Атырау, 10 қазан 17:15
 ашықВ Атырау +9
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Журналистер Сарыөзекте: біз кеттік, олар қалды

Сурет Бейнежазба
2 745 просмотра

Сарыөзектегі модульді стационарда қазір 168 науқас жатыр, олардың арасында 65 жүкті әйел мен босанған 19 әйел бар. Ойлап қараңызшы. Аурухананың жартысында қазір сәби күтіп жүрген немесе жаңа босанған әйелдер жатыр. Олардың ешқайсысы вакцина ала алмайтын еді. Олардың бәрі бірауыздан «қалай алу мүмкін болады, солай екпе салдырамыз» дейді. Олар енді бұл сұмдықтың қайталанғанын қаламайды.

«ҚЫЗЫЛ АЙМАҚҚА» КІРУ

Кеше кешке отбасыма ертең модульді аурухананың «қызыл» аймағына баратынымды айттым. Менің отбасым мазасыз журналистік жұмысқа үйреніп қалған, бірақ бұл жаңалық оларды елең еткізді: жаңа ғана компот жауып жатқан отанасы пандемияның қызыл ошағына бармақшы. Ортаншы қызым ессіздік деді, үлкен қызым отбасында тек екеуміздің ғана екпе алғанымызды еске салды. Күйеуім байсалдылықпен өзіме және балаларға жұқтырмас үшін қандай қауіпсіздік шараларын алатынымды сұрады. Сол кезде терең ойға кеттім. Медицина қызметкерлері пациенттердің тағдыры ғана емес, өз отбасының қауіпсіздігі үшін мұндай жауапкершіліктің жүгін қалай көтеріп жүр екен? Түпсанамда көру үшін тағатын көзілдірік пен оның сыртынан қорғаныс көзілдірігін қалай тағамын, 8 сағат бойы қалай осындай ыстықта су ішпей, дәретханаға бармай қалай жүремін, телефон мен камераны «лас» аймаққа барып келгеннен кейін қалай тазалаймын деген ойлар толып кетті. Сөйтіп сол жерде бір жарым жыл жұмыс істеген дәрігерлердің тәжірибесіне сүйенуді шештім.

Әріптестеріммен стационарға кірдік. «Қызыл» аймаққа кірмес бұрын мұқият киіну керек. Алдымен мақта-матадан тігілген жиынтықты, тәпішкені, сыртынан бахиланы киесің. Содан кейін - қорғаныс комбинезоны, бас киім, екі жұп резеңке қолғап киіп, кәдімгі медицина маскасы, респиратор және қорғаныс көзілдірігін тағасың. Бастапқыда бұларды кию оңай емес, бізге аурухананың тәжірибелі қызметкері көмектесті. Біз әлі «лас» аймаққа кірген жоқпыз, ал көзіміз бен арқамыздан тер саулап жатыр.

ҮНДІЛІК ЗЫМИЯН ШТАММ

Медиктер «қызыл» аймақта күн сайын 8 сағат өткізетіндеріне қынжылмайтын болған. Бірақ бір сәтте қай уақытпен санаспай, аптаның қай күні екенін ұмытып қалатындарын айтты, бүгін дүйсенбі ме, сенбі ме, бастысы - кезекшісің бе, жоқ па, сол маңызды.

- Бір ай бойы бақылауда ұстап, аурудан сауықтырмақ болған науқас қайтыс болғанда ауыр тиеді. Сауығып келе жатқан сияқты болады да, кенеттен қайтыс болады. Бұл біздің жұмысымыздағы ең қорқынышты нәрсе. Егер көмектесе алмасақ, несіне жүрміз деген ой келеді. Психологиялық тұрғыдан еңсеңді түсіріп жібереді, әсіресе жас әріптестеріміз бұл сынаққа шыдамайды. Оларды жұбатып, әрі қарай жұмыс істеуге бағыттау қажет, себебі жаңа түскен науқастар біздің көмегімізге мұқтаж, - дейді модульді стационардың жансақтау және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Дәулен ЕЛЕУОВ. – Сауыққан науқастарды қарапайым палатаға ауыстырып, кейін ауруханадан шығарса, бұған көңіліміз көтеріліп, бекер жұмыс істемедік деп, кеудемізді қуаныш кернейді.

Сауығып келе жатқан науқас жағдайының аяқастынан нашарлауы биылғы ауру ағымына тән. 2020 жылы науқастың жағдайы жақсарса, онда ауыр кезеңнен өтіп кетті деп, оған алаңдаудың қажеті жоқ болатын. Үнді штаммының тосынсыйы көп, науқастардың жағдайы үнемі өзгеріп тұрады: кеше ғана жақсарса, қайтадан жансақтау бөлімшесіне түсіп қалып, кейде мәйітханадан бір шығады.

Бүгінде жансақтау бөлімінде 21 науқас жатыр, олардың бірінің жағдайы ауыр. Реаниматологтардың айтуынша, егер өткен жылы мұнда негізінен жасы 50-ден асқан адамдар келген болса, биыл инфекция жастарды да алып ұруда. Күн сайын жансақтау бөлімшесіне 5-6 науқас түседі, бәрінің жасы 30-дар шамасында. Жақында 20 жастағы жүкті әйел қайтыс болды.

Айналамызда жансақтау бөлімінде жатқандардың дені жастар. Олардың кейбірінің есі бар, көпшілігі етпетінен жатыр, кейбірінің мұрынына түтік кигізілген, бірақ бізбен сөйлесуге халі жоқ, біз де сөйлесуге тырыспадық. Ауыр жатқан науқастың төңірегінде бүкіл топ жұмыс жасап жатыр.

«ТАЗА» АЙМАҚТА БЕЙҚАМДЫҚ БАСЫМ

- Біздің бөлімде әр ауысымда 2-3 дәрігер, 7 медбике және 3 санитар жұмыс істейді. Әр науқас үшін ем тағайындау парағы менімен және жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісімен келісіледі. Біз күн сайын емдеу тактикасын деректерге: пульс, қысым, сатурация, тыныс алу, жүрек соғысы және зертханалық мәліметтерге байланысты тағайындаймыз, - дейді Д.Елеуов.

8 сағат бойы ішіп-жеу мүмкіндігінің болмауы сияқты ұсақ-түйекке медиктер мән бермейтін болған, ағза үйреніп кеткен. Былтыр олар стационарда бір ай бойы немесе одан да көп уақыт өткізуге мәжбүр болды. Вакциналаудың арқасында бұл мәселе шешілді, бүгінде олар ауысымнан кейін үйлеріне қайтады. Бірақ бұған дейін жеке қорғаныс құралдарынан мұқият құтылып, душ қабылдап, қол мен мұрынды өңдейді. Айтпақшы, мұрынды қарапайым кір сабынмен шаюға болады, дейді медиктер. Ол спирт ерітіндісі секілді қатты құрғатпайды және күйдірмейді.

Дәулен Елеуов өз стационарында медиктердің вакцина алғаннан кейін ауру жұқтырған кезін еске түсіре алмады: барлығы, оның ішінде өзі де вакцина болмаған кезде ауырып шыққан. Оның бақылауынша, басқа ауруханалар мен емханалардағы әріптестері инфекцияны жиі жұқтырады екен. Бұл қырағылықтың үнемі болмауынан орын алады. Медиктер алдында ауыр халде жатқан науқасты көрмеген соң, босаңсып кетеді, бір жерде маска мұрнынан сырғып кетсе де, оған назар аудармайды, үнемі қолдарын өңдеп жүруді де ұмытады.

ВИРУС ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРДІ ҚИНАП ТҰР

Біз модульді стационардың әйелдер жатқан жағына бет алдық. Ол жерде 65 жүкті әйел мен босанған 19 әйел жатыр. Дәл біз келер кезде 28 жастағы әйел босанайын деп жатқан еді. Ол үшінші баласына жүкті кезде коронавирус жұқтырып алған екен.

Біз жүкті әйелдер палатасына кірдік. Талдырмаш келген, екі жас келіншек отыр екен, үрейленген жүздерінен бірінші баласын босанайын деп отыр-ау деп ойладық. Бірақ олай емес екен, олар реанимацияда жатқанда үлкен балаларының жетім қалуы мүмкін екенін ойлап, бұл соққы оларды есеңгіретіп тастапты.

34 жастағы Гузель бесінші баласына жүкті. Ол отбасында ауруды бірінші жұқтырмаған. Алдымен енесі, содан кейін қайын атасы ауырып қалған, үйдегі отбасы мүшелері түгел учаскелік дәрігердің бақылауында карантинде болған. Гузельдің дене қызуы көтеріліп, жүрегі айни бастағанда, әйел бұл жүкті әйелдердің ауруы еместігін бірден түсініпті. Бірнеше күн антибиотик қабылдаған, бірақ жағдайы жақсармады. Гузель стационарға 1 тамызда ентігу және 30% өкпе зақымымен түсті. Зақымдану пайызы арта түсіп, жансақтау бөлімінен бір шыққан. Бағына қарай, өкпені жасанды желдетуге жетпеді. Жақында оны кәдімгі палатаға ауыстырған, ұрықты УЗИ-ге түсіріп, дәрігерлер сәбидің жағдайы жақсы деп сендірген.

37 жастағы Айнагүлдің бұл төртінші жүктілігі. Сақ әйел ешқайда шықпауға тырысқан, бірақ медициналық тексеруді жіберіп алуға да болмайды. Ол вирусты емханада кезекте тұрғанда жұқтырып алдым деп күдіктенеді. 28 шілдеде дене қызуы көтеріліп, жалпы әлсіздікпен ауруханаға жеткізіліп, кейін реанимацияға түскен.

- Өзім үшін, құрсағымдағы және кішкентай балаларым үшін қалай қорыққанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бағымызға орай, олар жұқтырып үлгермеді, ал күйеуім ол кезде вахтада болатын. Енді рұқсат берілген соң бірден вакцина аламын, құдай сақтасын, енді мұндайды басқа бермесін, - деп күрсінеді Айнагүл.

Келесі сұхбаттасушым - Рамида стационарға 31 шілдеге қараған түні жөтелмен және дене қызуымен түскен. Өкпесінің зақымдануы шамалы - тек 6% болған, бірақ ауру үдеген кезде 28%-ға дейін артқан. Ковид стационарында босану әйелдің жоспарында болмаған, он күн осында жатып, үйіме қайтамын деп ойлапты. Бірақ басқаша болып шықты. 7 тамызда, жүктіліктің 39-аптасында қыз баланы дүниеге әкеліп, оған Әзиза деп ат қойды. Бұған дейін ол қашықтан жұмыс істеген, декреттік демалысын рәсімдеу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына ғана барған, басқа ешқайда шықпаған. Күйеуі сынама тапсырыпты, нәтижесі теріс, үлкен балаларының да денсаулығы жақсы. Бағына қарай, бар жамандық артта қалды, сәбидің денсаулығы жақсы, Рамиданың бір аптадан бері дене қызуы жоқ. Жақында анасы мен сәбиін үйлеріне шығарады. Кейінірек әйел «Pfizer» вакцинасын алғысы келеді.

ТЕК АУРУХАНАДА ЕМЕС, БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ ҚАУІПТІ

КВИ бөлімінің дәрігері Жақсылық БЕРДІҚҰЛДЫҢ айтуынша, ПТР сынамасы жаңа туған 19 нәрестенің бәрінде теріс нәтиже көрсеткен. Бағына қарай, бүгінгі науқастардың өміріне коронавирус қауіп төндірмейді. Бірақ үнемі осылай бола бермейді. Сондықтан ол баршасынан, әсіресе жағдайына байланысты осал топқа жататын болашақ аналардан адам көп жиналатын жерлерге мүмкіндігінше аз баруды және барлық сақтық шараларын сақтауды сұрайды. Инфекция жұқтыру қаупі ауруханалардың «лас» аймағында ғана емес, барлық жерде қауіпті. Осы бірер күнде екі жүкті әйел қайтыс болған, өкінішке орай, олар стационарға өкпенің зақымдануы 50 және 70%-дан асып кеткенде кеш келген.

- Өздігінен кетіп қалады деп, соңына дейін үміттенудің, таныстарыңыздың кеңесі бойынша өздіктеріңізбен емделудің қажеті жоқ. Емханалар мен қарапайым стационарлардың дәрігерлері емдеу хаттамасымен таныс болса да, ковидті қалай емдеу керектігін білмейді. Біз мыңдаған науқастарды емдеу барысында көп тәжірибе жинадық, - дейді Ж.Бердіқұл.

ШЫҒАР КЕЗДЕ

Бір сағаттан кейін «лас» аймақтан шықтық. «Шығу» да ережеге сәйкес жасалады. Алдымен дезинфекциялық ерітіндіде қол өңделеді, содан кейін бір сыңар қолғап, көзілдірік, респиратор, қорғаныш комбинезоны және бахила шешіледі. Мұның бәрі жойылуға тасталады. Содан кейін қол қайтадан өңделеді де, екінші сыңар қолғап, содан кейін ішкі костюм шешіледі. Олар жууға кетеді. Осы уақыт бойы біздің аппаратурамыз кварцталады. Ал біз душ қабылдаймыз.

Ауруханадан шығар ауыздан кезекті жүкті әйелді әкеліп жатқан жедел жәрдемді кездестірдік. Ал жолда, телефон арқылы бізге босану бөлмесінде көрген әйелдің аман-есен босанғанын хабарлады. Біз де қуандық! Біздің бір сағаттық «ауысым» жақсы өтті. Содан кейін дәрігерлердің  үнемі бұлай бола бермейді деген сөздері есімізге түсті. Сіз де мұны ұмытпаңыз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

14 тамыз 2021, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.