Атырау, 10 қазан 17:16
 ашықВ Атырау +9
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Дамба балықшылары наразылыққа шықты

Сурет Бейнежазба
2 483 просмотра

13 тамызда Дамба ауылдық округінің 60 шақты балықшысы әкімдік алдына жиналып, жаңадан енгізілген ережеге қарсылығын білдірді. Енді олар 17 тамыздан бастап балықты аумен емес, тордан жасалған тұзақпен аулаулары (вентерь) керек.

Бұлар Каспий теңізінен балық аулап, оны жергілікті кооперативтерге өткізетін балықшылар.

— Осы аптада ғана балықты аумен емес, тұзақ арқылы аулау керектігін естідік. Осы ережені ойлап тапқан адамдар Каспий теңізінің қазіргі жағдайын көрді ме екен? Ата-бабаларымыз, тіпті, әке-шешелеріміз балықты тұзақпен аулады. Тұзақты салу үшін терең жерге бару керек. Каспий теңізінің терең жері біздің балық аулап жүрген жерімізден 50 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Енді балықты қалай аулаймыз? Қалай күн көреміз?- дейді балықшы Жасталап Құспан.

Балықшылар жаңа маусымға дайындалып, тіпті, әрқайсы 600-700 мың теңгеге ау сатып алған. Олардың айтуынша, тұзақ сатып алу үшін 12 млн теңге керек екен. Бұл қаражатты қарапайым балықшылардың қалтасы көтере бермейді.

— Егер менің 12 млн теңге ақшам болса, бір кәсіп ашып немесе 5 гектар жер алып, жоңышқа егіп, қуаңшылықтан малы қырылып жатқан Маңғыстаулық шаруаларға көмектеспеймін бе? Билік қарапайым тұрғындарда осыншама қаражат бар деп ойлайды ма? Тұзақты салып, қайығымызға мінсек, теңіздің терең жеріне жетпей батып кетеміз, - деп ашуланады балықшылар.

Олардың айтуынша, тұзаққа уақ балық түседі екен. Оларды кооперативтер алмай, салдарынан бостан-босқа шіріп, қоршаған ортаға да зиян келеді.

Наразы топтың уәжін тыңдаған Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫ балықшыларға карантин талабын бұзып тұрғандарын еске салып, бұл салмақты мәселе екенін, оның бірден  шешім таппайтынын кесіп айтты. Сондай-ақ наразылық акциясы өтіп жатқан жергілікті әкімдік алдына полиция қызметкерлері келіп, белгісіз адамдар бейнежазбаға түсіріп тұрды.

— Біз билікке қарсы шығып жатқан жоқпыз. Тек бізге өткен жылғыдай балықты аумен аулауға рұқсат берсін. Отбасымызды асырайық, - дейді жиналғандар.

Артур Сәдібекұлының өз уәжі бар:

— Қазір Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде қойылмалы торлар көбірек қолданылатыны анықталып отыр. Бұл су астындағы тіршілік иелеріне, әсіресе, ерекше қорғалатын бекіре балықтарының көбеюіне теріс әсерін тигізуде. Атырау облысының акваториясында су кеңістігін пайдалану ережесі (Жайық өзенінің сағасынан солға және оңға - 50 шақырым және 3 метр тереңдікке дейін) толық сақталмайды. Жанар-жағармайды үнемдеу үшін немесе тиісті материалдық-техникалық базаның жоқтығынан балықшылар 50 шақырым қашықтықта жүрмейді, тікелей тыйым салынған аймақта тор құрады. Соның салдарынан соңғы жылдары Жайық өңіріне қоныс аударатын жартылай өтпелі балық саны айтарлықтай азайып отыр. Сондықтан да экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жаңа ережені бекітті.

Дегенмен де ол балықшылардың уәжін министрлікке жеткізуге уәде берді. Осылайша жиналған топ тарқасты.

Фархат ӘБІЛОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

14 тамыз 2021, 12:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.