99 жастағы Ұлы Отан соғысынының ардагері Байғазы БАЕТОВТЫҢ (суретте) үйіне баруға жиналғанда, шынымды айтсам, немересімен шашка ойнап, оны жеңу үшін барын салған қартты сергек қалпында көремін деп күтпеп едім.
- Кел, қызым, қазір ойынды аяқтайық, екеуміз сосын әңгімелесеміз, мен әңгіме айтқанды жақсы көремін, - деп күледі Байғазы ата.
ӨМІРІНІҢ ӨЗІ БІР ДАСТАН
Бүгінде Индер ауданы Есбол селосында тұратын Байғазы қарт Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмының тумасы, 1914 жылы қаңтарда дүниеге келіпті. Алайда, құжатта 9 мамыр деп жазылып кеткен. Сондықтан, бұл күн - ақсақал үшін қос мереке.
Байғазының әкесі Бает сіңірі шыққан кедей болған, үш ұлын асырау үшін байдың қойын бағып күнелткен. Кеңестік үкімет орнасымен байларды кәмпескелеу басталып, малын тартып алғаннан кейін құмның қазағы күнелтістен айрылғасын амалсыздан Мақатқа қарай бет алады. Жаяу-жалпы шұбырғандар Мақатқа барып паналағанда олардың арасында Баеттің де отбасы бар еді. Сол бір қиын-қыстау кезеңде Бает дүние салғаннан кейін 1930 жылы 16 жастағы ұлы Байғазы бауырларымен бірге Индер ауданындағы «Красин» колхозына келеді. Колхозға мүше болып, қара жұмыстың бел ортасында еңбек етіп, аз-мұз нәпақа алып тоғая бастап еді. Сөйтіп жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс ылаңын ала келген болатын.
СОҒЫС ЗАРДАБЫ
Байғазы Баетов 1942 жылы майданға аттанды.
- Әуелі біз снайперлерді дайындайтын екі ай әскери жаттығуда болдық. Кейін мені майданға жіберді. Жауынгерлердің көбі ұрыс алаңына ұмтылып, жауды жеңсек деген тілекте болды, - дейді Байғазы ата өткенді еске түсіріп.
Үш жыл майданның бел ортасында жүрген Байғазы Минск, Харьков, Сталинградты алу ұрыстарына қатысады. Ол үшін фашистер күл-талқан еткен қалалар мен селолар тұрғындарының әңгімелерін еске түсіру әлі күнге азап.
- Қызын Германияға әкетіп, ұлы мен күйеуін немістер өлтірген әйел алдымыздан шашын жайып шыққанда егілмеу мүмкін емес. Кейбір деревнялардағы адамдарды тірілей өртеген,- деп әңгімеледі ақсақал.
Соғыстан Байғазы 1945 жылы оралды. Снаряд жарқыншағы оң жақ балтырының бұлшық етін түгел жұлып кетіп, маңдайын тіліп өткен. Ауыр жаралы болып, госпитальда бірнеше ай жатып емделді. Кейін ол «Даңқ» орденімен марапатталды.
Мүгедектігінің кесірінен оған жұмысқа тұру қиынға соқты. Ол жұмыс істеуге салынған тыйымдарға қарамастан қарауылдық қызметке тұрды. Кейін мал дәрігерлік білім алып, бірнеше жыл ветеринар болып жұмыс жасады.
ӨМІРДІ ҰЗАҚ ЖАСАҒАННАН СҰРА
Байғазының анасы Қази 114 жыл өмір сүрген.
- Сіздің отбасыңыздағы ұзақ жасаудың сыры неде?
- Ұзақ жасау тұқым қуалайтын болса, менің бауырларым да ұзақ жасар еді. Ал олар өкінішке орай, бұ дүниеден озып кетті. Біз аштықты да, суықты да бастан кешірдік. Соған ағзамыз шыныққан болар, білмеймін… Темекіге жасымда азырақ әуестеніп, кейін тастап кеттім. Ішімдікті де өндіргенім шамалы. Қорегім ақ болды. Айран, шұбат, қымыз. Ет жейсің, бірақ қарын тойдырмайсың. Ашығудың пайдасы бар.
Осы кезде біздің әңгімемізге Байғазы атаның ұлы Марат араласты. Ол Байғазының жасы 50-ге келгенде көрген баласы.
- Біздің отбасыда алты бала бар. Жыл сайын біз әке-шешемізбен бірге көктем шығысымен Есбол ауылының қырына көшетінбіз,- дейді Марат БАЕТОВ. - Арбаға бар керек-жарақты тиеп, малды алдымызға салып айдап кететінбіз. Қыздар, анам арбаға отыратын, ұлдар, әкем жаяу жүретінбіз. Бір-бірімізді қуалап қалай жеткенімізді байқамайтынбыз.
- Аллаға шүкір, мен ұл, қызымнан тараған немере, жиен, шөберелердің қызығына бөленіп отырмын. Арманым орындалды. Маған қарасып, бағып-қағып отырған немере келіндеріме рахмет,- деді Байғазы ата.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА