Бұл тақырыпта әзіл әңгімелер өте көп. Мысалы: Білім бөлімінен телефон шалынды:
- Сізді балабақшаға тұрған кезегіңіз келгенін хабарлап, қуантқымыз келеді.
- Ниетіңізге рахмет, бірақ менің қызым тұрмысқа шығайын деп жатыр...
Күлкілі. Тек осы кезекте 16 мыңыншы болып тұрған адамға емес. Таңдау да көп емес: не жұмыс жасамай, баланы өзің бақ, не бала күтушісіне немесе жеке балабақшаға беруге қалтаң көтеретіндей ақша тап.
«КЕЛЕШЕККЕ» ДЕЙІН ЖӘНЕ КЕЙІН
Қалалық білім бөлімінің деректері бойынша Атырауда 9 жеке балабақша бар. Ай сайынғы төлем 30 мыңнан 50 мыңға дейін. Бұрын ең қымбат бақша – белгілі бір әлеуметтік топтың қажеттілігін өтеген «Келешек» (100 мың теңге) балабақшасы болған еді. Алайда өткен жылы ол өзінің бұл атағынан айырылып, жай ғана ең қымбат Дамыту орталығы болып өзгерді. Енді олар балаларды ауысым түрінде – түске дейін және түстен кейінгі мерзімдерде жарты күнге оқытуға қабылдайды. Төлемдер де сәйкесінше төмендеді: айлық «абонемент» 50 мың теңгені құрайды. Балабақшаның директоры Майра ҚҰЛШИЕВАНЫҢ айтуынша, екі ауысымға да балаларын әкелетін ата-аналар бар. Оларды тамақтандыру жөніндегі сұраққа (дамыту орталықтарында тамақ бермейді және ұйықтатпайды) Майра Жайғалиқызы жауап бермеді, алайда бір жолын тауып отырғандары белгілі, өйткені жеке мекемелерді көбіне талапшыл ата-аналар таңдайды ғой.
Айтпақшы:
«Үй бала күтушісі» деп аталатын жұмыс стандарты бар. Осындай ЖК иесі он жылдан бергі жұмыс тәжірибесінде оны ешкім тексермегенін мойындады. Ол толтыратын жалғыз құжат – салық декларациясы.
Қаладағы ең алғашқы жеке балабақша - 2008 жылы Жеті қазына ықшам ауданында ашылған «Таза бұлақ» бақшасы. Оның айлық төлемі – 50 мың теңге. 2010-12 жылдары тағы 8 балабақша («Жас батыр», «Бәйтерек», «Жанерке», «Қайнар», «Арай», «Ақкөгершін», «Күншуақ», «Хан-Шатыр») және бір дамыту орталығы («Айналайын») ашылды. Бизнес қарқынды дамуда және бұған бақылау жасаушы да жоқ тәрізді.
ЕШҚАНДАЙ КЕЗЕК ЖОҚ
Сондай-ақ, осындай он шақты мекеме еш жерде тіркелмеген «Бала бақша» маңдайшаларымен өскелең ұрпақты тәрбиелеу майданында қызмет етуде. Ғаламтордың іздеу жолдарына «Атыраудағы жеке балабақшалар» деп жазып іздегенде, бірнеше жарнамалық шақыруларды таптым, ал «сымсыз» ақпарат көздерінде балаларды ешқандай кезексіз қабылдайтын орындар туралы деректер жеткілікті. Мұның бәрі 2012 жылғы қыркүйектен бастап балабақшаларды міндетті лицензиялау алынып тасталғаннан болып отыр. Енді білім бөлімі мен мемлекеттік санэпидемиялық қадағалауға тіркелу ерікті. Яғни, егер жергілікті тұрғындардан заңсыз қызмет етіп жатқан мекеме туралы жазбаша арыз түспесе, оған әрі қарай осылай заңсыз жұмыс жасай беруге ешкім кедергі болмайды.
Айтпақшы:
ҚР колледждері, мектептері және балабақшаларының үштен бірі 2012 жылғы мемлекеттік аттестациядан өте алмады.
Бұл туралы ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Серік ЫРСАЛИЕВ хабарлады.
«Бұрын жергілікті атқарушы органдардың өздері мектептерге аттестация жүргізетін еді, нәтиже 99,7% болды. Қазіргі уақытта біз 1117 мектеп, балабақша және колледждерді тексердік, нәтижесінде олардың 37%-ы аттестациядан өте алмады. Біздің департаменттеріміз білім сапасының ең төменгі талаптары бойынша жұмыс жасайтынын айтып өткен жөн», - деді С. Ырсалиев ведомствоның ресми сайтында жарияланған ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникация қызметіне берген сұхбатында.
Комитет басшысының деректері бойынша, тексеру барысында республиканың 205 мектебінде лицензия жоқтығы және 2 мыңдай мұғалімдердің педагогикалық білімдері жоқ екендігі анықталды.
Осылайша, құрметті ата-аналар, бәрі өзіміздің мойнымызда. Ең таңғаларлығы, ата-аналарға жүргізілген шағын сауалнамадан білгенім, олар балаларын бақшаға ресімдегенде ешқайсысы ресми құжаттарын сұрамаған. «Ыңғайсыз ғой» немесе «басымызға да келмепті» деген сылтаулар айтады.
Алайда, ресми органдарда тіркелу де заң бұзушылықтардан қорғай алмайды, өйткені, олар жылына тек екі-ақ рет тексеріледі: бірінде - санитарлық дәрігерлер, екіншісінде – білім беру бөлімі.
- Бір ай бұрын нақты күні мен уақытын жазбаша ескерту арқылы,- деп растады Санэпид қадағалау департаментінің санитарлық-гигеналық бөлімінің бастығы Әсел МҰРАТОВА.
- Бұзушылықтарды жиі анықтап отырасыздар ма?
- Оларды жоқ деуге болады.
- Осындай сирек болатын «сыпайылық сапарлары» бір нәрсені анықтайды деп ойлайсыз ба?
Бұған Мұратова бұрын тексерулер тоқсан сайын және кездейсоқ болатын деп жауап берді. Алайда қазіргі шағын бизнеске қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеті – балаларды қамқорлауды жеке үйлер мен жертөлелерге ысырып тастады. Мен топтары коттедждің ірге қабатында орналасқан жеке балабақшаны көзіммен көрдім. Мұның өрескел заң бұзушылық екеніне Мұратова келісті, алайда бұларды анықтау оның құзіреттілігінде емес екен.
ЕРЕЖЕ ЕРЕЖЕСІМЕН, АЛАЙДА...
Ата-аналар көптен күткен жеке бақшалар шығынының бір бөлігін төлейтін мемлекеттік өтемақы ешкімді қызықтырмай отыр: Жолмұханованың айтуынша, бүгінгі күні жеке бақшалар иелері берген үш өтінім де кері қайтарылып алынған. Естеріңізге сала кетсек, мемлекеттік тапсырыс конкурсының жеңімпаздары дотация алады және сәйкесінше ата-аналардың төлемақысын азайтады. Алайда, дотацияға ешкім қызықпайды, себебін бір жеке бақшаның директоры түсіндірді:
- Ұсынылған сома аз, басында 20 мың туралы айтқан, қазір 12 мыңға дейін түсті, қағазбастылығын сұрамай-ақ қойыңыз... Менің топтарымда балалар толық, ата-аналар маған тікелей төлейді, ешкімнің алдында есеп беруге міндетті емеспін, сондықтан да маған мұндай артық бас ауырту керек емес. Өтемақы топтарына бала толтыра алмай жүргендерге тиімді, олар білім бөлімінен кезектегі балаларды алады. Алайда жеке балабақшаларда мұндай проблемалар жоқ.
Осы дотацияға берілген өтінімді қарайтын комиссияның жылына екі рет отырысы болады. Біреуі өтті, тағы біреуі қалды. Егер қалаушылар табылмаса, жоба күйрейді. Бюджет үнемделеді, алайда ата-аналардың мемлекет уәде еткен көмекке қолы жетпейді.
Әділдік үшін айта кетсек, мемлекеттік бақшалар да осылайша тексеріледі. Ал бала санының артықтығын айтпағанның өзінде, заң бұзушылықтар онда да жеткілікті. Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Мектепке дейінгі тәрбие жүйесінің нормативтік-құқықтық актілері жинағында» жасына қарай топтарды толықтыру нормалары жазылған: бірінші кіші топта (2-ден 3 жасқа дейін) 20 баладан және 3 жастан 6 жасқа дейінгі топтарда 25 баладан аспауы керек. Менде белгілі МДАГ (мектепке дейінгі авторлық гимназия) балабақшасының бір тобында тізім бойынша 100 бала тіркелгені жөнінде мәлімет бар.
- Жоқ, бұл жалған! –деп кесіп айтты қалалық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие бойынша бас маманы Гүлнәр ЖОЛМҰХАНОВА. – Сұраныстары өте көп екі бақша – МДАГ пен №13 бақшада тізім бойынша 45-50 бала тіркелген бір-екі топ бар екені рас, алайда олардың барлығы түгел келе бермейді. Ал қалғандарында бәрі нормаға сәйкес. Міне, менің қолымдағы соңғы деректерге жүгінсек, қалалық бақшалар тобында орта есеппен тізім бойынша 35-40 бала тіркелген, келетіндері одан да аз – 25-30. Айтпақшы, 2012 жылы балабақша директорларымен бірге біз қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тәрбиешілерге көмектесетін арнайы қызметкерлер бөлу туралы ұсыныс жасаған едік. Өткен жылдың соңынан бастап балалар тығыздығы жоғары балабақшаларға еңбек биржасынан бөлінген қосымша қызметкерлер – тәрбиеші көмекшілері бөлінді. Олардың жалақысын үкімет төлейтін болады. Жалпы статистика бойынша бізде орташа қатыс 70%-ды құрайды. Қыста одан да төмен, өйткені көптеген адамдар салқын кезде балаларын тасып жүргісі келмейді. Балаларын екі ай мерзімге дейін созылатын «демалысқа» сұрап алатындар да бар.
- Алайда, талап бойынша, 25 бала және әр балаға 2,5 шаршы метрден келу керек.
- Әрине, барлық жерде санитарлық нормалар сақталуы тиіс, алайда бұл бақшалардың жетіспеушілігінен болған мәжбүрлік. Егер 90-жылдарға дейін қалада 67 балабақша болса, қазір жекелерді қоса есептегенде – 47. Менің білуімше санитарлық дәрігерлер бақша директорларына айыппұл салуда. Олар қалталарынан ақша төлесе де, балаларды қабылдауды жалғастырып отыр. Ал, балалар қайда барады? Кезекте он мыңдаған адам күтіп отырса...
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА