Атырау, 25 қараша 10:02
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жұмысшылардан маза кетті

2 297 просмотра

6 ақпанда Теңіз кенішінен қазақстан-венгр компаниясы - «Хемимонтаж – Атырау» ЖШС жұмысшыларынан дабыл түсті. Олар аяқ астынан кеңселеріне  «Нефтестройсервис Лтд.» (НСС) ЖШС қызметкерлері келіп, есеп бөліміне сүргі салып, күзетті ауыстырып, кәсіпорынның мөрін иеленгенін хабарлады. Ірі жобалардағы жаппай қысқартулар қарсаңында адамдар жұмыссыз қалудан, ал қожайындары ауысқан жағдайда жалақылары төмендей ме деп қауіптенеді. 

ДҮЙСЕНБІ – АУЫР КҮН

Бұл сырт қарағанда рейдерлік басып алу секілді көрінді. Ешқандай ескерту, ұжыммен жиналыс өткізу, алдын ала хабарландырулар болған жоқ. Олар (НСС қызметкерлері) дүйсенбі күні, 4 ақпанда келіп, бірден бәрін өзгертуге кірісті. Кеңсені, өнеркәсіп базасын басып алды.Бұрынғы күзетшілерді көлік берместен заттарымен бірге көшеге шығарып тастады. Олар содан кейін бірнеше сағат өз көліктерін күтіп тұрды. Бұрынғы есепшілер де орындарында жоқ, есеп бөлімі жабық. Теңізден кейбір басшы венгрлер асығыс күйде кетіп жатыр. Транзиттік мейманхананы Атырауға беру туралы әңгімелер жүріп жатыр. Ешкім ештеңе түсіндірмейді. Бізді, жұмысшыларды бұрынғы ыңғайлы баспанамыздан НСС жатақханасына көшірді. Ол жерде бір қабатқа бір санитарлық торап қана бар. Ал кешкі сағат 10-да есік соғып, ұйықтаңдар деп талап етеді. Зонадағы тәртіп сияқты, - деп шағымданды жұмысшылар.

Адамдар мүшкіл жағдайда жұмыс жасағаннан гөрі, жұмыстан шығуға дайын отыр.

Қазір біздің бір вахтадағы табысымыз 90 мың теңгеден басталады. Ал НСС қызметкерлерінің көпшілігі - еліміздің оңтүстік аймағының тумалары. Олар 45-50 мың теңгені қанағат тұтады. Біз бұл компанияның келуімен біздің табыстарымыз азайып кете ме деп қорқамыз. Бұл жағдайда кейбіріміз  бізді заң бойынша жұмыстан босатқандарын жөн көрер едік. Егер бізді елемесе, ереуілге шығамыз, - деп мәлімдеді жұмысшылар.

6 ақпанда таңертең олар аяқ астынан митингке жиналған. Басшылық еңбек ұжымының кешкі жиналысында оларға жағдайды түсіндіруге уәде берген кезде ғана тарапты.

 

ДАҒДАРЫС ЕУРОПАНЫ КЕЗІП ЖҮР

 «Хемимонтаж – Атырау» компаниясы Теңіздегі, КТК мен Қашағандағы мердігерлік бойынша танымал болған кәсіпорын. Бірақ ең үлкен жұмыс көлемі – Теңізде. Біздің дереккөздер растап отырғандай, «Хемимонтаждағы» қаржылық қиыншылықтарға байланысты инвесторлардың ауысатындығы туралы қауесет көлем алу проблемаларына қатысты әңгімелермен бірге көптен бері айтылып жүрген. Сонымен қатар, компанияда кадрлардың жұмыстан кетуі мен Қашаған жобасындағы еңбекақылармен салыстырғанда төмен жалақы берілетіндігі байқалады. Тіпті Қашағанда қысқарып қалған адамдар «Хемимонтажға» жұмыс істеуге бармайды.

Алайда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жіне әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар «АЖ» тілшісіне таяу уақытта ТШО-мен арадағы меморандумға қол қойылатынын, соның шеңберінде «Хемимонтажға» да кадрлар іріктеу жүргізілетіндігін мәлімдеді.

Бұл жағдайға телефон арқылы «Хемимонтаж – Атырау» компаниясының басшысы Фигнар АНДРАШ комментарий берді:

Жұмысшылардың алаңдауына себеп жоқ. Қазір шынымен де әлеуетті инвестормен келіссөздер жүргізілуде. Ол қазіргі уақытта кәсіпорын жағдайына аудит пен талдау жүргізіп жатыр. Мәселе мынада: өткен жылы австриялық банктерді шарпып өткен Еуропадағы 4 жылдық экономикалық дағдарыс салдарынан біз қатарынан екі инвесторымызды жоғалтып алдық. Олардың бірі тіпті банкротқа ұшырады. Біз жалғыз қалып, кәсіпорынды өз қаржымыздың есебінен ұстап отырдық. Мен бір жыл бойына жаңа инвесторлар іздедім. Өткен аптаның аяғында компанияның ықтимал серіктесімен келісімге келдік. Біздің көмегімізбен ол тапсырыс берушіге ұсынылатын қызметтер аясын кеңейткісі келеді. Инвестор ауысқаннан кейін жалақының бұрынғы деңгейде қалатындығына және жұмысшыларға қысқарту жүргізілмейтіндігіне кепілдік беремін. Бірақ  көктемге дейін уақытша қысқартулар болуы мүмкін. Ал сол уақытта жұмыс көлемі көбеюі тиіс.

Андраштың айтуынша, компанияда мыңдаған адам жұмыс істейді, оның 28 пайызы Венгрия азаматтары.  

 

ИНВЕСТОР ТӘУЕКЕЛ ЕТІП ОТЫР

Біз әлеуетті инвестор НСС құрылтайшысы Ибрагим АҚДРАШЕВТЫҢ ұстанымын да тыңдап көрдік. Оның айтуынша, «Хемимонтажға» НСС-тің өзі емес, оның серіктерінің бірі қызығушылық танытып отыр екен:

Әзірге тек ниеттер туралы ғана айтылып отыр. Иә, шынымен де, жұмысшыларға уақытында хабардар етілмегендіктен азғана наразылықтар туындап қалды. Бірақ кешкі жиналыста біз оларға хабардар етеміз. Кәсіпорынның тағдырына келер болсақ: «Хемимонтаждың» көп қарызы болуына байланысты инвестордың тәуекел етіп отырғанын түсіну керек. Инвестор мол тарихы бар кәсіпорынды, кезінде Теңізде алғашқы зауытты салған венгр компаниясының құқық мирасқорын сақтап қалуға мүдделі болып отыр.  

– Инвестор ауысқан соң жұмысшыларға қысқартулар болмайтындығына және жалақының азаймайтындығына кепілдік бере аласыз ба?

– Бере аламын. Оның үстіне көлемдер көбейеді. Бірақ болашақта өндірісті оңтайландыру қажет екендігін жоққа шығармаймын.

– Сіздің ННС кәсіпорнында көбінесе оңтүстіктен келгендер жұмыс жасайды деседі.

– Біз алдымен білікті жұмысшыларға баса көңіл бөлеміз. Бірақ олар да біздің еліміздің азаматтары ғой.

 

ЗАҢ БОЙЫНША ЕКІ СЦЕНАРИЙ

«Хемимонтаж» ұжымының кешкі жиналысынан кейін кейбір жұмысшылар редакцияға қайта хабарласты. Олардың айтуынша, ақыры өз сұрақтарына жауап ала алмапты.

Бізге жаңа меншік иесі кім екенін ақыры айтпады. Біздің жұмыс берушіміз банкротқа ұшырау алдында екенін, ал инвестордың бізге қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді. Бірақ бәрінің жұмыс орындары мен бұрынғы жалақылары сақталатындығы туралы ешқандай жазбаша кепілдік берген жоқ, - дейді олар. - Егер аудиттің атын жамылып, біздің компаниямызды жауып тастаса, ал венгрлер кетіп қалып, біз далада қалып қойсақ ше?

Біздің бағамдауымызша, оларға қазір жұмыс беруші де, инвестор да ешқандай жазбаша кепілдік беруге міндетті емес. Бұл жерде екі сценарий болуы мүмкін. Ол туралы бізге адвокат Гүлсім САБИРОВА әңгімеледі:

Жұмыс беруші банкротқа ұшырау салдарынан таратылған және/немесе жұмысшылардың саны немесе штаты қысқартылған жағдайда жұмыс беруші бір айлық орташа еңбекақы көлемінде жұмысты жоғалтуға байланысты өтемақы төлейді.

Екінші сценарий ҚР Еңбек кодексінің 49-бабына қатысты. Бұл бойынша жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілігі өзгерген, мүлкінің меншік иесі ауысқан немесе жұмыс беруші қайта құрылған жағдайларда қызметкерлермен еңбек қатынастары өзгеріссіз жалғаса береді.Сонымен қатар қайта құрылу жұмысшылардың санының немесе штатының қысқаруына апарып соғуы мүмкін. Сондай-ақ, заңды тұлғаның қайта құрылуы еңбек шартын өзгертуі мүмкін. ҚР Еңбек кодексінің 1-бабының 1-тармағының 21-тармақшасына сәйкес, еңбек жағдайларына- еңбекке ақы төлеу, нормалау, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі жағдайлары, кәсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару, қызмет көрсету аймағын ұлғайту, уақытша жұмыста болмаған қызметкердің міндеттерін атқару, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тәртібі, техникалық, өндірістік-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптардың келісуі бойынша өзге де еңбек жағдайларыжатады. Мұнда еңбек шартын тоқтатуға тек жұмысшы еңбек қатынастарын жалғастырудан жазбаша бас тартқан жағдайда ғана жол беріледі.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

8 ақпан 2013, 12:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.