Атырау, 28 наурыз 20:21
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Теңізде құрма тормен балық аулауға салынған тыйымға байланысты жанжал өршуде

1 972 просмотра
"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

Балық аулау үшін ау құруға тыйым салынғандықтан, Атырау облысының балықшылары теңізге шығудан бас тартады. Өңірде қара балықты аулау лимиті толық игерілмейді.

Еске салсақ, жаз аяғында профильдік ведомстволар Каспий теңізінен балық аулау үшін ау құруға жыл бойы тыйым салынатынын жариялады. Алынған шаралар, атап айтқанда, балықшылардың Атырау облысының акваториясында су кеңістігін пайдалану ережесін – Жайық өзенінің сағасынан 50 шақырым ұзап, үш метр тереңдіктен аулау қажеттігін бұзу. Ал бастысы – құрма тормен аулау Қызыл кітапқа енген итбалық пен бекіре тұқымдас балықтар үшін өте қауіпті. Торға шырмалған олардың құтыла алмасы айқын.

Балама ретінде балықшыларға вентерь қолдануға рұқсат берілді. Бұл балық аулау құралы, тордан айырмашылығы, ихтиофаунаның ерекше қорғалатын өкілдеріне аса зиян тигізбейді. Егер оған бекіре немесе итбалық түссе, онда балықшылар оларды босатып жібереді деп санайды.

Енгізілген жаңа өзгеріс кейбір атыраулық балықшыларының наразылығын тудырды. 13 тамызда Дамба ауылының бірнеше тұрғыны поселке әкімдігінің алдына наразылық акциясына шықты. Бұлар Каспий теңізінде балық аулайтын және жергілікті кооперативтерге балық тапсыратындар. Сол уақытта бірқатар балық аулау кәсіпорындарында («Долгий-1» ЖШС, «Абылай-Хан» ЖШС, «Сәрсенбаева» шаруа қожалығы және «Ракуша» ЖК) «тып-тыныш қана» жиналыс өткізіліп, олардың ұжымдары тыйым салуға өздерінің келіспейтінін білдірді.

Балықшылар әдеттегідей жаңа тор сатып алып, үлкен қаржылық шығынға ұшырағандарын, сондай-ақ, дағдылары жоқ болғандықтан және бірқатар табиғи факторлардың салдарынан баламалы балық аулау құралдарын қолдану мүмкін еместігін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде жергілікті билік «заң нормаларын түсіндіріп», астаналық басшылыққа балықшылардың тілегін жеткізуге уәде берді.

 

ОДАҚ КЕЗІНДЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Ал 1 қыркүйекте күзгі балық аулау маусымы басталды, балық аулайтын кейбір кәсіпорынның (Атырау облысында олардың саны 19) жұмыс істемей тұрғаны анықталды.

Қалыптасқан ахуал Балық шаруашылығы комитетінің, облыс әкімшілігінің, «BD - Балық шаруашылығы қауымдастығы» өкілдерінің және табиғат пайдаланушылардың қатысуымен өткен бейнеконференцияда талқылау тақырыбына айналды. Іс-шараны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.

- Қазіргі уақытта Құрманғазы ауданының бүкіл табиғат пайдаланушысы дерлік, қалғандарынан санаулысы ғана теңізге шығады. Қабылдау пункттері жұмыссыз тұр. Кеше мен шаруаларыммен сол жаққа соқтым, кәсіпшілікпен балық аулап жатқандарды байқамадым. Вентерьді қолдануды білмейміз деп желеуретеді, - деп хабарлады Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары Мәншүк ТЕМЕШЕВА.

Жалпы мемлекеттік органдардың өкілдері қатарындағы балықшылар қауымының наразылық білдіруші оппоненттері, негізінен, қабылданған шешімнің ғылыми негізі бар екеніне күмән келтірді. Тыйым салу ұсыныстарын «Қазэкожоба» ЖШС әзірледі. 

2020 жылдың сәуір-қараша айларында Каспий теңізінің қазақстандық секторының бүкіл акваториясында ғылыми зерттеулер жүргізілді. Оған 37,5 миллион теңге жұмсалды. Бұдан басқа, шенеуніктер сендіргендей, барлық мүдделі тараптарға, оның ішінде «Атамекен» және «BD - Балық шаруашылығы қауымдастығына» тыйым салу жобасымен алдын ала танысуға мүмкіндік берген және оған ешкім қарсы болмаған.

- Жоба экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алды, барлық заңнамалық қадамнан өтті. Бұл бекіре мен Каспий итбалықтарының санын сақтауға бағытталған мәжбүрлі қадам. Осындай тыйым 35-40 жыл бұрын болған, - деп еске салды балық қорларын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының бастығы Арман ӨТЕПОВ. – Енді табиғатты пайдаланушылар екіге бөлінді. Қаржы салып, өндірісті кеңейтіп, ертеңгі күн бұдан да жаман болуы мүмкін екенін түсінетіндер бар. Мен модернизациялау, теңіз кемелерін алып, қайта жарақтау қажет екенін айтқым келеді. Ал дағдылардың жоқтығына келетін болсақ, үйренуге болады ғой.

 

«КЕМЕ БАР – СУ ЖОҚ!»

Кейін сөз алған балық шаруашылығының өкілдері өз дәлелдерін келтірді. Олардың пікірінше, 50 шақырымдық аймақтан тысқары (тереңдікте) вентерьмен балық аулау қолайсыз, өйткені балық аулау құралдарын Каспийдің тұрақты желі ұшырып кетеді. Балықшылардың осал будараларымен соншама қашықтыққа жүзу де қауіпсіз емес. Ал Құрманғазы ауданында балықшылар ондаған жылдар бойы вентерьмен балық аулайды (табиғи жағдай көмектеседі), сондықтан оны тыйым салу олардың жұмысына еш әсер еткен жоқ.

- Заң қабылдаған кезде, аздап ойланбайсыздар. Қайдағы теңіз кемелерін сатып алуды айтасыз? Сіз теңіздің таязданып жатқанын білесіз бе? Кеме шықса да, бірнеше күннен кейін кері кіре алмайды. Қыркүйек аяқталып қалды, ал біздің балықшылар әлі жұмысқа кіріскен жоқ. Лимитті қалай игеретінімізді білмейміз, - дейді «Абылай хан »ЖШС өкілі Анель КӨШАЛИЕВА. – Ахуал өте нашар. Қазір тіпті базардан жаңа ауланған балықты әрең табасыз. Ал енді одан сайын қымбаттайды.

Әріптесін «Долгий-1» ЖШС құрылтайшысы Александр КОЛУЗАНОВ қолдады.

- Менде 27 будара бар, ұжымда 200-ден астам адам жұмыс істейді. Жігіттер теңізге шыққысы келмейді, мен оларды мәжбүрлемеймін. Қайық аударылып, адам өлсе, олардың отбасын кім асырайды? Менде өзенде де, теңізде де жүзетін кеме бар, бірақ су жоқ! Бәрі таязданып жатыр. Бұйрықтарыңызды жойыңыздар. Біз екі сағаттан бері отырмыз, бірақ ештеңе шешілген жоқ. Бос әңгіме!

 

КӨРШІЛЕРДЕ ТЫЙЫМ ЖОҚ

«BD - Балық шаруашылығы қауымдастығы» төрағасының орынбасары (балық шаруашылығы саласында аккредиттелген, атап айтқанда, лимит бөлу құқығына ие ұйым) Қалыбай ӨТЕПОВ тыйым салудың ғылыми негіздемесінің заңдылығына күмән келтіріп, бұл құжатты толық ұсынуды талап етті.

- Биологиялық негіздеме Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мемлекеттік тапсырысы бойынша орындалды. Біз оларға тапсырдық, сол сәттен бастап бүкіл меншік құқығы оларға тиесілі», - деп тойтарыс берді «Қазэкожоба» бас ғылыми қызметкері Асқар КАМЕЛОВ.

- Сіз өзіңіз итбалықтар мен бекіре тұқымдас балықтардың торда өлгенін көрдіңіз бе?

- Мұны үнемі көремін.

- Ол актіге тіркелді ме? Тор ұяшықтарның көлемі қандай?

- Мұндай жайттарды, мүмкін, балық шаруашылығы басқармасы актілейтін шығар. Біз ғылыми-зерттеу тұрғысында аулаймыз. Бекіре тұқымдас балықтар түссе, біз оларды өлшеп, тірілей суға жібереміз.

- Маңғыстау облысында итбалық та, бекіре тұқымдас балық та бар, бірақ құрма тор салуға тыйым болған жоқ. Маңғыстау мен Атыраудың айырмашылығы неде?

- Бұл мемлекеттік органдарға қойылатын сұрақ ...

- Бірақ сіз дәлел келтірдіңіз ғой?

- Жарайды, жауап берейін. Солтүстік Каспий – шабақтар қоңданатын аймақ. Мұнда уылдырық шашқаннан бүкіл шабақ Жайық өзенінен төмен түсіп, біраз уақыт саға кеңістігінде қалады. Ең маңыздысы осы - шабақтарды сақтау.

- Ал Маңғыстау облысындағы бекіре тұқымдас балықтар сақталуы тиіс емес пе?

- Сіз әсірелеп отырсыз.

- Сіз торды көтергенде, одан балықшылар биркасын көрдіңіз бе?

- Біз ғылыми-зерттеу тұрғысында балық аулау үшін торды өзіміз орнатамыз және кәсіпшілік немесе браконьерлік торларды өз бетімізше таңдауға құзырлы емеспіз. Біз жұмыс істеген кезде балық біздің торымызға түсті.

- Сіздің тордың ұяшығының көлемі қандай?

- Таң қалып отырмын, дөңгелек үстелді неге айналып барады?! Сіз неге мені сұрақтың астына алып жатсыз?..

Ушығып бара жатқан сөзталасты конференция модераторы, ҚР «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол ЕСЕНЕЕВ тоқтатты:

- Қабылданған шешімнің ашықтығына қандай күмән бар екенін көріп отырсыз ғой. Бизнес негіз көріп отырған жоқ, олардың келеңсіз салдарға әкелгенін растайтын дәлел қорын сұрайды. Өмір құдды басқа қатар әлемде болып жатқандай, бар мәселенің түйіні осында. Ғалымдар шешім қабылдайды, Балық шаруашылығы комитеті оларға сенеді, бірақ біздің табиғат пайдаланушылардың іс-әрекетінің нақты қаупін бағаламайды. Бізде өнеркәсіптік ауқымда балық аулаумен айналысқысы келетіндер саны азайды. Бұл әлеуметтік келеңсіздікке әкелуі мүмкін. Бұл өте шиеленісті жағдай, торларға қатысты мәселені қайта қарау қажет. Барлық проблемаға кәсіпкерлерді кінәлау дұрыс емес, бірақ ресми табиғат пайдаланушылар жазықты болып қалды, - деп қорытындылады ол балық шаруашылығы комитетінің өкіліне қарап.

Ақырында, тараптар мәселені кеңейтілген форматта және аталған Комитет төрағасының қатысуымен талқылау үшін қайтадан жиналуға шешім қабылдады.

 

"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

«БАЛЫҚШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІН ЕШКІМ СҰРАМАДЫ»

Қалыбай Өтеповтің айтуынша, тыйым салу хикаясында көптеген даулы және күмәнді нюанстар бар (оған дейін Жайық-Каспий бассейні қауымдастығында тыйым салу бастамасын қолдаған басқа адам болған):

- Каспий теңізінің Қызыл кітапқа енген өкілдерін қорғау керек екеніне ешкім қарсы емес. Бірақ, біріншіден, егер әңгіме Ережеде көрсетілген тыйым салынған аймақты бұзу туралы айтылатын болса, онда оларды құрықтау үшін құқық қорғау органдары жұмыс істейді. Бұл тормен аулауға тыйым жариялауға негіз емес. Екіншіден, Комитет балық қорын сақтауды жақтай отырып,  тіршілік етудің негізгі көзі әрі отбасын қамтамасыз етудің мүмкіндігі осы балық аулау болып отырған Атырау облысының көптеген балықшыларының мүддесін ескермей отыр. Балықшылардың пікірін ешкім сұраған жоқ! Қазіргі кезде жарияланған тыйым балық аулау кәсіпорындарын банкротқа, бюджетке салықтың аз түсуіне, балық пен балық өнімдерінің тапшылығы мен қымбаттауына әкеледі. Сонымен қатар жемқорлық алғышарттарын тудырады, өйткені балықшылар заңды бұзып, құқық қорғаушылармен «келісуге»  мәжбүр болады.

Лев ГУЗИКОВ

28 қыркүйек 2021, 19:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.