Атырау, 18 мамыр 12:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Вирус ішек инфекциясына ұқсап өзгеруде

1 749 просмотра

Атырау облысында екінші жыл қатарынан коронавирус инфекциясын жұқтырғандар жаз мезгілінде көбейіп отыр. Мамандар бұл үрдісті маусымдық көші-қон легінің артуымен және еске алу садақаларының көбеюімен түсіндіреді.

- Менталитеті мен өмір салты бойынша Атыраудың басқа өңірлерден айырмашылығы шамалы. Көші-қон процесінің белсенділігі бойынша Маңғыстау облысына және халықаралық әуежайлары бар ірі мегаполистерге ұқсайды. Жазда аурушаңдықтың көбеюі әлемнің көп елдеріне, соның ішінде, Қазақстанға да тән. Бұл ішкі және сыртқы көші-қон қарқындылығына байланысты. Жазда демалысқа шығамыз, шетелге барамыз, осы уақытқа отбасылық мерекелер де көп жоспарланады. Covid-19 жаңа вирус, адам популяциясына енді бейімделіп келеді, сондықтан белсенді айналымда. Бізде көші-қон белсенді болғанда, вирус та қарқынды дами бастайды. Бәлкім, дельта штаммының жазғы кезеңде кең таралуы да аталған факторларға байланысты болуы мүмкін, - деп есептейді қазір Атырауда жүрген Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық денсаулық сақтау орталығы төрағасының орынбасары Айнагүл ҚУАТБАЕВА.

Редакцияға дельта штаммын жұқтырғандар жеке статистикада тіркелген бе, осы штаммды емдеу хаттамасы бар ма және одан қалай қорғануға болады деген сұрақтар көп түседі.

- Әлемнің басқа елдерінде ауруды емдеу хаттамасында кездесетін барлық жаңа нәрсе, бүкіл алдын алу шаралары бізге тез арада келеді. Біз басқа елдердегі әріптестерімізбен, әйгілі институттар мен клиникалық орталықтардың өкілдерімен - ДДСҰ арқылы және тікелей Zoom және басқа алаңдар арқылы үнемі хабарласып отырамыз. Вирус таралғалы онымен күресудің мол тәжірибесін жинақтадық, бірақ вирустың жаңа жағдайларға бейімделіп, үнемі өзгеріп отыруы, өзіне тұрақты орын іздеуі жұмысты қиындатады, - дейді А.Қуатбаева.

Қорғана отырып, коронавирус агрессивті бола бастайды: ауру барысы асқына түседі, тез таралады, жаңа жас топтарын таңдайды. Осылайша, дельта штаммы балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен таралуда. Клиникалық көрініс өткір ішек инфекциясына ұқсай бастап, өзгеруде: науқас қалтырайды, жүрегі айнып, құса бастайды, нәжісі сұйықталып, ағзасы уланады. Дәрігерлерде дифференциалды диагноз қою тәжірибесі болмаса, мұндай белгілерді улану мен өткір ішек инфекциясымен оңай шатастыруға болады. Бұдан басқа, қарт адамдар мен балаларда бұл вирус бейімделіп, тамырларда, әсіресе аяқ-қолдарында тромб тудыра бастайды. Бұл жүрек-қан тамырлары мен эндокринді жүйенің созылмалы аурулары, қант диабеті бар адамдар үшін өте қауіпті. Тромб науқастың жасына қарамастан инфаркт, инсульт тудыруы мүмкін, тіпті, өлімге әкелуі мүмкін.

А.Қуатбаеваның айтуынша, клиникалық емдеу хаттамасы ауру белгілеріне байланысты үнемі түзетіліп отырады. Бірақ аурудың штаммын анықтауға уақыт пен ақша жұмсаудың мәні жоқ, өйткені дельта штаммын емдеуге арналған арнайы хаттама да, оның жеке статистикасы да жоқ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА              

6 тамыз 2021, 13:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.