Атырау, 23 қараша 19:33
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тығырыққа тірелгендер

2 919 просмотра

Қазір ер жеткен, жастайынан ата-ана қамқорлығынан айырылған жетімдер мен балаларды пәтер мәселесі біздің редакциямызға жиі хабарласуға мәжбүрлеп отыр. Олар қызметтік міндеттері бойынша бұл мәселелерді шешуі тиіс мекемелердің табалдырығын тоздыра-тоздыра шаршаған.

АШТЫҚ ПЕН ӘПКЕ

21 жасар Эльмира ТОКАЖУКОВАНЫ сәби кезінде анасы танысына бір бөтелке араққа сатып жіберген. Бөтен әпкенің қолында тұрып жатқан кезінде ол арақ сасыған әке-шешесін анда-санда көріп тұратын. Соңынан, тіпті, жан түршігерлік оқиға орын алды - әкесі мас күйінде анасын бауыздап тастады.

Қызды өсірген әйел де сатып алған баласын жақсы көріп жарытпады. Эльмираның айтуынша, күн сайын жеген таяғы, естіген дөрекі сөздері үйреншікті боп кетті. Үнемі қарыны ашып, аштықты сезіну – балалық шақтың ұмытылмас естеліктері.

Бірде әпкесі оны қатты ренжітті, шыдамы таусылған қыз берекеті кеткен үйден біржолата қашып кетті.

Аязды желден тоңып, қалшылдаған жетімге жолшыбай кездескен адам қол ұшын берді.

Эльмира Токажукова кенже қызыменЭльмира Токажукова кенже қызыменАлғашында кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығы, содан кейін интернат. «Онда жақсы болды, - деп еске алады Эльмира, - әрдайым ыстық тамақ, киім-кешек те берді. Аяз атадан сыйлықты алғаш рет тек 14 жасымда ғана алдым. Тіпті, бұған дейін балаларға сыйлық беретінін де білмеппін».

Тағдыры ұқсас жұқалтаң келген бала Витя ЕРОФЕЕВ бірнеше жылдан кейін күйеуі болады дегенді Эльмира ойламапты да. Жастар мектепті бітірерде кездесті. Үйленді, үй болды, өмірге бала әкеліп, Қара өзектегі бір жер үйге қоныстанды. Бір жылдан кейін тағы бір қыз дүниеге келіп, жас отбасыға пәтер мәселесі өзектілікке айналды.

Қазір отбасы Осипенко көшесіндегі уақытша баспанада тұрып жатыр. Виктор экспедитор болып жұмыс жасайды. Ол 45 мың жалақысының көп бөлігін осы үйшікті жалдау үшін беруге мәжбүр. Виктордың әжесі бала бағуға көмектесу үшін жастардың қасына көшіп келді. Ол бұрын біреудің саябағында жер қопарып, ақысына қожайындары сонда тұруға рұқсат берген екен.

 

БАСПАНА БОЛҒАН КАФЕ

Интернат үйінің тағы бір түлегі Лида ФИЛЮШИНАНЫҢ тарихы да оңып тұрған жоқ. Жетім қыз қаладағы кафелердің бірінде жұмыс жасайды. Тағдырдың тәлкегімен ол екі жасар қызы Лианамен бірге сол жұмыс орнына қоныстануға мәжбүр болып отыр. 

«Кафенің иесі мейірімді адам екен, - дейді ол, - біздің баратын жеріміз болмаған. Ол бізге түсіністікпен қарады. Күндіз бұл жер VIP-клиенттерге арналған бөлме болса, түнде мұнда қызымды тербетемін... Маған уақытша баспана берсе де жақсы болар еді».

 

ОЛАР МІНЕЗ КӨРСЕТЕ МЕ?

ЕГЕР СІЗ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ БОЛСАҢЫЗ,

қажетті құжаттарды дайындауды ұмытпаңыз:

ата-аналарды ата-ана болу құқығынан айыру туралы сот шешімі; балалар үйіне орналастыру және тәрбиеленуші атына тұрғын үй алаңын бекіту туралы атқарушы органдардың шешімі;

оқыған, тәрбиеленген мекемеден анықтама; туу туралы куәліктің көшірмесі;

үй кітапшасынан (балалар мекемесіне келіп түскенге дейін тұрған мекенжайы бойынша) үзінді көшірме;

жеке есепшот көшірмесі;

тұрғын үй-жай жағдайы туралы анықтама-акті

тұрғын үй-жайды зерттеу акті (балалар мекемесінің әкімшілігі); оқу орны әкімшілігінің тұрғын үй беру туралы қолдаухаты;

денсаулық жағдайы туралы анықтама (егер созылмалы ауруыңыз болса).

Барлық құжаттар сіздің жеке іс парақтарыңызда сақталған. Интернатқа келіп түскенге дейінгі тіркелген бұрынғы үйіңіз қай ауданға жататынын біліңіз. Осы әкімшілік орталықтың тұрғын үй-жайларды есепке алу және бөлу бөлімдерінің мекенжайын анықтаңыз.

Сіздің тұрғынжайыңызбен айналысатын инспектордың аты-жөнін, тегін жазып алыңыз.

Тұрғынжайларды есепке алу және бөлу бөлімдерінің басшыларының, инспекторларының қабылдау күндері мен сағаттарын жазып алыңыз.

Осы деректердің барлығын комиссия зерделейді. Егер баланың атына тұрғын үй немесе оның бір бөлігі тіркелген болса, онда ол балалар үйі қабырғасынан шыққанша сақталып тұрады. Ал жоқ болса, ҚР-ның 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94-1 «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға құқылы.

Тек осы адамдарға ғана емес, сондай-ақ басқа да мұқтаж адамдарға пәтер беру жағдайын анықтау үшін біз осы ата-ана қамқорлығынан айырылған жетімдер мен балаларға арналған №1 интернаттың директоры Сәния МУСИЕВАҒА тікелей хабарластық.

- Баршамызға белгілі, сіздердің шәкірттеріңіз баспана алулары керек.

- Иә, солай. Өткен жылы 77 пәтер бөлінді – бәрі Атырау облысында.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат ТАРБАЕВТЫҢ деректері бойынша, бүгінгі күні баспанаға 327 адам мұқтаж (жетімдер санатынан). Олардың 143-і әлі интернатта тұрып жатыр.

«Бізге Мақатқа қоныстануды ұсынған, - деп мойындады Эльмира. – Біз келістік, алайда бұл пәтерді көргенде, көңіліміз түсіп қалды – жағдайы ескі уақытша баспанамыздан да нашар екен. Иә, қалада тұрғымыз-ақ келеді – жолдасымның мұнда тұрақты жұмысы бар ғой. Бірақ, жағдайымыз ауыр, сондықтан ауылға көшуге әзірміз. Махамбетке болса да... Тұрғын үй кезегі біздің бас тартуымыздан кейін тоқтап қалғандай. Не істерімізді білмейміз...».

«Ал маған Махамбетті ұсынды, - дейді Лидия. – Мен ол жақта не істеймін? Жұмысым, бәрі осында ғой. Мен жалғыз басты анамын, ол жақта маған кім көмектеседі?».

- Ал енді не істе дейсіздер? - деп өз уәжін айтты С. Мусиева, - баспана ұсынылды, ал олар мінез көрсетеді. Қалада пәтер жоқ. Ұсынылған нұсқалардан бас тартқаннан кейін оларды ешкім тізімнен сызып тастамайды. Тіпті, оларға түсіністікпен қарап, басқа нұсқалар да ұсынып жатыр... Өткен жылда әкім округ басшыларына осы балаларға көмек көрсету туралы арнайы тапсырма берген. Олар өз жұмыстарын жасап отыр. Негізі, жетімдер пәтерді 3 жылдан артық күтпейді... Бұл көп уақыт емес қой.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.