«АЖ» редакциясына ТШО-да мердігерлік жұмыс жасайтын «ЮСС Суппорт Сервисез» (қазақстандық «ҚазМұнайГаз-Сервис» ЖШС-нің 40 пайыздық үлесінің қатысы бар) сервистік компаниясы өзінің вахталық қызметкерлерін жарамдылық мерзімі күмәнді арқан балықпен тамақтандырғанын растайтын құжаттар келіп түсті.
БЕРГЕННЕН СӘЛЕМ
Норвегияның азық-түлік өнімдеріқауіпсіздігі қызметі берген сертификатқа сәйкес, Теңіздегі «ЮСС Суппорт Сервисез»қоймасына жалпы салмағы 18 тонна 552 қорап мұздатылған арқан балық жөнелтілген. Жөнелтуші - HALLVARD LEROY AS (мекенжайы: Postboks 7 000 5020 Bergen). Компания Норвегияда 1939 жылы құрылған және балық, шаян, ұлулардың көтерме саудасымен айналысады.
Біздің қолымызда осы партиядағы қораптардың бірінің этикеткасының фото көшірмесі бар. Онда дайындалу мерзімі көрсетілген - 4.11.2011. Ал балықты 07.11.2012 күніне дейін қолдану ұсынылған, яғни, -18 градустан төмен температурада 12 ай сақталуы тиіс.
Норвегиялық сертификатта арқан балық партиясы Ресей шекарасынан 06.03.2012 күні өткен.
Қолымызда, сондай-ақ, Қазақстан жағынан берілген осындай сертификат та бар. Қазақстандық сертификаттың берілген мерзімі түсініксіз. Онда 07.11.2012 күні көрсетілген. Біздің дереккөздердің деректері бойынша, бұл уақытта «ЮСС Суппорт Сервисез» қоймасында алғашқы партиядан 3 тоннадан сәл асатын балық қалған.
«МЕНІҢ МЕРЗІМІМ ШЕКТЕЛМЕГЕН»
Тексеру барысында сертификат Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті (ВБжҚК) «Республикалық ветеринарлық зертханасының» облыстық филиалы жүргізген балықтың сынақтық партиясын зерттеудің оң нәтижелері бойынша берілгені анықталды.
Бұл балық партиясына ВБжҚК Жылыой аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Қанат САҒЫНОВТЫҢ «Сақтау мерзімі шектелмеген» деп берген қорытындысы да таңғалдырды:
- Иә, қол менікі. Бірақ неге осындай қорытынды жазғаным қазір есімде жоқ, - дейді Қ. Сағынов.
Балықты сақтауға шектелмеген мерзім беріле ме деген сұрақпен біз ВБжҚК Атырау қалалық аумақтық инспекциясының ветеринария бөлімінің бастығы Жаяжан БАЯМИРОВАҒА жолықтық. Ол былай жауап берді:
- Егер мұздатылған балық тиісті жағдайларда, талап етілген температурада сақталса, 6 айға дейін мерзімге рұқсат етіледі. Бұдан кейін өнімнен сынамалар алынып, зерттеу жүргізіліп, акт жасалуы керек. Бұл үшін санитарлық инспектор сақталу орнына барып, тоңазытқыштарды қарап, тиісті температура сақталғанын тексеруі қажет.
- Егер өнім сапасыз болып шықса, не болады?
- Акт жасалып, соның негізінде өнім жойылады. Соңғы рет өткен жылдың тамызында «Асыл Агро» ЖШС қоймасынан бұзылған 15 тонна ет жойылды.
- Қандайма бір азық-түлік өніміне сақтау мерзімі шектелмеген деп жазу дұрыс па?
- Біз негізі «сату шектелмеген» деп жазамыз.
«БІЗ ОЛАРҒА БАРМАЙМЫЗ»
Атырау облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясында жылыойлық инспекторлардың қорытындыдағы сөздерді қателесіп қолданғанын айтты. Инспекция бастығының орынбасары Ғалымбек БИСЕНҒАЛИЕВ пеназық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Нұролла САТЕНОВ жұмыс көлемінің көптігін, сондай-ақ, Кедендік одаққа кіргеннен кейінгі нормативтердің тез ауысып жатқандарын алға тартты.
- Иә, есімде, қазан айында қойма қызметкерлері шу көтеріп, осының арқасында «ЮСС Суппорт Сервисез» өкілдері бізге осы өнімге рұқсат беру мерзімін ұзартуға хабарласқан болатын. Оларда бәрі қалыпты жағдайда екендігіне мен сенімдімін. Бұл ірі шетелдік компания, олардың қоймаларында температуралық режим сақталады.
- Сөзіңізге қарағанда, сіздер сенім негізінде жұмыс жасайсыздар. Сіздер сервистік компанияларды тексермейсіздер, олар сіздерге өздері хабарласады, солай ма? Әңгіме бірнеше мың адамды қауіпсіз тамақтандыру туралы болғанда, мұндай тәжірибе тиімді деп ойлайсыз ба?
- Иә, бұл қарапайым қолданыстағы тәжірибе. Олар біздерге өздері хабарласады және өз өнімдерінің қауіпсіздігін растауға мүдделі. Оларды өзіміз барып тексере алмаймыз. Сонымен қатар, онда кедендік бекет бар, олар әр жүкті мұқият тексереді. Сосын, ешкім уланған жоқ қой...
ҚАРАМАСТАН ЖЕП АЛДЫҚ
М. Булгаковтың «Мастер и Маргарита» романында буфетші Соков бұзылған бекіре туралы наразылығын білдірген Воланд алдында ақталады:
«Бұл - екінші балғындықты бекіре», -дейді ол.
- Шырағым, бұл масқара ғой!
- Неге масқара?
- Екінші балғындық дегенің масқара! Балғындық тек бір рет болады, бірінші де, соңғысы да - сол. Ал егер бекіре екінші балғындықта болса, ол балғын емес, шіріген!»
Компанияның өзінен туындаған сұрақтарымызға нақты жауаптар алдық. «ЮСС Суппорт Сервисез» сатып алу және қамтамасыз ету бөлімінің менеджері Клара ДӘУЛЕТОВАНЫҢ айтуынша, басында голландиялық жеткізуші арқан балықты әр түрлі уақытта – 2011 жылдың шілдесі мен қарашасында және 2012 жылдың наурызында өндірілген үш партиямен жеткізген.
- Біз тапсырысты 2012 жылдың ақпанында бергенбіз, ал өнім наурызда келді. Негізі өндіруші сақтауға дайындау күнінен 12 ай мерзім береді. Сондықтан да біздің бөлім тек сатып алумен айналысады, ал өнім Теңізге жеткізіледі. Біз бұл жерде арқан балықтар партиясының сақтау мерзімі әр түрлі екенін білмедік. Бізге хабар келген бойда біз жеткізушіге хабарластық, ал ол, өз кезегінде, өндірушіден түсінік беруді талап етті. Ол біздің қойған талаптарымызды құп көріп, балық жеуге жарамсыз болса, шығындарды өтеуге келісті. Сол уақытта қоймада қарашада шығарылған 3 мың тонна және наурызда шығарылған 800 келі арқан балық қалды. Шілдеде шығарылған балықты жеп қойдық. Алайда зертханалық таладулар балық өте жақсы күйде екенін және біздің аптасына 500 келі тұтыну мөлшерімізді есептей келе, оны шектеусіз пайдалануға болатыны туралы қорытынды шығарды.
- Сонда сақтау мерзімі асқан арқан балық оқиғасында қырағылық танытқан қызметкерлер болды ғой?
- Жоқ, олай емес. Жаңа партияларға тапсырыстар жасау үшін қоймада қанша балық қалғанын білгім келіп, тексеру жүргізгенде,бұл фактіні мен анықтадым. Қоймаға барлық өнімді 2013 жылдың наурызына дейін сақтауға қабылданғанына қарамастан, әр өнімнің сақтау мерзімі әр түрлі екені сол кезде ғана байқалды. Айтпақшы, биылдан бастап, біз импорттық арқан балықты жергілікті жеткізушіден алатын боламыз.
Сонымен, күмән туғызған арқан балық желініп бітті, құдайға шүкір, бәрі аман-сау, уланған ешкім жоқ. Осы материалды дайындау барысында барлық тараптардан өткенімде, «мүмкін» деген сөз көп нәрсені шешеді-ау деген ойға келдім. Иә, мүмкін, келесіде де осылай болатын шығар...
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА