Өткен жұмада облыстық әкімдікте Солтүстік-Каспий жобасын қаржыландыру проблемалары қаралды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтері бойынша, «Аджип ККО»-ның мердігер және қосалқы мердігер компаниялары алдында бірнеше айға қарыздары жиналып қалған.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира ШАКИРОВА хабарлағандай, көбінесе «Аджиптің» мердігер және қосалқы мердігер компанияларында отандық қызметкерлерге еңбекақы төлемдері мен ларалар (күніне 1000 теңге мөлшеріндегі еңбек еткені үшін ынталандыру үстемелері) үнемі кешіктіріледі. Жыл басынан бері ол жерде 8 еңбек дауы орын алған – адамдар еңбекақылары мен ларалардың уақытында төленбеуіне, қолайсыз еңбек жағдайына наразылық білдірген.
Жағдайдың мәнісін анықтау кезінде, «Аджип» «ССТ» («Каспиан Констракшин Траст») ЖШС-не 1,2 млн. доллар және «Яманлар» компаниясына 700 мың теңге қарыздар боп қалғандығы белгілі болған. Соның салдарынан «Яманлар» 25 млн. теңге мөлшерінде «Мейір» ЖШС қосалқы мердігеріне борышты боп қалған. Осындай жағдай «Хемимонтаж» компаниясында да орын алған. Оператордан қаржы бөлінбегендіктен ол өзінің «СДС», «Каскад», «Батыс Құрылыс» ЖШС қосалқы мердігерлеріне қарыз болып отыр.
Г.Шакированың мәліметтері бойынша, атап айтқанда, «Бейтан» компаниясы мен оның мердігерлері еңбекақыны уақытында төлемеген. «Каспиан Констракшин Траст» (ССТ), «Монтажстройсервис», «Хемимонтаж», «Адани», «Мұнайгазқұрылыс» ЖШС және «Іскер Консорциум» мердігері – «Меркурий Seven» тараптарына да шағымдар бар.
Үнділік «Пундж Ллойд» компаниясында қаңтар айында лара бойынша бережақ 8 млн. теңге құраған. Соңғы рет «Аджип ККО» өткен жылдың қыркүйегінде осы компанияның қызметкерлері үшін лара аударған. Ал қазаннан желтоқсан айына дейін лара мердігер компания есебінен төленіп келген. Ал осы үстемені төлеу оператордың міндетіне жатады.
Г.Шакирова бірқатар компанияның қызметкерлері еңбек жағдайына риза еместігін атап өтті. «Дос Саппорт» ЖШС-нің 100-ден аса жүргізушісі «Тафауат» компаниясы ұсынатын қоғамдық тамақтану өнімдері сапасының төмендігіне шағымданған. Жұмысшылар егер олардың талаптары орындалмаса, жұмысқа шықпайтындықтарын мәлімдеген. Ақыр аяғында олардың асханаларын ауыстырған. Биылғы жылдың қаңтарында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың нашарлығына «СС ЕРС» қызметкерлері қарсы шыққан. Наразылық белгісі ретінде «Басқұншақ» баржасындағы жұмысты тоқтатып, тек олардың талаптары орындалғаннан кейін ғана ереуілді тоқтатқан.
Атырау облыстық бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Темір ЕСТЕБАЕВ «Аджип» лараны төлеуге жазбаша түрде міндеттелсе де, Еңбек заңнамасында бұл үстеменің қарастырылмағандығын атап өтті. Демек, оны жоюға компанияға ештеңе де кедергі бола алмайды. Сондықтан кәсіподақ ұйымдарына ұжымдық келісім-шартқа лара туралы тармақты енгіздіруге қол жеткізулері керек. Дегенмен, ол жердегі кәсіподақтардың аздығы мен әлсіздігін ескерсек, бұған сене қою қиындау.
- Жұмыс көлемдері азаюда, компаниялар жұмысшыларды босатып жатыр, ал еңбекақы бойынша қарыздар қалуда. Сондықтан да адамдар ереуілге шығып жатыр. Алайда жұмыс берушілермен келіссөз жасағаннан кейін қарыздар 24 сағат ішінде төленуде. Демек, компанияның қаржылары бар деген сөз, бірақ олар соңғы әрекетке дейін жеткізіп отыр, - дейді облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ.
Аджип ККО бойынша Қашағандағы тәжірибелік-өнеркәсіптік өңдеу жобасының директоры Джорджио МАСКАТЕЛЛИ тек қосалқы мердігерлер бойынша ғана қарыздардың бар екендігін, ал лараның ұзақ процедуралардың, үстемелерді есептеудің салдарынан кешеуілдеп жатқанын мәлімдеп, мердігерлерге кадрлар бойынша барлық мәліметтерді шұғыл арада ұсынуды өтінді. Ол сондай-ақ, жағдайды тұрақтандыру үшін шаралар алынып жатқандығын мәлімдеді.
Айта кетелік, таяуда редакцияның электронды поштасына Қарабатандағы еңбекті ұйымдастырудың бұрмаланған жүйесіне наразы болған қазақстандық жұмысшыдан хат келіп түсті. Оның айтуынша, операторлар жобадағы жұмыстардың көп бөлігін ірі мердігерлерге береді, ал олар өз кезегінде өздерінен төмен сатыдағы көптеген қосалқы мердігерлерді жалдайды екен. Нәтижесінде барлық жылы-жұмсақ жоғарғы сатыдағы компанияларға тиесілі болады екен. Әдетте, осы компаниялардың қызметкерлерінің еңбекақылары мен еңбек жағдайлары жақсы боп келеді. Осы саты төмендеген сайын, еңбекақы төлеу мен еңбекті ұйымдастыру деңгейі де төмен болады. Нәтижесінде жұмысшылар құқығы елене қоймайтын шағын ғана отандық ЖШС-лерде еңбек ететін адамдарға қиын тиеді. Менімен әңгімелескен кезде шенеуніктердің бірі бүкіл проблеманың – жұмысты ұйымдастыру кезінде мердігер компанияларға 70 пайызын беруге рұқсат беретін біздің заңнамамызда жатқандығын атап өтті. Бұл, оның пікірінше, еңбек процесін ұйымдастыруға және төменгі буындағы компанияларға қатысты теріс әсер етеді.
- Ауқымды жобаларды іске асыратын ірі компаниялар қосымша қуаттылықтарды тартулары, үлкен кадрлар бөлімін құрып, бүкіл процессті өздері бақылауға алулары тиіс. Бұл жағдайда, жұмыс сапасы үшін де, жұмысшылардың бұзылған құқығы үшін де сұрайтын адам болады, - деп есептейді менімен әңгімелескен сарапшы.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА