дегенде күніне2 литрін. Шай, нәрсу, кофе, шырындар мен басқа сусындар есептелмейді. Судың тапшылығынан қан қоюланып, қан қысымын жоғарылатады» деген секілді түрлі хабарламалар болады. Біреулерге таблетка ішу керектігі туралы еске салады. Бізге егер бірнеше қарапайым ережелерді сақтаса, қан қысымына бақылау жасауға болатынын адамдардың түсінгені маңызды. Біздер 600 адамды қамтимыз. Науқастар туралы мәліметтерді №7 және №2 емхана дәрігерлерінен аламыз, сонымен қатар жедел жәрдем шақыртулары бойынша қараймыз.
- Препараттарды тұрақты қабылдап жүрсе де, қан қысымы тұрақталмайтын жағдайлар болады ғой.
- Бұл емнің немесе дозалардың қалыптағыдай болмауы. Дәрігерге бару керек. Егер ол адам диспансерлік есепте тұрса, бүкіл препараттарды тегін алады.
Бисембай ДҮСІПОВ, «Құтты білімдегі» жалғыз ер адам, жасы – 64-те:
– Мен 20 жылдан бері дәрі ішіп келемін. Сабақтардан әзірге жаңа ештеңе білген жоқпын, өйткені осы жерде айтылып жатқандардың барлығын жасаймын. Біз өз білгендерімізді басқа науқастарға жеткізуге тиіспіз. Мен, мәселен, көршілерімнің бәрінің қан қысымын өлшеймін, кейде таблетка да бере аламын. Бірақ міндетті түрде дәрігерге бару керектігін айтамын. Бірақ, олар олай етпейді, біршама уақыттан кейін қайтадан маған келіп, таблетка сұрайды. Өзін-өзі емдеуге болмайды. Дәрігерге барып, тағайындаған емін алу керек, денсаулықпен ойнауға болмайды ғой.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор