Атырау, 11 қазан 19:25
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

«AЖ» балық инспекторларымен рейдке шықты

Сурет Бейнежазба
3 823 просмотра

Жанбай ауылы маңындағы теңіз жағалауында қамыс арасынан табылған браконьерлік төрт катер туралы ақпаратты зерделеген соң балық қорғау инспекторлары теңіз арқылы Атыраудан сол жаққа қарай бет алды. Олармен «AЖ» тілшісі де бірге барды.

800 ШАҚЫРЫМҒА 14 АДАМ

Инспекторлар екі кеме дайындап, бензин құйып, қажетті заттарды жинап жатқанда, мен кіші Дамбыдағы балық қорғау инспекциясы станциясын суретке түсіріп алдым. Бұл жерде жаңасына қарағанда ескі қайықтардың көп екенін байқадым.

- Жаңа және заманауи кемелер су полициясы мен шекара қызметінде бар. Ал бізде көбі ескі. Жөндеп аламыз да, қайтадан теңізге шығамыз, - дейді инспекторлар Жайық сағасына қарай жылжып бара жатып:

- Бізде бар-жоғы 14 адам, ал бақыланатын аумақ 800 шақырым. Сондықтан демалыс күндері де рейдке шығуға тура келеді.

- Айтпақшы, бүгін менің туған күнім - 42 жасқа толып жатырмын, қонақтар келетін болып, үйге ерте кетсем бе деп едім, сәті түспеді ғой, - дейді штурвалда отырған Жұмажан ИМАТОВ. Ал Жайық-Каспий балық шаруашылығы инспекциясының теңіз балық шаруашылығы бөлімінің бастығы Орынбек СҮНДЕТОВ, жаңа қызметкерлер алынбайды, керісінше, штат қысқаратынын айтты.

Әңгіме айтып отырып теңізге де шықтық. Бұл жердің ауасы әртүрлі – анағұрлым салқын әрі ылғал. Инспекторлар жақында осы жерлерді «тазартып», браконьерлік ау-торларды алып тастадық дейді. Бірақ артынша теңізге қайта ау құрылып тұрады.

Бізге жақын жерден екі катер бірінен соң бірі өтіп кетті. Бұл «Амангелді» және «Тілекші» балық аулау кооперативтерінің катерлері, - деп түсіндірді менің сұхбаттасушыларым. Ал теңізден браконьерлерді ақыры кездестірмедік. Кейін Орынбек Сүндетов айтқандай, менің жолым жеңіл ме, әлде...

 

БАТПАҚҚА АРНАЛҒАН ЕТІКТЕР ЖӘНЕ КҮЛЕГЕШ ПОЛИЦЕЙ

Сөйтіп Жанбай қамысындағы браконьерлік қайықтарға да жеттік. Бұл жер таяз, жақындап бару оңай емес. Бірінші қайықтағы тәжірибелі қызметкерлер су түбін өлшеп, тәуекелге бармауға бел буды: олар тоқтап, батпаққа киетін ұзын етіктерімен бірнеше жүз метрге жаяу барды. Ал екінші қайықтағы алаңғасар жігіттер әрі қарай жүзе беріп еді, ...тұрып қалды. Шекара қызметінің жағалау күзетінің ауа жастығы бар («Арктика») күзетші катері көмекке келді. Осылайша жағалауға шықтық. Инспекторлар браконьерлік қайықтарды арқанмен байлап жатқанда мен Жанбай полициясының қызметкерімен сөйлестім. Оның айтуынша, бұл биыл браконьерлік катер анықталған алғашқы жағдай екен.

- Жалпы, қазір Жанбай ауылын таза браконьерлік ауыл деп атаған дұрыс емес. Соңғы бір-екі жылда бұл жерде жағдай азды-көпті тынышталды, - деді полицей.

- Шын айтасыз ба?

- Иә. Ауылда балық аулаудан басқа жұмыстар бар.

- Мысалы?

- Мысалы, мал шаруашылығы. Мал ұстайтындар бар, - деп жауап берді сұхбаттасушым жымиып. 

- Маусым кезінде бұл жерде өндірістік кооперативтер құрамында балық аулауға болады. Тыйым салынған кезде адамдар немен айналысады?

- Ештеңемен, - дейді полиция қызметкері күліп, содан соң:

- Кейбірі аудан мен қала арасында такси қызметінде жүр. Біреулері мал шаруашылығымен айналысады, енді бірі бос жатады.

 

БОРТТАҒЫ ӘҢГІМЕ

Балық инспекторларымен браконьерлік қайықтармен кіші Дамбыдағы базаға қайтып келе жатқанда да әңгімемді жалғастырдым. Оларда жұртшылық пікіріне қатысты реніші бар екені сезіледі:

- Біз терлеп-тепшіп, браконьерлерді қуып жүрміз, ал бізді көпшілігі нағыз браконьер деп санайды. Бірақ бұл олай емес.

- Иә, инспекторлар браконьерларға «қамқорлық жасайды» деген пікір бар.

- Мен «пікір» үшін жауап бере алмаймын.

Тағы бір инспектор жалақы мәселесін көтерді:

- 100-120 мың теңге жақсы жалақы ма? Біздің еңбекақы төлеу жүйесі мүлдем дұрыс емес: басшылық әлдеқайда көп алады, ал негізгі жұмысты істейтіндер тиын-тебен алады. Бұл тұрғыда бізде үлкен айырмашылық бар.

Ойланып тұрды да:

- Мен жалпы елдегі ахуал туралы айтып отырмын, - деп қосып қойды.

Кейінірек Орынбек Сүндетов маған браконьерлік қайықтар Доссор-Атырау трассасының бойындағы телемұнара маңындағы ескі айып тұрағына қойылғанын хабарлады. Материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 512-бабы бойынша («Қазақстан Республикасының аумақтық суларының (теңізінің) және ішкі суларының режимдерін бұзу») полицияға жолданды.

Естеріңізге салсақ, 1 сәуірден бастап Қазақстанның батысында құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының, сондай-ақ шекарашылардың қатысуымен дәстүрлі «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізіліп келеді. Ол 31 мамырға дейін жалғасады.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

27 мамыр 2021, 16:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.