Атырау, 2 желтоқсан 02:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Обал жасап жүрмейік-2

3 138 просмотра

1 ақпанда «Шенеунік және кәсіпкер» акциясының шеңберінде қалалық прокуратурада бизнесмендер монополистік компаниялар мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.

 

«ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» ҚҰБЫЛЫСЫ

Бұл диалог өткен аптада Кәсіпкерлер одағында өткен кездесудің жалғасы іспеттес болып («АЖ» №5, 31.02.13 ж., «Обал жасап жүрмейік» жарияланымын қараңыз), монополистермен өзара қарым-қатынас мәселелері көтерілді. Кәсіпкерлердің пікірінше, «Атырау-Жарықтан» кейін басқа да монополистер бизнеске қатаң ұстаныммен қарап, ажыратып тастау, айыппұлдар мен басқа да жазалау шараларын қолдана бастаған. Жаңа «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ АФ кәсіпорны бизнесмендердің алдында жағымсыз беделге ие боп үлгеріпті. Қазір ол жаңа келісім-шарттар жасауды талап етіп отыр. Алайда Азаматтық кодекстің 46-бабына сәйкес, «заңды тұлғаның бiр түрiн екiншi түрдегi заңды тұлғаға өзгерткен кезде қайта құрылған заңды тұлғаның құқықтары мен мiндеттерi өткiзу құжатына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады. Барлық азаматтық-құқықтық міндеттемелер тоқтатылмайды және қайта басталмайды».

Екіншіден, кем тұтынылған газ құнының 10 пайызы мөлшеріндегі жоғалған пайдасын өтеуге қатысты «ҚазТрансГаз Аймақпен» жасалған келісім-шарттың тармағы бойынша қиындық туындады. Мәселен, өтінімде кәсіпкер өзіне 10 текше қажет екенін көрсетіп, тек 9 текшені ғана тұтынған. Тұтынылмаған газ үшін кәсіпорын бәрібір 10 пайыз төлеуді талап етеді. Ал үкімет бекіткен ережелерде газдың артық шығындары үшін ғана жауапкершілік жазылған, ал кем тұтынылғаны үшін айыппұл қарастырылмаған. Тұрмыстық тұтынушыларға газды бөлшек сату типтік келісімшартында да солай. Бірақ «ҚазТрансГаз Аймақ» бұл тармақты өз келісімшартына енгізген. Кәсіпкерлердің көпшілігі оған қол қойыпты, ал мұны байқаған кезде газ берушілер қосымша келісімшарт жасаудан бас тартқан. Қайта олар прокуратура араласып, бұл әрекеттерінің заңсыз екенін түсіндірген соң, газ беруді тоқтатпаған.

– Біз жеке кәсіпорынбыз, ешқандай құқық мирасқоры емеспіз. Сондықтан өз келісімшарттарымызды жасаймыз. Кем тұтыну көлеміне келер болсақ, мен бұл мәселеден бейхабармын, бірақ оны бақылауға алатын боламын, - деді «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілі.

 

ТҮСІНІКСІЗ ТҮБІРТЕКТЕР

Бір топ кәсіпкерлер атынан Сара ТАГБЕРГЕНОВА сөз алды:

– Бізге ай сайын жылу энергиясын төлеуге қомақты есепшоттар келеді. Әр келген сайын төлем сомасы да әртүрлі болады. Төлем мөлшерінің неге байланысты екені түсініксіз. 2010 жылдың желтоқсанында мен жылу үшін 30 мың, 2012 жылдың желтоқсанында 70 мың теңге төледім, ал 2013 жылдың қаңтарында ҚҚС-ны қосқанда 120 мың теңге беруіме тура келеді. Шағын дүкендер, шаштараздар мен тұрмыстық қызмет көрсететін басқа да кеңселер, әдетте, жылу өлшегіштері жоқ көппәтерлі үйлердің бірінші қабатында орналасады. Сондықтан бізге нақты қандай мөлшерде жылу қолданғанымызды дәлелдеу мүмкін емес. Бізге айына 8-9 Гкалдан аударады. 1 Гкал 12 827 теңге тұрады. Басқа монополистерге қатысты айқын: ол жерде есептегіш аспаптар, есептеу әдістемесі бар. Ал жылуға қатысты бәрі түсініксіз. Біз заңды тұлға ретінде құрылған ЖК кәсіпорнымыз. Нәтижесінде тек салық қызметі ғана бізді жеке кәсіпкер деп санап, тиісті салық есептейді. Ал монополистер үшін біз – заңды тұлғамыз, соған сәйкес бізге  ірі кәсіпорындарға тиесілі тарифтер қолданылады. Біз бағаны көтере алмаймыз, онсыз да тұтынушылар супермаркеттерге қарай бет бұрды. Ал монополистер үнемі өз тарифтерін көтеріп отырады.

Бизнесмендер АЖЭО-на, қалалық әкімдікке, «Нұр Отан» және Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағына шағымдануға мәжбүр болған. Одақ олардың есепшоттарының көшірмелерін тексеру үшін Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне жолдапты.

 

КАНАЛИЗАЦИЯ ЖӘНЕБЮДЖЕТ

«Атырау СуАрнасына» да қойылар сауалдар бар екен. Оның қызметкерлері қоғамдық тамақтану нысандарының кәріздерінен сараптама жасау үшін су сынамасын үнемі алып отырады. Бұл жабық процедура, кәсіпкерлердің ешқайсысы да зертханалық зерттеу жұмыстарының қалай жүргізілетінін білмейді. Содан соң көп жағдайларда 19 мыңнан бастап 150 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұған ешкім дау айта алмайды. Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл жергілікті бюджетті толықтырудың тағы бір тәсілі екен. Әйтпесе, осынша сынамалар алудың қажеті қанша? Кафе мен мейрамханалар өнеркәсіптік нысандар емес, олар соншалықты экологиялық зиян тигізбейді ғой.

- Бұлар айыппұлдар емес, Су кодексінің 137-бабына сәйкес,  ағынды сулардағы шекті рұқсат етілген концентрацияның асып кеткені үшін қосымша төлемақы. Тұтынушы үш күн мерзім ішінде тәуелсіз сараптама жасатып, біздің құжатымызға наразылық білдіре алады, - деп жауап берді «АСА» директорының орынбасары Виктор СУЩЕНКО. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдар мен монополистердің өкілдеріне тағы да қойылған бірнеше сұрақтаының жауабын ала алмады. Шақырылғандар бұл сұрақтарға қатысты жағдайдан бейхабар боп шықты немесе сол сұрақ басқа бөлімдердің құзырындағы мәселе болып, көбінесе олар кейінірек «анықтауға» уәде берді. Прокуратура өкілдері де нақты шешімдерге бірден түсінік бере салмай, әуелі олардың заңдылығын тексеруге уәде етті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 ақпан 2013, 15:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.