Атырау, 27 желтоқсан 05:13
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Пайдасынан зияны...

1 683 просмотра

Қазақстанның батыс өңірлеріндегі мұнай-газ өндіруші компаниялардың экологиялық төлемдері соңғы 4 жылда бүкіл ел бойынша осындай төлемдердің 53 пайызын құрап отыр. Сонымен қатар табиғат қорғау шараларына қаржылар қалдық принципі бойынша бөлінеді.

«Бюджеттік талдау және экономикалық мониторинг орталығы» қоғамдық қоры батыс қазақстандық бірнеше ҮЕҰ-мен бірігіп, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы қоршаған ортаны қорғауға арналған мемлекеттік шығындар мониторингін өткізді. Бұл жоба 2011 жылы жүзеге асырылған «Экологиялық төлемдерді үлестіру және оларды республикалық  және жергілікті  бюджеттерде  қолдану» зерттеу бастамасының жалғасына айналды.  

Мәселені егжей-тегжей зерттеу жұмыстары қоршаған ортаны ластағаны үшін жергілікті және республикалық бюджеттерге түскен түсімдер едәуір екенін көрсетті. 2009 жылы олар 97 млрд теңге, 2010 жылы – 78 млрд, 2011 жылы – 71,7 млрд, 2012 жылдың 11 айында – 63 млрд теңгені құраған. Ал жергілікті бюджеттің табиғат қорғау шараларына бөлген шығындары осы уақыт ішінде 94 млрд теңгені құрады – орташа алғанда жылына 23,6 млрд теңгеден келеді. Ең бастысы – техногендік факторлардың әсерін анағұрлым бастан өткеретін біздің батыс облыстарынан экологиялық төлемдердің қанша түсетіндігі мен табиғат қорғау шараларына қаржылар бөлудің арасында аса бір байланыс жоқ. Сонымен, республикалық бюджеттегі жалпы шығындар бойынша табиғат қорғау шараларына жұмсалған ҚОҚМ шығындарының үлесі жарты пайыздан да аспайды: 2009 жылы – 0,15%, 2010 – 0,20%, 2011 – 0,40%, 2012 – 0,20%. Ал Еуропа елдерінде мұндай шығындар 1,9 пайыз жалпы ішкі өнімнен кем құрамайды.

Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған жергілікті бюджет шығындары күрделі экологиялық ахуалға қарамастан, ел бойынша орташа көрсеткіштерден әжептәуір төмен. 2012 жылы ел бойынша орташа деңгей 7,7 млрд теңгеге тең, ал Ақтөбе облысында – 4 млрд теңге, Атырау облысында – 3 млрд, Батыс Қазақстан облысында – 3 млрд теңгеден сәл жоғары, Маңғыстау облысында – 2 млрд теңгеден төмен болды. Атырау облысы экологияға бар болғаны өз бюджетінің 2 пайызын ғана жұмсайды екен.

Біз, біріншіден, қоршаған ортаны ластағаны үшін түсетін түсімдердің еліміздің кейбір облыстарының бюджеттерімен салыстырмалы екенін анықтадық. Екіншіден, ластағаны үшін жоспарлы түсімдер нақты деңгейден қашан да төмен болады. 2009 жылы бұл айырмашылық 34 пайызды, 2010 жылы 54 пайызды, 2011 жылы 39 пайызды, 2012 жылдың 11 айында – 33 пайызды құрады, - дейді «Бюджеттік талдау және экономикалық мониторинг орталығының» директоры Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ (суретте).– Бұдан басқа, әдетте мемлекеттік органдар жоспарлы қаржыдан кем жұмсайды. 2012 жылы табиғат шараларының жеткіліксіз қаржыландырылуы, мәселен, Атырау облысында 33 пайызды құрады. Күпірлік болса да айтайын, бүгінде өңірлік бюджеттер оны сақтау үшін қаржылар салуға қарағанда, қоршаған ортаны ластағаны үшін көп табыс табады.

Бүкіл зерттеу материалдары Есеп комитетіне, жаңа өңірлік даму министрлігіне, қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен қаржы министрлігіне жолданатын болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.