Атырау, 23 қараша 18:04
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тоғысқан тағдырлар

3 891 просмотра

Атырауда бірнеше айдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған кризистік орталық жұмыс істеп келеді.

МӨЛДІРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Кризистік орталық директорының орынбасары Айбаршын ИМАНҒАЛИЕВА мені осында тұрып жатқандардың бөлмесіне өзі бастап алып жүрді. Жанында қарайласып отырған 11 айлық нәрестенің анасы ашаң жүзді, сұңғақ бойлы, қой көзді Мөлдір (аты-жөндері өзгертілді. – А.Қ.) осыдан екі жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Бірақ, оның жолдасы есірткі шегіп, түзу жолдан таяды да,  Мөлдір осыдан екі ай бұрын Орталықтан уақытша баспана іздеп келген. Қазір Мөлдір еш жерде тіркелімде жоқ екен. Және тұратын жері де жоқ. Әкесі болса, дүниеден озған, анасының өз қиындықтары да жеткілікті.  

- Жақында анам үшінші рет тұрмыс құрды, - дейді Мөлдір. – Қазіргі күйеуі жақсы адам. Мүмкіндігінше көмектесіп тұрады.

- Біз Мөлдірдің анасына да қызымен жақсы қарым-қатынас орнату қажеттігін түсіндіріп, қамқорлыққа алу қажеттігін айттық,- дейді А.Иманғалиева. – Мөлдір бірінші келген күндері көңілсіз, тұйық еді, жүзі тұнжырап жүретін. Қазір бізбен ашылып сөйлеседі. Жадырай күлсе, тіптен әдемі болып кетеді.

 

АЙГҮЛДІҢ ОҚИҒАСЫ

Аяңдай жүріп, екінші есікке беттедік. Есік ашылысымен жадырай қарсы алған жанның бірі кішкентай Алмас болды. Алмастың егізі 4 жасарГүлнәздың әлжуаз екені көзге бірден байқалады. Ол Алмас сияқты біздің алдымыздан жүгіріп шыға алмады, кереуетте жатты. Шарасыз тағдырмен үнсіз күрескен кішкентай қыздың бойында балалар церебралды сал ауруының белгілері анық байқалады. Алмас пысық, ширақ, бірақ оған ақыл-есі кеш дамыған деген диагноз қойылған екен.

Орта бойлы, аққұба өңді, талдырмаш келген олардың анасы Айгүл бәрін басынан баяндап берді. Ол 10 жасында әкеден, 21 жасында шешесінен айрылады. Отбасындағы тоғыз ағайындының сегізіншісі болып туылған. Бауырларының ешбірі оны іздеп келмейтінін Айгүл айта алмады. Оның мұнда тұрып жатқанына екі ай болған. 

- Үйім жоқ, шыққан соң қайда барарымды білмеймін, - деп налиды ол. Бала жасында эпилепсиямен ауырғанАйгүлге тұрмысқа шыққан соң ұзақ уақыт бойына ана болу бақыты бұйырмайды. Бірақ өмірге үлкен ұлын әкелісімен ауруынан құлан таза айығады. Ол өзінің қатты қуанған кезін де осы сәттермен байланыстырады. Алайда, Алмастың, одан соң Гүлназдың диагнозы белгілі болғанда, азаматтық некедегі жолдасы оны тастап кетеді. Ал біраз уақыттан кейін қайта қосылайық деп келген жолдасын ол кешіруге мәжбүр болады.   

- Тұратын пәтеріме төленетін ақша таба алмай, балалар жәрдемақысын жеткізе алмай жүргенде оны амалсыз кешірдім, - деп еске алады Айгүл көңілсіз өткен күндерін.

Қайта оралған «өмір серігі» ішімдікке сылқия тойып келіп, балаларының ауруын бетіне басып оның басынан таяқ айырмаған. Осылайша бұл жағдайлар оның осы бөлімшеге келуіне себеп болды. 

 

УАҚЫТША БОЛСА ДА - ПАНА

Күніне 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілетін орталықта әйелдер психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік кеңес ала алады. Әдетте олар мұнда ішкі істер органдарының жолдамасымен келеді. Орталықты 3 айға дейін паналай тұруға жағдай жасалған. Үш айдан кейін де басындағы мәселелері шешілмесе, уақытша тұру мерзімі тағы да ұзартылады. Алайда, бұл әрі қарай үнемі жалғаса бермейді.

- Қазір бізде 6 әйел тұрып жатыр, - дейді Айбарша Иманғалиева. - Аналардың балаларына да барынша жағдай жасауға тырысудамыз. Қалалық білім бөлімінің көмегімен оларды жақын маңдағы мектеп-интернаттарға ауыстырамыз. Бірақ, олардың аналарын кез келген уақытта көруге құқығы бар. 

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА     

31 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.