Атырау, 25 қараша 10:51
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мақаш Рахметов: «ККЖ Теңіздің түбіне жетеді!»

3 968 просмотра

«Теңізшевройл» компаниясының Келешек кеңею жобасын (ККЖ) жүзеге асыру Теңіз кенішін жоғалтуға әкеп соғады, деп есептейді ҚР Құрметті мұнайшысы Мақаш РАХМЕТОВ (суретте) (Атырау қаласы). Ғалымның есептеуінше, осы жұмыстар басталған жағдайда 8-10 жылдан кейін қабаттық қысымның төмендеуі мұнай өндіруді күрт азайтады екен.

Оның айтуынша, 1993 жылы ТШО қабаттық қысымды қолдаусыз «Теңіз» кенішін игеруді бастаған. Яғни, жер қойнауына алынатын мұнайдың орнына суды немесе жер қойнауына жеткілікті көлемде ілеспе газды айдамаған. Нәтижесінде 90-жылдардың аяғында ТШО бастапқы деңгейде 824 атмосфераға тең болған қабаттық қысымның 109 атмосфераға азайғанына куә болған. 1993 жылмен салыстырғанда 2000-2001 жылдары мұнай сұрыптау 25 пайызға артқан кезде, жер қойнауындағы қысым 64,6 атмосфераға түсіп кеткен. Бұл Теңізді игерудегі қабаттық қысымның ең күрт төмендеген кезі болды.

2001 жылы ТШО ілеспе газды өңдеу және оны алауларда өртеу көлемін азайту мақсатында Екінші буын зауытының және Шикі газды кері айдау жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Компания мұны қабаттық қысымды қолдау қамы деп түсіндірді. Іс жүзінде ТШО қабаттың мұнай беру шамасын арттыру туралы ғана ойлады.

2007 жылдың қазанында жер қабатына алғашқы газ айдалған кезден бастап ТШО дүние жүзіндегі жобалардың бірде біреуінде шикі газды кері айдау мұншама қабаттық жоғары қысыммен және жоғары мөлшердегі күкірсутекпен жүзеге асырылмағандығын мәлімдеді. Алайда аномальды жоғары қабатты қысымдағы кенішті игеру тарихында тек бірнеше жағдайлар ғана белгілі: Оңтүстік Техастағы Биг-Лейк газ конденсатты кеніші, АҚШ аумағындағы Венчура-Авеню кеніші және Францияның оңтүстігіндегі Лак кеніші.

Рас, ол жерлерде қабаттық мұнай беру шамасын арттыру мақсатында газды айдау қабаттық қысымды қолдау үшін су айдаумен қатар жүргізілген. Осындай жұмыстар Кеңестер Одағындағы кейбір кеніштерде жүзеге асырылған.

ТШО Екінші буын зауытының және Шикі газды кері айдау жобаларын жүзеге асыру кезіндегі 5 жыл ішінде мұнай өндіру тұрақтылығын сақтап, кеніште мұнай өндіру көлемдерін екі есе көбейтуге қол жеткізгенін, Келешек кеңею жобасының көмегімен «қара алтынды» өндіруді жыл сайын 25-тен 37,8 миллион тоннаға дейін, яғни 50 пайызға көтергісі келетінін мәлімдеді.

Қабаттық қысымды қолдау үшін жер қойнауынан алынған көмірсутектердің жалпы көлемі айдалған газ көлеміне сәйкес келу керектігі баршаға аян. Егер айдалған газ көлемі 20-30 пайызға көп болса, тіптен жақсы. Теңізде игеру жұмыстары басталған уақыттан бастап 2012 жылдың басына дейін 224 млн тоннадан астам мұнай мен 126 млрд текше метр газ өндіріліп, жер қабатына бар болғаны 2 млрд текше метр газ айдалды. Қабат қуатын бастапқы деңгейден ең болмағанда 70-80 пайызға дейін қалпына келтіру үшін өндірілген көмірсутектердің жалпы көлеміне сүйеніп, қабатқа 126,5 млрд текшеден кем болмайтын газ айдаған жөн еді. Яғни, бар болғаны қажетті газ көлемінің 2 пайызы ғана айдалған.

ТШО дүние жүзі бойынша сұйық еріткіштердің, байытылған газ және жоғары қысымды құрғақ газдың көмегімен қабаттың мұнай беру шамасын арттыруға қол жеткізіп, алғаш рет қолданған ресейлік ғалымдардың тәжірибесін қолданады. Олардың теорияларына сәйкес, мұнай құрамында С2-С6 аралық компоненттер (мұнай «майы») көп болған сайын, ол газды қабатқа айдау кезінде көп бөлінеді. Ал Теңіз мұнайы өте «майлы». Бірақ қабаттық қысым қанығу қысымынан төмендеген кезде «газ шапкасында» қысым азаяды. Ол мұнайға қосылып, кеніштің үштен бір бөлігінің қайтарымсыз жойылуына әкеледі. Бұдан басқа, қабаттық қысымның төмендеуі Теңізде бұрқақ боп атылатын мұнайдың болмайтындығын айтпағанның өзінде техногендік жер сілкінісі қаупін төндіреді.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

14 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.