Су тарифтері тағы да көтеріледі. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облыстық департаменті директорының орынбасары Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА хабарлады.
Өткен жылдың 29 желтоқсанында республикалық табиғи монополияларды реттеу агенттігі 2013-2015 жылдарға судың тариф белгіленімінің жаңа механизмін енгізу жөніндегі кешенді жоспарын бекітті. Реформаның мақсаты – сумен қамту сапасын жақсарту, жаңарту, судың нормативтік шығындарын азайту, нормативтен тыс шығындарды жою және су арнасы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру.
Р. Мизамғалиеваның айтуынша, егер бұрын «АтырауСуАрнасы» КМК тарифі 10 пайыз көлемде пайда түсіретін болса, енді бұл сома үш есеге өсетін болады. Жыл сайын елімізде облыстық 4 «су арнасы» үшін тарифтер көтеріледі. Атырауда су тарифінің тағы қашан қымбаттайтыны әзірге белгісіз.
«АтырауСуАрнасы» КМК директоры Андрей ТАШЛЫКОВТЫ (суретте) бұл жаңалық қуантып тастады:
-Біз жаңа жұмысшылар аламыз, оларды бұл кәсіптің қыр-сырына үйретеміз, ал олар содан соң мердігерлерге жұмыс істеуге кетеді, өйткені «АтырауСуАрнасында» жалақы мөлшері аз. Кәсіпорында өткен жылдағы орташа жалақы 41 мың теңгені құрады. Агенттіктің жоспары бойынша еліміздің су арнасы қызметкерлеріне өңір бойынша орташа деңгейге дейін жалақыны көтеруге уәде берді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысындағы орташа еңбекақы 177,5 мың теңгені құрады. Яғни, «АтырауСуАрнасындағы» жалақы 4 еседен жоғары болады.
«АтырауСуАрнасын» инвестициялау тарифтер есебінен ғана емес, демеушілік және бюджет қаржылары есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. 1993 жылы Атырау қаласындағы су тазарту құрылғылары үшін жергілікті бюджет қаржысына №4 сүзгі стансасы қайта жарақталды, ал 2010 жылы №3 сүзгі стансасын қайта жарақтау «Теңізшевройл» ЖШС қаржысымен жүргізілді.
Қазіргі уақытта Береке («Память Ильича») поселкесінде №5 сүзгі стансасын іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан іске қосылған уақытта билік бюджет қаржысына №1 және №2 сүзгі стансасын кезеңмен қайта жарақтау жұмыстарын бастауға және олардың жалпы қуаттылығын тәулігіне 50 мың текше метрге дейін жеткізуге уәде берді. Айтпақшы, №1 сүзгі стансасының жұмыс істеп келе жатқанына үстіміздегі жылы 74 жыл толады екен (Ұлы Отан соғысынан бұрын салынған).
Өткен жылы табиғи монополияларды реттеу агенттігі 2012-2014 жылдардағы кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын 570 миллион теңгеге бекіткен кезде, «АтырауСуАрнасы» өндірісті тарифтерді көтеру есебімен инвестициялауды бастады. 2012 жылдың сәуірінде судың тарифі: бір адамға шаққанда айына 3 текше метр норма тұтынатындар үшін – 13 пайызға, ал одан көп тұтынатындарға – 31 пайызға көтерілді.
2012 жылы тарифтің көтерілуі есебінен алынған қаржыларды, атап айтқанда 52 млн 194 мың теңгені «АтырауСуАрнасы» толықтай жұмсады. Су құбыры желілерінің 2,7 км, кәріздік жүйелердің 300 метр апатты учаскелерін, мөлшерлеу сорғысын, кәріздік-сорғы стансасының 38 электр двигательдерін ауыстыру жұмыстары жүргізілді, ГАЗ-53 базасында бір вакуум-агрегат сатып алынды.
А. Ташлыковтың айтуынша, тұтынушылардың ақшалары кәсіпорынға 2011 жылы 32,5 пайыздан бастап, 2012 жылы 24,8 пайызға дейін шығынды азайтуға көмектескен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ