2013 жылы Атырау облысы үшін республикалық бюджеттен тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға 1 млрд 893 млн теңге (өткен жылы – 1 млрд 278 млн теңге) бөлінді.
Астана туберкулезге, онкологиялық ауруларға, орфанды (сирек) ауруларға, бірінші типті диабетке, В және С гепатитіне шалдыққандарды, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандарды қымбат тұратын препараттармен жүз пайыз қамтуға, сонымен қатар вакциналар сатып алуға қаржы бөлді. «СҚ Фармация» компаниясы жеткізуші боп табылады. Жергілікті бюджет амбулаториялық деңгейде (рецепт бойынша) басқа санаттағы пациенттерді: 5-тен 18 жасқа дейінгі балаларды, жүкті әйелдерді, «Д» есебінде тұрған барлық санаттағылар: ИБС (жүректің ишемиялық ауруы) жүрек ауруына шалдыққандарды, шунтирлеу, стенттеу оталары жасалған пациенттер, артериялық гипертензия, ойық жара, бронхтық демікпе, жүйке ауруларына, талма ауруына, балалардың церебралды сал ауруына, екінші типті қант диабетіне, қантты емес диабетке, ревмотоидты сырқаттарға шалдыққан диспансерлік науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина КАМЕЛОВАНЫҢ айтуынша, осы мақсатта облыс 605 млн теңге бөлуде. Бәлкім, жаңа науқастардың анықталуына байланысты бұл сома көбейетін де шығар.
- Былтырдан бері жергілікті бюджет науқастардың аталмыш санаттарына бұрын 50 пайыз жеңілдікпен сатылған дәрі-дәрмектерді толықтай төлейтін болды. Бірақ кез-келген препараттарды емес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №786 бұйрығында көрсетілгендерін ғана. Мәселен, жүкті әйелдер фолий қышқылы мен құрамында темірі бар препараттарды ғана тегін алады, әрбір әйелге көрсетілім бойынша дәрумендерді және басқа дәрмектерді сатып алу шығынын толығымен төлеуге дәрменсізбіз. Басқа бір мысал: ота жасалған науқастарға өмірлік қажетті дәрі-дәрмектер 100 пайыз төленеді, - дейді Д. Камелова.
Тегін дәрі-дәрмектерді «Медицина» АҚ дәріхана желілері арқылы алуға болады. Әр емхана белгілі бір дәріханаға: №1 емхана №10 дәріханаға, №5 емхана №20 дәріханаға және т.б. бекітілген. Алайда мұндай тәжірибе пациенттер үшін қолайсыз: дәрігерге барған соң оларға алдымен «өз» дәріханаларына барып, егер онда дәрмектер жоқ болса, басқа дәріханаға барулары керек. Бүгінгі күні қалалар мен аудандардағы әрбір емханалардың ішінен «медицина» АҚ-ның дәріханаларының қосындарынан дәрі-дәрмектерді беруге қатысты жұмыстар жүргізілуде.
– Қазір біз дәріханалық дүңгіршектер әр емхананың ішінде жұмыс істесе, ал әрі қарай емханаға және пациенттің мекен-жайына тәуелді қылмай, препараттарды қала бойынша кез-келген дәріханадан алуға болатындай етсек деп жұмыстанудамыз, - дейді Д. Камелова.– Бұл дерекқор бойынша препараттарды алу және берілуіне бақылау жасауға мүмкіндік беретін компьютерлік бағдарламаның енгізілуімен байланысты болып отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА