Атырау облысында шетелдік жұмыс күшін тартатын компанияларды тексеру жұмыстары басталды. Мұндағы мақсат – бірдей жұмыс атқаратын жергілікті және шетелдік мамандардың жалақыларындағы сәйкессіздікті анықтау.
Тексеру жұмыстарын ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша облыстық прокуратура облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментімен, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірігіп жүргізуде. Облыс прокурорының көмекшісі Ақтан ҚУАНОВТЫҢ айтуынша, мұнда «Қашаған» мен «Қарабатан» жобаларында жұмыс жасайтын компаниялар, сондай-ақ, ТШО-ның мердігерлері мен қосалқы мердігерлері қамтылған. Бұл жұмыс ақпан айының ортасына дейін аяқталуы тиіс.
- Шетелдік маманның еңбекақысы қалай еткенде де көп болатыны түсінікті. Бірақ біз оларға сыйақы, тұру, тамақтану және т.б. төлемдер ме, қандай үстемелердің төленетіндігін және олардың қаншалықты негізді екендігін қарайтын боламыз, - дейді Қуанов. – Тексеру нәтижелері бойынша кейбір заң актілерін түзету туралы өз ұсынысымызды енгізіп, оны өз деңгейінде парламентте қарауға енгізу үшін Бас прокуратураға жолдаймыз.
Көпшілікті «жалақы қалайша теңестіріледі, кейбір компаниялардағы шетелдік және қазақстандық маманның еңбекақыларында он еседей айырмашылық бар ғой» деген мәселе алаңдатып отыр.
–Ешкім де жалақыны азайтып немесе көбейтейін деп отырған жоқ, - дейді бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы Темір ЕСТЕБАЕВ. – Бұл жерде бір принцип қана бар: азаматтығына қарамастан бірдей жұмыс үшін бірдей жалақы төлену керек. Олай болмаса да, біздің мамандарымыздың дайындығы жоқ деген пікір қалыптасқан. Үндістер күрекпен жұмыс істейді ғой, ал біздікілер олардан кем бе? Бізде де орта техникалық білімдері бар жақсы инженерлер көп. Біз олармен жиі хабарласып тұрамыз. Олар кейбір шетелдіктердің білімі жағынан өздерінен қалыс қалып жататынын айтады. Халық бәрін біліп, көріп отыр. Біз мұны әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында жасап отырмыз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА